26.07.2016, 14:59
Қараулар: 544
Жұбы жарасқан жұлдыздар Хан ордасы көрермендерімен жүздесті

Жұбы жарасқан жұлдыздар Хан ордасы көрермендерімен жүздесті

Ел сүйеді Төлеген мен Жібекті,

Елжіреген екі бірдей жүректі.

Меруерт – Жібек, Құман бүгін Төлеген,

Бізді бүгін қуанышқа бөлеген.

Қол ұстасып шықты ұзақ сапарға,

Орын алып өмір деген кемеден, –

деп, Қазақстанның халық әртісі Әнуар Молдабеков жырлағандай, «Қыз Жібек» киносы арқылы танымал болып, өмірде де, өнерде де қол ұстасып қатар келе жатқан Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешева  араға сегіз жыл салып, тағы да Бөкей ордасына табан тіреді.  Елімізге танымал тұлғаларды облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов бастап келді.  Осы делегация құрамында облыстық жастар шығармашылығы орталығы қызметкері Сымбат Қапезова да  болды.

Қазақтың Қыз Жібегі – сұлулық пен іңкәрліктің, адалдық пен парасаттылықтың нышаны… Бұл сөздер Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек» фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Меруерт Өтекешеваға  арнап айтылғандай. 1970 жылы «Қыз Жібек» фильмі экранға шыққан соң, Қыз Жібек пен Төлеген – пәк махаббат пен шынайы сезімнің көрінісіне айналды. Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешева  десек, ойымызға қазақтың риясыз махаббат символына айналған Төлеген мен Қыз Жібектің бейнесі оралатыны рас. Олар қазақ киноөнерінің класикасы – «Қыз Жібек» фильмінде қос ғашықтарды сәтті сомдап, бір-біріне серік болуды мұрат еткен жандар.

Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің ұйымдастыруымен, осы кешен қызметкері Л.Тайырованың сценарийі бойынша Хан ордасы ауылдық мәдениет үйінде Қазақстанның халық әртісі Құман Тастанбеков пен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Меруерт Өтекешевамен «Мәңгілік махаббат жыры» тақырыбында кездесу кеші өтті. Ол аудан әкімінің орынбасары  Рүстем Зұлқашевтің «Қош келдіңіздер, құрметті меймандар!» деген тілек айтуымен басталды.

Азаматымен тағдырларын тоғыстырған кино туралы айтқан Меруерт апамыз: «Мектеп бітірмей жатып, сол кездегі қазақ киносы мен театр өнерінің жарық жұлдыздары Сұлтан Қожықов, Фарида Шәріпова, Әнуар Молдабеков, Асанәлі Әшімов, т.б. қайталанбас тұлғалармен бірге өнер көрсетуім – менің ғажап бақытым болды» деп тебірене еске алды. Кинодағы Төлеген образын сәтті сомдап, халық жүрегінде сол бейнемен жатталып қалған Құман Тастанбеков көрермендерге арнап, «Анашым» әнін шырқады. Кеш жүргізушісі Лаура Тайырдың: «Құман ағай, «Жанарыңда сенің, жатыр екен менің тағдырым» деп, сүйікті жарыңызға асқақтата салған әніңізді рұқсат болса, тыңдағымыз келеді?» деген сауалына орай ол әнді де тамылжыта орындап берді.

Өздерін әлемге әйгілі еткен кинодан бөлек, 40 жылдан  астам уақыт М.Әуезов театрының сахнасында сан алуан бейнелер сомдап, өнер құдіретімен күллі қазақтың абыройын тасытып, мерейін үстем етіп жүрген өнегелі тағдыр иелерінің емен-жарқын отырып, шерткен сырларына көрермен ерекше ризашылықтарын білдірді.

Кеш соңында облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Атауұлы мен аудан әкімінің орынбасары Рүстем Мүлкайұлы құрметті меймандарға алғыстарын айта отырып, Бөкей орда ауданы жұртшылығы атынан Құман ағаға  шапан жапса, жерлесіміз Меруерт апаға шәлі орамал сыйлады. Кешті тамашалауға келген көпшіліктің сұрауымен дәулескер күйші Дәулеткерей Атауұлы да қос ішектен тамаша күйлер төгілтті.

Екінші күні қонақтар Бөкей ордасы тарихи-музей кешенін аралап, музей экспозициясымен танысты. Жәңгір, Дәулеткерей, Мұхаммед-Салық кесенелерінде болып, рухтарына тағзым етті.

Л.ЕДІЛБАЕВА,

                                                                                     Бөкей ордасы тарихи-музей кешені әдіскері.