31.08.2016, 18:14
Қараулар: 418
Өңір басшысының алғашқы сапары жерлестерімізге жылы әсер қалдырды

Өңір басшысының алғашқы сапары жерлестерімізге жылы әсер қалдырды

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Батыс Қазақстан облысы әкімі қызметіне отырғаннан кейінгі Бөкей ордасы ауданына алғашқы сапарында А.С.Көлгінов алдымен жаңақалалықтармен іргелес орналасқан Ұялы ауылына аялдап, мұндағы күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан Ш.Жексенбаев атындағы орта мектептің жәй-күйімен танысты. Бұған ҚПО б.в. компаниясы әлеуметтік жоба аясында 142,1 млн. теңге бөлген. Мердігер – «Раза строй» ЖШС-і.  Құрылысшыларға жаңа оқу жылына дейін негізгі жұмыстарды аяқтауға нақты тапсырма берді. Өйткені, маусымда басталған жөндеу өте баяу жүріп жатқаны байқалды. Одан әрі Т.Масин ауылдық округіне қарасты Н.Тәжімұратов жетекшілік ететін «Нарын» шаруа қожалығында болып, осында жиналған бір топ бөрлілік азаматтармен әңгіме-дүкен құрды. Олар Бөрліге «көгілдір отын», ауыз су құбыры әлі күнге тартылмағанын, электр желілері де әбден тозғанын тілге тиек етті. Осы ретте электрондық база арқылы алынатын түрлі құжаттарға уақтылы қолжеткізу үшін Интернет желісінің қажеттігі де қозғалды. Өңір басшысы аудан әкімі Нұрлан Рахымжановқа келер жылы ауданның бас жоспарына ауыз су мәселесін енгізуді тапсырып, жобалық-сметалық құжатқа тиісті қаражатты бөлдіруді өз бақылауында ұстайтындығын айтты.

Кештетіп құрметті меймандар ат басын тарихи мекен Хан Ордасы ауылына тіреді. Ертесіне киелі де қасиетті өлкеміздің әсем табиғатын аралап, Орда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің жұмысын көрді және биыл ғана қонақүй жанына отырғызылған 5 мың түп қарағай көшеттері қасына Алтай Көлгінов пен мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар өз қолдарымен тал отырғызды. Бөкей ордасы тарихи-музей кешеніне келіп, мұндағы жәдігерлерді қызыға тамашалады. Әрі облыс басшысы бұл жерді болашақта тарихи-мәдени қорыққа айналдыру жөніндегі жоспармен, туризмді дамыту бағытындағы бүгінгі және алдағы істердің барысымен танысып, ұжымның жұмысына оң бағасын берді. Сондай-ақ, Алтай Сейдірұлы негізгі мәселелерді бірлесе шешу жолдарын талқылау үшін музей директоры Ғ.Махимовты өзінің қабылдауына шақырды.

Құрметті меймандар жеке кәсіпкер Архат Сәлімовтің стоматология кабинеті мен оған іргелес орналасқан Гүлнәр Шәріпованың дәріханасын аралады. Кейін аудан орталығы – Сайқын ауылына бағыт түзеген кезде олар хан зиратына аялдап, ұлылар рухына тағзым етті.

Аудан орталығындағы «Күйшілер аллеясы» саябағында ауыл тұрғындарымен кездескен облыс әкімі алғашқы кезекте қариялардың хал-жағдайларын сұрап, ел тірлігі жайлы әңгімеге тартты. Алдымен сөз бастаған Ноқаш аға Қадымов Бөкей жеріне осымен бесінші рет аяқ басып тұрған Алтай Сейдірұлын облыс әкімі орынтағына отыруымен құттықтап, қасиетті мекенге қош келдіңіз айтты. Өткен ғасырдың басында салынған Еділ бойы (Приволжье)  теміржолы торабында орналасқан Сайқын бекетіне күнінде бірнеше жолаушылар пойызы тоқтағанын, ал, қазір тәулігіне әрлі-берлі 16 жолаушы пойызы өткенімен, ешқайсысы аялдамайтынын тілге тиек етті. Әрі осы мәселені шешу жолындағы қызметіне табыс тіледі.

2014 жылы  45 млн. теңге қаржы бөлініп, аудан орталығына «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша су жеткізуге жобалық-сметалық құжаттар жасалғанымен, істің әлі қолға алынбағанына қынжылыс білдірген Әбухан аға Исалиев Жамбыл, Көктерек, Бөрлі ауылдарына су құбырын тартуға 770 млн., 11 елді мекенге көгілдір отын жеткізуге 2 млрд. 133 млн. 603 мың теңге қаражат қажет екендігін айтып, Ресеймен арадағы жол қатынасын да қозғады. Таяуда ғана «ҚР-ның құрметті жолшысы» атанған Иран аға Дәуленов өзінің үйреншікті саласы жайын әңгімелеп, іргеміздегі «Жамантау» шебінін игеру, қолға алынып жатқан Орал-Чапаев-Қазталов-Өнеге-Бисен-Сайқын күре жолынан гөрі Орал-Чапаев-Жаңақала-Сайқын жолында халықтың тығыз орналасқандығын көлденең тартып, осы тармақты да ұмыт қалдырмау жөніндегі ұсыныстарын жеткізді. Тұңғыштардың отаны саналатын өлкенің тарихына тоқталған Чарльз аға Қойшыбаев ауданымыздың ерекшелігін, әскери сынақ полигонының тигізген зардабын әңгімелеп, шекаралық әрі облыстан ең шалғай орналасқанымыздың ескерілуі қажеттігін сұрады. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Бисен Қадыров, Алматыдағы Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенті Гүлназ Құрманғазина, жастармен жұмыс жөніндегі аудандық ресурстық орталықтың басшысы Исатай Құрмашев жастардың тыныс-тіршілігінен хабардар етіп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлыққа алғыс сезімдерін білдірді.

