4.10.2016, 10:17
Қараулар: 316
Ұлағатың үшін – ұлы тағзым!

Ұлағатың үшін – ұлы тағзым!

Білімге жол ашқан, бар өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаздық қызметтің мәртебесі қашанда биік. Қанша айтсақ та, осынау бай мінез иесінің сабырлылығын, салиқалылығын сөзбен айтып тауысу мүмкін емес.

Б.Жәнекешев атындағы білім ұясында да дара тұлғасымен, шәкірт жүрегін баурап алған, жанға жайлы жайсаңдығымен ерекшеленетін ұстаздар көптеп саналады. Солардың бірі де, бірегейі – Сахипова Мәншүк Сапиоллақызы. «Ұстаз болу – өзінің уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» дегендей, келісті ғұмырының жартысын ағарту саласына арнаған абзал жанның еңбек жолына биыл 32 жыл. Білім мен тәлімді қатар дарыта отырып, ортаймас байлық сыйлаған апайымызды баршамыз құрмет тұтып, сол кісіге қарап бой түзейміз.

«Шәкіртінің озғаны – еңбегінің жанғаны» дер болсақ, білім дәнін сеуіп, зердеміздің пердесін ашып, қабілет-қарымымызды қайраған аяулы ұстаз еңбегі өз нәтижесін де көрсетуде. Мәншүк апайдың тәй-тәй бастырып, қанатын қатайтқан балапандары бүгінде биік шыңдарды бағындырып, білдей бір-бір мамандық иелері атанып отыр. Ақ-қараны танытып, бір ананың балаларындай тәрбиелеген өрендерінің кейбірі қазір өзінің әріптесіне айналып, қызметтес болып жүргенде қалайша мақтанып, марқаймасын?! Әрі Мәншүк Сапиоллақызы облыстық, аудандық деңгейде марапатталып, ұжым беделін де асқақтатып келеді. Сонымен қатар ол шаңырағында аяулы ана, үлгілі әже. Адамгершілік қасиетімен қоса, ұлағатты ұстаз бойына адалдығы мен әділдігі, мейірімділігі мен дархандығы қатар өрілген өнегелі жан.

Ұстаз, ұстаз…

Осы сөзде сан мың жатыр жылылық,

Ұстаздық бұл үлгі тұтар ұлылық.

Ахметтер, Ыбырайлар жол салған,

Арналады ұстазыма жыр үміт, – деп балаң пейілмен алғысымызды жеткізіп, төл мерекемен шын жүректен құттықтаймыз. Талай жылғы қажырлы еңбегіңіздің жемісін алдыңыздан тәлім алған жас толқын еселей қайтарсын деген ізгі тілегіміз және бар.

Айсәуле БЕРІКҚЫЗЫ.