4.10.2016, 11:36
Қараулар: 274
«Ханшайым» дәмханасы

«Ханшайым» дәмханасы

Шағын және орта бизнесті дамыту бүгінде еліміздегі басым бағыттардың бірі. Осы мақсатта жүзеге асырылып жатқан «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында ауылдастарымыздың бірқатары несиеге қол жеткізіп, бизнеске бет бұрып жатса, енді бір тобы жеке кәсіптерін өз қаражаттарымен бастауда. Бұл орайда кәсіпкерлерді ұдайы оңтайлы бағдарламалардың игілігін көруге шақырып, жан-жақты түсінік беріп жүрген кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалы қызметкерлерінің де еңбектері атауға әбден лайық.

Жоғарыда көрсетілген бағдарлама негізінде несие алған Талғат Хайрошевтің отбасы өткен сәрсенбі күні «Ханшайым» атты дәмханасының ашылу салтанатын жасады. Онда сөз алған аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева кәсіпкерлерге табыстарың тасқындай берсін деген ізгі тілегін жеткізсе, өз кезегінде Хайрошевтер шаңырағының құдасы (дәмхана аспазы Әселдің әкесі) Ғайса ата мен оның ұлы Қайрат Насимоллиндер құдаларының қуаныштарына ортақтасып, жиылған жұртшылыққа алғыстарын жаудырды. Есікке керілген лентаны қию құрметі Лариса Тельманқызы мен кәсіпкерлердің көршісі Зәуреш әже Әшеноваға ұсынылды. Рәсімнен соң ішке енген көпшілік құтты болсын айтысып, жайылған дастархандағы дәмнен ауыз тиді.

Г.БАДЕЛОВА.