19.07.2016, 18:52
Қараулар: 350
Жұмыссыздарға әлеуметтік көмек

Жұмыссыздарға әлеуметтік көмек

Міндетті әлеуметтік  сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылатын қазақстандықтар жұмыстан қысқарған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау және жұмыссыз ретінде есепке қою рәсімі жеңілдетілді. Енді бұл екі қызметті де жергілікті жұмыспен қамту орталығына жүгіне отырып, бір мезгілде алуға болады.

Бұрын жұмыссыз қалған адам әлеуметтік төлем тағайындауды рәсімдеу үшін алдымен жұмыссыз азамат ретінде тіркеліп, есепке тұруға жұмыспен қамту орталығына баратын, содан кейін ғана жұмыстан қысқарғаны бойынша әлеуметтік төлем тағайындауды рәсімдеуге ЗТМО-ға немесе ХҚКО-ға жүгінетін.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы филиалы – ЗТМО директорының орынбасары Серікхан Сабыржановтың айтуынша, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін ықпалдастыру нәтижесінде қағаз жүзіндегі құжат айналымы толығымен жойылды. «Енді өтініш қабылдау кезінде нақтылау үшін жеке куәлігі және қаржыны аудару үшін банк деректемелері ғана талап етіледі. Қалған мәліметтердің бәрін орындаушы жеке тұлғалардың мемлекеттік мәліметтер базасынан электрондық үкімет шлюзі арқылы және еңбек рыногы базасынан алады»,- дейді ол.

Жұмысын жоғалтқан қазақстандықтар әлеуметтік төлемді 4 айға дейін ала алады. Егер ол қысқарту жұмыс орнының таратылуы немесе өндіріс көлемінің азайюына байланысты болса, әлеуметтік төлем 6 айға дейін тағайындалуы мүмкін. Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін ай сайынғы әлеуметтік төлем мөлшері соңғы 24 айдағы табысының орташа айлық мөлшерін 0,3 табысты алмастыру коэффициентіне және (0,1 ден 1-ге дейін) қатысу өтілінің коэффициентіне көбейту жолымен анықталады. Мәселен, сіз ЖШС-де 7 жыл еңбек еттіңіз және 50 000-нан 90 000-ға дейін табысыңыз болды. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліңіз – 67 ай. Бұл қатысу өтілінің 1 коэффициенті, орташа айлық табыс 63 000 теңге болады. Яғни, сізге ай сайын 18900 теңге әлеуметтік төлем тиесілі.

Реті келгенде айта кетелік, жыл басынан бері есепке қоюға және әлеуметтік төлем тағайындауға барлығы 2720 жұмыссыз өтініш берді.

Р.ӘБУОВ,

халыққа қызмет көрсету

орталығының аудандық

бөлімі басшысы.