Ұстаздарға жүктелер жүк ауыр

Күні , 52 рет оқылды

р-011-1Сөз басы

Аудандық Мәдениет үйінде білім беру жүйесі қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз педагогикалық кеңесі оздырылды. Салтанатты жиын білім беру ұйымдары шәкірттерінің жетістіктері мен шеберлігінен хабар беретін «Жетістіктер галереясы» көрмесін тамашалаумен басталды. Мектеп оқушыларының қиялынан туындаған бұл бұйымдар көптің көңіліне жылы әсер қалдырды.

«Білімді ел – Мәңгі ел»

Биылғы «Білімді ел – Мәңгі ел» тақырыбындағы тамыз кеңесі жұмысына аудан әкімі Н.С.Рахымжанов, облыстық білім басқармасының өкілі, облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің математика және физика пәндері бойынша әдіскері З.Ш.Шайханова, аудан әкімінің орынбасары Л.Т.Қайырғалиева, мәслихат хатшысы Е.Қ.Таңатов және мекеме, ұйым жетекшілері, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрайымдары, білім беру ісінің ардагерлері, жас мамандар мен осы сала қызметкерлері қатысты. Пленарлық мәжілісті ашып, әріптестерін құттықтаған білім беру бөлімінің басшысы Ержан Иманбаев тамыз кеңесіне әзірленген баяндаманың нұсқасы аудандық «Орда жұлдызы» газетінің 16 тамыздағы санында жарияланып, дайындалған слайд барлық мектептерге күнілгері жіберілгендіктен бірден жарыссөзге көшуді ұсынды. Алдымен кеңеске қатысушыларды құттықтаған Нұрлан Сағынтайұлы аудан қаржысының 60 пайызы білім саласына жұмсалатынын тілге тиек ете келе, биылдан бастап даярлық тобы мен 1-ші сыныптықтар оқудың жаңа стандарты, яғни, 5 күндік білім жүйесіне көшетінін айтты.
  • Ертеңгі күннің еншісі – бүгінгі ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне төгілген тердің өлшемімен таразыланатын болса, соңғы жылдардағы ҰБТ қорытындысының төмендеуі ойландыратын мәселе. Әсіресе, Жәңгір хан, М.Бегалиева, А.Құсайынов атындағы орта мектептер көрсеткіштерінің жыл санап төмендеуі, Жәңгір хан, М-С.Бабажанов, Б.Жәнекешев атындағы орта мектеп түлектерінің кем дегенде біреуінің «қанағаттанарлықсыз» баға алуы, мәметовалық бітірушілердің өз таңдау пәндерінен төмен балл жинауы, соның салдарынан мемлекеттік грант бойынша білім алушылар санының азаюы, педагогтердің үлгерімі төмен оқушылармен жұмыстарының жеткіліксіздігі мектептердегі «талдау-жоспарлау-жұмыстану-бақылау» жүйесінің дұрыс жолға қойылмағандығы,-деп сөзін жалғаған аудан басшысы осы жайлардың барлығы Елбасымыздың дамыған мемлекет болу үшін ең алдымен білімді, сауатты елге айналуымыз керек деген қағидасына кері әсерін тигізіп отырғандығын тілге тиек етіп, сыннан қорытынды шығару қажеттігіне тоқталды. Ендеше, биылғы оқу жылында ұстаздарға артылар жүк салмақты.
Мінбеге көтерілген облыстық білім басқармасының өкілі Зайраш Шанайқызы оқулықтарды жүйелеу, алдағы енгізілетін жаңалықтар хақында кеңінен баяндап, оларды іске асыру үшін ұйымдастырылып жатқан курстардан бүгінгі таңда 5000-нан астам мұғалім өткендігін жеткізді. Жарыссөзге Ш.Жексенбаев атындағы орта мектеп-балабақшасының директоры Ардақ Әлиева, Саралжын ауылдық округінің әкімі Нүркен Сабыров, аудандық балалар саз мектебінің директоры Қуаныш Дүйсекешев қатысып, жас мамандар атынан сөз алған М.Өтемісов атындағы БҚМУ түлегі, биология пәні мұғалімі, Қ.Сағырбаев атындағы орта мектеп-балабақшасына жолданған Ақерке Маратова ұстаздарының үкілеген үмітінен шығып, бар күш-жігерін еліміздің ертеңін қалайтын шәкірттерімізді сапалы біліммен қаруландыруға жұмсайтынына сендірді.

