12.07.2016, 14:09
Қараулар: 356
«Кінәлі жан кім екен?..»

«Кінәлі жан кім екен?..»

Соңғы кездерде аудандық «Орда жұлдызы» газетінің беттерінде  аудан әкімшілігінің ұйымдастырылуымен атқарылып жатырған жұмыстарға дәлелсіз сын мақалалардың шығуы орын алып отыр. Әрине, жұмыстар атқару  барысында кемшіліктер мен қателіктердің орын алу жағдайлары болуы мүмкін, оларды дер кезінде жариялық түрінде анықтап, талқылап, соның нәтижесінде тиісті шараларды қабылдауымыз қажет, себебі сол қателіктерді түзетіп жоюдың арқасында қоғамымыз ілгері дамиды.

Айта кететін жағдай, әрбір әзірленген мақала мен материалдар жоғары кәсіби дайындықтың нәтижесінде жарық көруі тиіс. Олардың әзірлену барысында соларға жауапты қызметкерлер тиісті мекемелердің басшылары немесе мамандарынан қажетті мәліметтер алып тұруы қажет.

Тексерілмеген, әртүрлі алып қашпа әңгімелерден негізделген  материалдардың шығып кетуі қоғам тыныштығының сақталуына теріс әсерін береді. Соны  ешқашан ұмытпауымызға тиістіміз.

Алайда, бұндай фактілер газет бетінде орын алып отыр. Ауданымыздың хал-ахуалын қалыптастырып отыруға тиісті орган арандатушылықпен айналысып отыр ма деген ой туындайды.

Нақты айтқанда, аудандық «Орда жұлдызы» газетінің 2016 жылғы                   21 маусымдағы №25 санындағы «Кінәлі жан кім екен?..» атты мақалада көрсетілген фактілердің шындыққа жатпауы тексеріс барысында дәлелденді. Екі көп пәтерлі үйлерді салып жатырған жеке кәсіпкер Б.Жұмағұлова ол үйлерді өз қаражатына, өзінің жобасы бойынша салуда. Баспана мәселесі аудандағы өте күрделі мәселелердің бірі болғандықтан аудан әкімшілігі, сол үйлердің құрылысы аяқталған соң сатып алуға қызығушылық білдірді. Аудан әкімшілігі, өз тарапынан, салынып жатырған үйлердің маңына газ құбыры желілерін тартуға шешім қабылдап, ол жұмыстарды орындады. Маусым айында, яғни мақала жарық көрген уақытта газ құбыры ол жермен өтіп тұрды. Ал, газ құбырын үйлердің ішіне жүргізу жұмыстары, ол жеке кәсіпкердің өз міндеті. Анықтау барысында Б.Жұмағұлованың газет бетінде келтірілген мәліметтерді айтпағандығы расталды.  Аудан әкімшілігінің алдағы міндеті – үй құрылысы аяқталған соң, ҚР 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №434-V «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңының 13 бабына  сәйкес көп пәтерлі үйлерді сатып алу жөнінде конкурс өткізіп, сол үйлерді аудандық коммуналдық меншікке алып, тұрғын үйге мұқтаж адамдарға беру. Және де, тұрғындарды баспанамен қамту  жұмыстары келешекте де өз жалғасын табады.

Алдағы уақытта газет тілшілері, ҚР 1999 жылғы 23 шілдедегі №451 «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңының 21 бабындағы 2 тармағына сүйене отырып, материалдар дайындаған кезде, мәліметтерді жан-жақты тексеріп, қажет болған жағдайда, сол саланың мамандарымен хабарласып, нақтыланған және объективті мақалаларды шығаруға тиісті.

Аудан әкімшілігі. 

Редакциядан: Жазылған жайға қатысты ресми жауап беруші «Аудан әкімшілігі» деп көрсетілген соң, мәтін еш өзгеріссіз беріліп отыр.