Облыс басшысы Алтай Көлгінов қозғалған мәселелер мен қойылған сұрақтар төңірегінде ой түйіндеп, болашақта атқарылатын істермен таныстырды. Ширек ғасыр толғалы отырған Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекіте түсу жолында бірлесе қимылдауға шақырды.

* * *

  Биылғы ақпан айында сол кездегі облыс әкімі Н.А.Ноғаевтың сайқындық кәсіпкер Б.Жұмағұлованың «Хан» атты сүт өндіру цехының ашылуына қатысқаны белгілі. Облыстың жаңа әкімі А.С.Көлгінов те осы сүт өндіру цехына бас сұқты. Ресейлік «Колакс» фирмасының (Омск қаласы) инженер-технологы Владимир Соколов цех құрал-жабдықтарының жұмыс процесімен таныстырса, өз кезегінде цехтың қожайыны Бибігүл Мұқасқызы жұмыс жайын, бұл жолдағы кейбір қиыншылықтарды сөз етті.

Алтай Сейдірұлы одан кейін керамзит блок тас өндіру цехына соғып, цех басшысы Қуаныш Шәріпқалиев өндіріске қажетті құм, керамзит, цемент материалдарын Ресейден әкелетінін және бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырғанын жеткізді. Облыс әкімінің: «Өніміңді кім тұтынады? Бір тастың құны қанша?» – деген сауалына: «Өнімді үй салып жатқан жеке тұрғындар алады. Көлемі 20х40 см болатын әр тастың құны 180 теңге»,-деді кәсіпкер. Осы өндіріс ошағымен қанаттас орналасқан автокөлік жуу және мал сою қосынын көріп шыққан облыстан келген қонақтар сол жерде бір топ жергілікті кәсіпкерлермен де кездесті.  А.Көлгінов мырза аудан орталығында ағылшын тілін үйретудің ақылы курсын ашқан Ақжүніс Нұрланованың жұмысына ерекше ықылас білдірді. Әкімнің сөзіне қарағанда, Қазақстанда осындай курс тек Алматы облысының Абылай ауданында ғана бар екен. Сондай-ақ, облыс басшысы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының грантын ұтып алған ханордалық жеке кәсіпкер Назымгүл Оразгелдиеваның «Нәзік» тігін шеберханасынан шыққан оқушылардың мектеп формасы, көркемөнерпаздардың сахналық костюм үлгілерін көрді. Олардың бағасының қолжетімді екенін біліп, риза болды. Облыс басшысы аудан орталығында жаңадан бой көтеріп жатқан тұрғын үйлер құрылысымен (мердігер Жәнібек ауданындағы «Символ» ЖШС-і) танысып, жұмысшылардың еңбекақылары мен объектіні қай мезгілде бітіретіндіктерін сұрады. Әрі осындай маусымдық жұмыстарға жергілікті тұрғындарды көптеп тарту қажеттігі ескертіліп, осы құрылысқа облыстық бюджеттен 40,2 млн. теңге қаржы бөлінгендігі айтылды. Сонымен қатар жеке кәсіпкер Б.Жұмағұлова салдыртқан пәтерлерде де болды.

Әлгінде айтқан, кәсіпкерлермен кездесу барысында көптеген сұрақтар да қойылды. Мәселен, «Ахмет» шаруа қожалығы жетекшісі, ордалық Нұртай Ахметов газ трассасынан төрт шақырым қашықтықта орналасқан қыстағына «көгілдір отынды» жеткізу үшін 2014 жылы кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасына сәйкес 50х50 шартымен жобалық-сметалық құжатқа өз қалтасынан 800 мың теңге төлегенін, алайда, ол жұмыстар бүгінде тоқтап қалғанын айтты. Оған облыс басшысы: «Әрине, жағдайыңызды жақсартуға деген ұмтылысыңыз құптарлық. Өкінішке қарай, ол бағдарлама тоқтағаны рас. Енді сізге «Бизнестің жол картасы – 2020» арқылы басқа бір кәсіптің көзін ашуға кеңес беремін»,-деді. Ордалық азамат өңір басшысы айтқан бағдарламамен шұбат өндіру ісін қолға алмақ ойы барын білдірді. Осынау кездесуде өзге де ұсыныс-пікірлер ортаға салынды. Одан әрі меймандар Бөкей ордасы колледжінің жаңартылған екі қабатты жатақханасына аялдады. Колледж директоры Бағдат Лұқпанов оқу орнының жәй-күйімен таныстырып, студенттердің қандай мамандыққа дайындалатынынан хабардар етті әрі спорт зал салуға қаржылай көмек сұрады. Алтай Сейдірұлы: «Іс – сізден, қаржылай қолдау – бізден, тек құжаттарыңыз тиісті бағдарламаға сай және дұрыс болсын»,- деді.

Осылайша, бөкейордалықтардың бүгінгі таңдағы қам-қарекеттерін өз көзімен көріп, алдағы мақсат-міндеттерді саралап берген Алтай Сейдірұлы түс ауа көрші Жәнібек ауданына аттанды.

ӨЗ ТІЛШІЛЕРІМІЗДЕН.

Суреттерді түсірген Мират ҚОРЖЫНБАЕВ пен

Дастан ТАҢАТАРОВ.