Жас толқын…

Биыл ауданымызға М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінен үш, Ж.Досмұхамедов атындағы Орал педагогикалық колледжінен екі жас келіпті. Олар: математик Темірханова Жұмагүл Төлегенқызы Ш.Жексенбаев атындағы орта мектеп-балабақшасына, биолог Маратова Ақерке Маратқызы Қ.Сағырбаев атындағы орта мектеп-балабақшасына, биолог-географ Есенова Ақбала Мұратбекқызы Т.Масин атындағы орта мектепке және колледж түлектері Орынғали Аслан Құрманғалиұлы (информатик) мен қызыл диплом иегері Калакушева Алтынай Сатыбалдықызы (мектепке дейін ұйым тәрбиешісі) М.Бегалиева атындағы орта мектепке жолданды. Жас толқынның жаңашылдықпен танылуына біз де тілектеспіз.

Ұлықталған ұстаздар

Озаттарды марапаттау рәсімінде құрметті мейман Зайраш Шайханова жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген Жахатов Руслан Каспиұлы мен Таңатов Нұрлыбек Серікұлына (екеуі де М-С.Бабажанов атындағы орта мектептен), Ғұмарова Айгүл Әбуханқызына (М.Мәметова), Қазенова Айзада Тұрарбекқызына (А.Құсайынов) облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасын ұсынды. Осы күні Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің ең жоғары кәсіби наградасы – Ыбырай Алтынсарин атындағы медалі де өз иесін тапты. Нақтырақ айтсақ, аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов ұзақ жылғы еңбегі арқасында бұл жоғары награданы Жәңгір хан атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Денгизбаев Рафаэль Идрисұлына өз қолымен салтанатты түрде табыстады. Сонымен қатар аудан басшысы республика, облыс көлемінде білімдарлығын байқатып, түрлі байқауларда жүлдегерлер сапынан көрінген жәңгірхандық қос ұстаз Рита мен Гүлмира Алмурзиналарды, бабажановтық Руслан Жахатовты және ұзақ жыл білім саласында абыройлы қызмет еткен Нарболова Найлягүл Камалқызын Алғыс хатпен марапаттады. Өз кезегінде аудандық білім бөлімінің басшысы Ержан Иманбаев та бір топ әріптестеріне Мадақтама қағазын ұсынып, түрлі номинацияларда үздік деп танылған ұжымдарды атады.

Мерейі үстем ұжымдар

Қ.Сағырбаев атындағы орта мектеп-балабақшасы «Білім сапасын арттыруда көшбасшылық танытқан мектеп», Т.Масин атындағы орта мектеп жанындағы шағын орталық «Мектепке дейінгі білім мен тәрбие берудегі шығармашыл ұйым», аудандық балалар саз мектебі «Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде ең үздік қосымша білім беру ұйымы», «Арай» туристік-сауықтыру лагері «Оқушылардың жазғы демалысын жақсы ұйымдастырушы» аталымдарын иеленді.

Секциялық отырыс

Секциялық отырысты қорытындылаған әдістемелік кабинет меңгерушісі Зинур Мұхтардың хабарламасынан М-С.Бабажанов атындағы орта мектеп базасында оздырылған отырыста да «Жетістіктер галереясы» көрмесі ұйымдастырылғанын білдік. 12 бағытта жүргізілген жұмыстарда педагогтер өз тәжірибелерімен бөлісіп, жаңашыл әдістермен, технологиялармен танысқан. Жалпы, онда 82 тақырыпта мәселе талқыланыпты. Әрі үздік жұмыстарды аудан, облыс көлемінде тарату турасында ұсыныстар берілген.

Түйін

Кеңес  соңында  ұсынба  қабылданып,  қатысушылар «Ер Төстік» ясли-бақшасы тәрбиеленушілері мен саз мектебінің шәкірттері тарту еткен мерекелік концертті тамашалады. Осы ретте айта кетелік, кеңес барысында аудан орталығындағы қос білім ұясының ең кішкентай оқушылары ұстаздарға арнаған тақпақтарын үш тілде нақышына келтіре оқып, бал қылықтарымен көпті сүйсінтті. Қысқасы, биылғы тамыз мәслихаты осылайша түйінделді.

Раушан БАҚЫТОВА.

Суреттерді түсірген Д.ЖАСҚАЙРАТҰЛЫ.


Пікір қалдыру


БҚО, Бөкей ордасы ауданы, Сайқын селосы, Ғ.Әзербаев көшесі, 10/1 үй
[email protected]

"Орда жұлдызы" газетінің
бас редакторы: 8 (71140) 21 5 30
Жауапты хатшы, тілшілер: 8 (71140) 21 8 42
Есіп және жарнама бөлімі: 8 (71140) 40 0 64