12.07.2016, 14:53
Қараулар: 335
Әлемнің назары ауған күн

Әлемнің назары ауған күн

Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне Қазақстанның 2017 жылдың 1 қаңтарынан 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін мүше болып сайлануы – әу бастан бірлік пен достықты, ынтымақ пен бейбітшілікті ту еткен тәуелсіз елімізге әлемдік қауымдастықтың көрсеткен құрметі десек те болады. БҰҰ-на мүше 193 елдің 138-і Қазақстанның, 50-і Тайланд Корольдігінің кандидатурасын қолдады. Мұның бәрі мемлекетіміз бен Елбасы беделінің халықаралық аренада жоғары екенін көрсетеді. Әрі бұл Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық тойына тамаша тарту деп ұғынғанымыз абзал. Бір сөзбен айтқанда, ол еліміз тарихындағы айтулы оқиға, әлемнің назары бізге ауған күн. Осылайша, біз Орталық Азия мемлекеттері арасында ең бірінші болып, үлкен мәртебені иеленіп отырмыз. Мұның өзі дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мақсат еткен мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясатының гүлденіп, дами түсуіне оң ықпал етері хақ.

Серік ТАҢАТОВ,

аудандық ардагерлер  

кеңесінің төрағасы.

 

Құрмет пен сенім

Қазақстан Республикасы егемендік алғаннан кейін дербес мемлекет ретінде халықаралық қауымдастықтың ең жоғары сатысы болып саналатын Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болғанда қандай қуандық. Енді, міне, БҰҰ-дағы екі жүзге жуық мемлекеттердің ішінен Орталық Азия  мемлекеттерінің арасынан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдарға мүше болып сайлануымыз қазақстандықтардың мақтаныш сезімін оятты.

Олай болмағанда ше?! БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының жұмысына қатысқан 193 мемлекеттің 138-і Қауіпсіздік Кеңестің уақытша мүшелігіне елімізді қолдап дауыс беруі Елбасының халықаралық аренадағы биік беделін көрсетпей ме?! Өйткені, Елбасының беделі – елдің беделі. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында орын алып отырған осынау оқиғаның символдық мәні және бар. Сайып келгенде, бұл қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бейбітсүйгіш сындарлы сыртқы саясатының жеңісі! Бұл – барша қазақстандықтардың жеңісі! Жеңісіміз құтты болсын, ағайын!

 

С.БАЙЗОНОВ,

зейнеткер, тарихшы.

Хан Ордасы ауылы.