26.07.2016, 16:41
Қараулар: 262
«Ұлы дала, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы, Мәңгілік Ел –Тәуелсіз Қазақстан!»

«Ұлы дала, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы, Мәңгілік Ел –Тәуелсіз Қазақстан!»

Шілденің жиырмасы күні «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ұйымдастыруымен орталық кітапханада осы аталмыш тақырыпта ақ ұрпақ өкілдерімен кездесу оздырылды. Оған ауданның Құрметті азаматы Чарльз Қойшыбаев, Ленин орденінің иегері Зейнеп Әбдірахманова, қоғамдық  ұйым өкілдері және  жастар қатысты.

Бірінші болып сөз алған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков халықтар бірлігі мен ынтымағы бүгінгі білімді жастар қолында екеніне тоқтала келіп, жалпы, елдік мәселеге атүсті қарамауға шақырды. Сонымен қатар, өзге діннің шырмауында адасқандардың бейбітшілігіміздің шырқын бұзып отырғанына үлкен мән беріп, мұндай келеңсіздіктің қауіптілігін де сөз етті.

Егемендікке қол жеткізген сәттен өз елін жарқын болашаққа бастап келе жатқан Елбасымыз Н.Назарбаев сынды Ұлт Көшбасшысы бар Қазақ елі – аз уақыт ішінде  толағай табыстарға қол жеткізгені баршаға аян. Бүгінгі біздің басты мақсатымыз – экономикасы дамыған, бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарынан көріну. Яғни, «Мәңгілік Қазақстан» жобасы осы мақсатқа жетелейтін даңғыл жол.

Өз кезегінде Сайқындық зейнеткер Чарльз Хамитұлы тарихтың тамырын тарқатып, тіл мәселесі бүгінгі қоғамда  бәсең естілетінін, кейбір өрендеріміздің теріс ағым жетегінде кетіп,  сан қилы жантүршігерлік  әрекеттердің орын алуына себепші болып отырғанын, ананың өз сәбиінен безу қасіретін алға тартты. Бұл кеселмен көп болып күресу керектігін тілге тиек етті. Жағымсыз істердің тамырына балта шабу үшін ел иманды, білімді ұрпақпен толығуы қажет деген аталық тұжырымын да жеткізді. Аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Айнагүл Батырханова балғын кітапқұмарларға «Мәңгілік ел» бағдарламасын қалай ұғынықты түсіндіру жайын ортаға салса, аудандық педагогикалық-психологиялық түзеу кабинетінің қызметкері Эльвира Қайсағали жалпы мемлекеттік бағдарламалардың алар орны мен замандастарының қоғамдағы рөлі, бүгіні мен ертеңіне деген өзінің көзқарасы тұрғысынан  оң баға беріп, толғандырған мәселенің аражігін ажырата ой өрбітті. Өзгелер де «Мәңгілік Қазақстан» жобасы – ел тарихының кемел келбеті екендігі турасында өз пікірлерін ортаға салды.

Г.ҚАДЫРОВА.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар