16.08.2016, 15:43
Қараулар: 289
Ғайбат пен сүннет

Ғайбат пен сүннет

ҒАЙБАТ. Біреудің сыртынан басқа біреуге оның бойындағы кемшіліктерді айтуды шариғатта «ғайбат» дейді. Өзі жоқ кісі туралы: «пәленше бүйітті, түгенше сөйтті» деп жағымсыз сөздермен еске алу да ғайбат болып есептеледі. Құранда: «Бір-бірлеріңді ғайбаттамандар. Араларыңдағы біреу бауырының өлі етін жегенді ұната ма? Әне, бұдан жиіркеніңдер. Олай болса, Алладан қорқындар»… деу арқылы оның қаншалықты жиіркенішті күнә екені айтылған. Кеш батып, ымырт үйірілген шақта Пайғамбарымыз алдына келгендерге ауыздарын ашуға рұқсат беріп отырды. Осы кезде бір кісі келіп: «Уа, Алланың елшісі! Екі жас қыз ораза ұстап, қатты шаршады. Сіздің алдыңызға келуге ұялатын секілді. Қарсы болмасаңыз, оразаларын ашсын» деген кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) рұқсат бермей қояды. Әлгі кісі екінші рет келіп: «О, Алланың елшісі, шыдамдары таусылып, аштықтан бұратылып тұр» дейді. Пайғамбарымыз оларды әкелгізіп біреуісіне: «Кәне, лоқсы» деді. Ол қан аралас ірің лоқсиды. Тіпті ыдыс толып кетті. Екіншісі де дәл солай. Осыдан кейін Пайғамбарымыз «Бұлар халал жолмен ораза ұстады. Бірақ адамдардың етін жеу арқылы харам жеді» деген-ді. Мінеки, Пайғамбарымыз ғайбаттың адам етін жеумен бірдей жиіркенішті екенін үмбетіне осылайша үйретті. Әлгі екі қыз ораза ұстауын ұстаған, бірақ бір күн бойы өзгелердің сыртынан жағымсыз сөздер айтып жүрген екен.

 

СҮННЕТ сөзі (арабша суннат) – Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөзі, әрекеті және тақриры (шешімі) деген сөз. Құранда Хазіреті Пайғамбарға (с.ғ.с.) бойұсыну бұйырылады. Сүннет – парыз бен уәжіптен бөлек, Пайғамбар (с.ғ.с.) жасаған және жасауды насихат еткен іс-әрекеттері. Шейхул-Ислам Ибн Тәймия айтады: «Сүннет – бұл пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сенімі (ақида), сөзі мен ісі». Сүннет құрылымы тұрғысынан үшке бөлінеді: а) ауызша сүннет; ә) іс-әрекеттік сүннет; б) тақрири сүннет. Ауызша сүннет – Хазіреті Пайғамбардың (с.ғ.с.) сөздері, ол «хадис» деп аталады. Іс-әрекеттік сүннет Хазіреті Пайғамбардың (с.ғ.с.) орындаған іс-әрекеттерін білдіреді. Ал тақрири сүннет Хазіреті Пайғамбардың (с.ғ.с.) көрген ісі төңірегінде үндеместен, оны мақұлдағанын көрсетеді. Хазіреті Пайғамбарлық (с.ғ.с.) көрген ісіне қарсы шықпауы сол істі істеуге болады деген сөз.