6.09.2016, 15:15
Қараулар: 282
Али мен Айгүл

Али мен Айгүл

Отбасы сыйластығы көбіне әйел адамға байланысты екені шындық. Шаңырағын шаттыққа бөлеп отыратын аналар бақытты болудың қарапайым тәсілін тапқан жандар іспетті көрінеді. Ұл-қыз өсіріп, отағасының қас-қабағына қарай жүріп, бар істі тап-тұйнақтай тындыратынына не дерсің?! Ең бастысы, олардың арасындағы татулық, жайлы тұрмыс сырт көзге анық байқалады. Осындай отанасының бірі – сайқындық Айгүл Омарова. Ол Сайқын ауылында ғұмыр кешкен елге сыйлы ұстаз Идият Омаровтың маңдайынан самал сүйген бір тал гүлі-тұғын. Физика, математика пәндерінің мұғалімі болған оның бейнесі Айгүлдің жүрегінде ерекше әкелік махаббатымен қалды. Дауыс көтеріп сөйлеп көрмеген асыл жан жандүниенің кілтін аша білетін нағыз психолог болатын.

Айгүлде өмірімді өзге ұлт өкілімен бірге өткіземін деген ой мүлдем болған емес. Али екеуі кездескен кезде ол не бары он тоғыз жастағы әдемі бойжеткен еді. Бұрын шешен халқының ер адамдарының түрлері сұсты көрініп, қорқыныш сезімін ұялататын. Сол себепті де осы ұлттың азаматымен болашағымды жалғаймын деп ойламаған. Неге екенін қайдам, дайындау кеңсесінде істеп жүріп Алимен танысқанда, оның жылы жүзі, мейірімді көзқарасы бірден ұнапты. Жүректері ұғысқан олар  екі жыл жүріп, отбасын құруға шешім жасайды.

Ана қашанда балапанының бақытты болғанын қалайды емес пе?! Жалғызының шешен жігітіне тұрмысқа шығатынын естігенде анасының бойын қызғаныш сезімі кернеп, қарсылық білдірген. Ештеңе тыңдағысы келмеген. Алайда, әр нәрсені байыптай білетін әкесі жастардың шешімдеріне қарсы болмаған. «Ол да біреудің баласы ғой» деп әкелік мейіріммен екеуін қатар отырғызып қойып: «Отбасын құру ойыншық емес. Өмір бойы бірге тұратын болыңдар!»-деп, бар ақылын айтып, батиқасын берген. Қайын атасының қой союды қалай үйреткенін күйеу баласы бүгінде сағынышпен еске алады. «Қолымнан келгенше көмектесемін» деген ол арманына жете алмады. Науқастанып жүріп, келместің кемесіне мініп кетті. «Баталы ұл арымас» дегендей, сол әке батасының әсері болар, бүгінде шаңырағында берекесі артқан Хадисовтар отбасы көпке үлгі. Бір көргеннен-ақ бірін-бірі ұнатқан жастар осылай әке өсиетіне дақ түсірмей келеді.

Али отбасының кенжесі. Ата-анасы ертерек қайтыс болып кеткен. Сол себепті Хасан, Ломали, Баяли сынды ағалары оны өздерімен бірге ілестіріп, қамқорлап жүрген. Осы өңірге жұмыс істеуге келгенде оны да қастарынан қалдырмай ерте келіпті. Алидің әскер қатарынан келіп жатқан жап-жас әрі сымбатты кезі. Тағдыр осынау қазақтың қаракөз аруына кезіктіріп, оған осы жерде қалуды бұйырыпты.

Грозныйға қыдырып барғанда Алидің туыстары оларды құрақ ұшып қарсы алады. Алғаш рет Шешенстанға табаны тигенде Айгүлді таулы аймақтың көкорайға тұнып тұрған табиғаты тәнті еткен. Ауасы да керемет жер екен. Туыстары тұратын ауылда воранда руының адамдары көбірек шоғырланған. Барған сапарларында тау етегінде кәуап пісіріп, тамаша демалыс ұйымдастырған. Қазір ол курорттық жер саналып, демалушылар легі еш толастамайтын көрінеді.

Айта кетелік, ол халықтың салт-дәстүрінде қазақтарға ұқсайтын тұстары аз емес. Мәселен, бір адам бөлмеде отырғанда үстінен үлкен адам келсе, қашан ол кісі жайғасқанша кішілері орнынан тұрып ізет көрсетеді. Сол қайын жұртына алғаш барғанда бір кейуана бұрын Сайқында болғанын айтып, кейбір ауылдастарын сұрағаны бар. Қонақжай пейілмен қарсы алып, хал-жағдай біліскен шешендерге сол сапарында іші жылып оралды.

Айгүлдің мамандығы – экономист. Қазір жұмыссыз. Отағасының ермегі машина. Техникаға қызығушылығы бөлек. Сөйтіп жүріп көлігімен отбасын да көштен қалдырмай асырайды. Төңірегіне сыйлы. Қарапайым жарасты тірлік иелері татулық тінін үзбей келеді. Ата-аналарының көзінің ағы мен қарасы – екі қыз, бір ұл мектепті жақсы тамамдап, грантпен оқуға түсіп, оны да жақсы аяқтаған. Әдемі келбетінен адамға жылылық сыйлап тұратын Айгүл  сабырлы жан. Отағасы Али де оның осы жайлы мінезін ұнатады екен. Шаңырағын тап-таза ұстап, үй ішін гүлге көмкерген ол қазақтың тағам түрлерімен қоса, шешен ұлтының да дәмдерін шебер дайындайтынын білдік.

Гүлнар ҚАДЫРОВА.