2.09.2016, 10:25
Қараулар: 265
Ауыл азаматымен танылар

Ауыл азаматымен танылар

Кейде ауыл туралы мақтанып айтар болсақ, азаматының да есімі бірге жүрері хақ. Өйткені, сол ауылды көркейтіп, түлетіп, гүлдендіруге үлес қосқан, маңдай терін төгіп, бүгінде кешегі өлшеусіз еңбегінің зейнетін көріп отырған азаматтардың есімінің қосарлана айтылуы заңдылық. Бисен ауылының аты аталса, Жеңіс ағамыздың да есімі ауызға алынуы сондықтан.

Жеңіс Бисенбайұлы 1946 жылы бұрынғы Орда ауданының №88 түйе зауыты орталығы – Әжен ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысқан әкесі Бисенбай 1943 жылы ауыр жараланып, елге оралғасын сол шаруашылықта түйеші болған. Аудан ажыратылып, жұрт жан-жаққа көшкенде оның отбасы сол кездегі Фурманов ауданының «Фурманов» совхозына қоныс аударады. Жеңіс аға 1953 жылы «Никанор» ауылындағы бастауыш мектептің табалдырығын аттаса, 1957-1961 жылдары совхоз орталығындағы Талдыапан мектебінде оқиды. Ал, 1961 жылы оның отбасы «Бисен» совхозына көшіп келеді. Ол кезде мұнда орта мектеп  болмағандықтан, 1961-1963 жылдары Орда селосындағы М.Горький атындағы орта мектепте білім алады. Кейін Алматы қаласындағы зоотехникалық-ветеринариялық институтты бітіріп, Отан алдындағы әскери міндетін өтеп оралған соң «Бисен» совхозының №3 бөлімшесіне зоотехник болып орналасады. 1971-1983 жылдары шаруашылықтың бас зоотехнигі, 1983-1991 жылдары партия комитетінің хатшысы, 1991 жылдың қыркүйек айынан бастап 1996 жылдың маусымына дейін совхоз директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. Кеңшар тарағаннан кейін ағайын-туыстарымен бірігіп, «Апақай» елді мекенінде «Өркен» шаруа қожалығын құрды. 2009 жылдың 16 маусымында зейнетке шықты. Зайыбы Сәуле апай екеуі 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді. Өмір өкінішсіз бола ма?! Тұңғыш ұлы Қобылан өмірден ерте кетіп, әке жүрегін қақ айырса да, ауыр қайғыға сынбай, бар ынта-жігерін, зейінін жұмысқа арнады. Қалған ұрпақтары ауыл мен қалада абыройлы еңбек етіп жүр. Аудандық кеңестің, аудандық мәслихаттың депутаты болған ел ағасы бүгінде Орал қаласында кенже ұлы Асыланның қолында тұрады. Ол ауық-ауық елге қарай ат ізін салып, ауылдың тыныс-тіршілігіне араласып жүреді. Жасы жетпіске келсе де, еңсесі биік, жүрісі ширақ, жүзі мейірімді. Жеңіс аға бүгінде адал жар, қадірлі әке, сүйікті ата. Қазақ Азамат деп осындай елге еңбегі сіңген жандарды айтса керек. Жасай беріңіз, жақсы  аға дейміз біз де.

Екатерина ЖОЛДЫҒАЛИҚЫЗЫ.

Бисен ауылы.