12.10.2016, 18:25
Қараулар: 422
Бизнесті дамытудың 10 қадамы

Бизнесті дамытудың 10 қадамы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жұмыстың басты басымдықтарының бірі ретінде жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру мен жұмыспен қамту ауқымын кеңейтуді тапсырғаны мәлім. Осыған орай Қазақстан Республикасының «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы (ҰКП) кәсіпкерлікті дамытудың ұтымды он қадамын белгіледі.

 

1-қадам. Шағын несиелеу – шағын және орта бизнес үшін ең жылдам және тиімді құрал. Алайда кәсіпкерлер кепілдікті қамтамасыз ету, қажетті құжаттардың көп болуы және жобаға қолдау көрсетудің жоқтығы секілді мәселелерге кезігеді. Мысалы, кәсіпкер «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша шағын несие алу үшін 13 құжат өткізуі керек.

«Атамекен» ҰКП жүзеге асырып отырған шағын несиелеу тәсілдерінің артықшылығы кепілдік беру бойынша икемділік, кепілдікті қамтамасыз ету, кәсіпкерлерді оқытудан бастап, бизнес-жобаларды қолдау, кооперация мүмкіндіктері және тікелей сату болып табылады. Шағын несиелер 15 млн. теңгеге дейінгі сомада жылдық мөлшері 6%, салалық шектеулерсіз 5 жылға беріледі. Сондай-ақ шағын несиені алу үшін кәсіпкер бар-жоғы 5-6 құжат тапсыруға міндетті.

Бірінші қадам аясында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының шағын несиелеу тәжірибесін барлық бағдарламалар бойынша қолдану ұсынылады.

2-қадам. Кәсіпкерлікке оқыту. Қазіргі қолданыстағы бизнес негіздерін оқыту амалдары тиімді емес. «Атамекен» Үкіметтің қолдауымен әлеуметтік қысымды азайту, сондай-ақ өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту аясында Маңғыстаудағы Мұнайлы ауданында «Bastau Бизнес» және «Bastau Кәсіп» атты екі пилоттық жобаны аяқтады. «Атамекен Бизнес Академиясы» онлайн-оқыту жобасы жүзеге асырылу үстінде. Сондай-ақ, бизнес-жаттықтырушыларды дайындау үшін әдістемелік орталық құрылады.

Оқушылардың сұранысына сай, бизнес-жобаларды қолдау құралдарының болуын еліміздің барлық өңірлері бойынша кеңейту ұсынылып отыр. Палатаның барлық оқыту бағдарламасы шағын несиелеу жүйесімен байланысты.

3-қадам. Ауыл шаруашылығы кооперациясының басымдылығы. Агроөнеркәсіптік кешеннің дамуын тежеп отырған мәселелердің бірі көбінесе өндірісте кездесетін шағын тауарлар сипаты болып табылады. Аталған мәселені шешу үшін 2015 жылдың қазанында «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заң қабылданды. Сондай-ақ 10 пилотты кооператив құру бойынша ҰКП мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің (АШМ) бірлескен жоспары жүзеге асырылып жатыр. Және де Ұлттық палатада «200 ауыл шаруашылығы кооперативі» атты бағдарлама жасалып, бүгінгі таңда 7 мыңға жуық шаруа/фермерлік қожалықтар мен жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіретін 283-тен астам ауыл шаруашылығы кооперативіне қолдау білдірілді.

Оған қоса, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріккеннен кейін арзан ақшаға қолжетімділіктің болмауы сынды мәселелерге ұшырасады. Оны шешу үшін кооперативтерге біріккен  қосалқы шаруашылықтарды шағын несиемен қамту басымдылықтарын анықтау, сондай-ақ, «ҚазАгро ҰБХ» АҚ институттары арқылы жеңілдікпен несиелеудің жаңа өнімін енгізу ұсынылды.

Өнімнің белгіленген бағасын анықтау сараптамасы, тікелей сату жүйесінің жоқтығынан бағасы 20-40%-ға қымбаттап жатқандығын көрсетіп отыр. Сол себепті, желі мен ауыл шаруашылығы кооперативтері арасында  сауданы дамыту үшін үшсатылы  тәсілді пайдалану ұсынылып отыр. Біріншіден, фермерлердің кооперативтерге бірігуі. Екіншіден, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылауға жататын ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, орау, сақтау, тасымалдау және сату үшін пилоттық көтерме-тарату орталығының тұжырымдамасын жүзеге асыру. Үшіншіден, көрші мемлекеттердің ұқсас желілеріне ықпалдаса отырып, өнімдерді аймақтар арасында және сыртқа өткізу нарығына экспортқа бөлу үшін көтерме-тарату орталығының тиімді желісін қалыптастыру.

4-қадам. Жергілікті тұтынушылардың сұранысын қамту – өзекті мәселе. Бәсекеге қабілеттілікті арттыру бойынша тиісті шараларды қолдану керек. Ол үшін жергілікті қамту үлесін мемлекеттік қолдаулар көрсету мен ұзақмерзімді келісім-шарт жасау арқылы арттырған жөн. Отандық тауар түрлерін ынталандырудың маңызды механизмдерінің бірі мемлекеттік сатып алулар жүйесін орталықтандыру болып табылады.

5-қадам. Шағын және орта бизнес – экономика өсімінің негізгі күші. Бүгінде бізде мемлекеттік қолдау шарасының көпшілігі әртүрлі мемлекеттік мекемелердің тасасында қалып қоюда. Органдар арасындағы түсініспеушіліктің салдарынан біздің кәсіпкерлер зардап шегіп отыр. Сол себепті шараларды бірыңғай жүйеге топтастыру керек. Ол үшін алдымен экспортты дамытудың жаңа стратегиясын жасап шығарған жөн. Ол жерде барлығы түгелімен қамтылуы тиіс. Экспорт саласындағы бірыңғай операторға «Атамекен» ҰКП басшылық ете алады.

6-қадам. Бизнес-навигатор және бизнес-конструктор. Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы – бұл бизнес-навигаторды білдіретін электронды портал. Бизнес-навигатор мемлекеттік қолдау шаралары және кәсіпкерліктің дамуы, еліміздің барлық өңірлері бойынша жүргізілген талдаулар туралы ақпараттарды ұсынады. Сондай-ақ порталда еліміздегі кәсіпкерлердің бірыңғай реестрі орналасқан. Өңірлік карта индустриалдық және инвестициялық шешім шығарудың негізі бола алады. Қазіргі таңда өңірлік картада 105 инвестициялық жоба белгіленген. 103-тен астам мемлекеттің өкілдері қызығушылық танытып, қазірдің өзінде порталға кіріп жатыр. Сондай-ақ кәсіпкерлер болашақта инвесторларды тарту үшін, бизнес-идеяларының инвестициялық жоба деңгейіне жетпей қалу мәселелеріне кезігіп отыр. Ал кәсіпкер ұсынған инвестициялық жобалар инвесторлардың талаптарына сәйкес келе бермейді.

ҰКП «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына техникалық-экономикалық негіздемені жасау кезінде кәсіпкерлердің шығынын өтеу бойынша мемлекеттік қолдау шараларын қосу керек деп ойлайды. Сондай-ақ техникалық-экономикалық негіздемені жасау кезінде қызмет көрсету бойынша компанияларға қойылатын талаптарды бекіту керек. Аталған жағдай өңірлік карта базасында «бизнес-конструктор» негіздемесі бойынша ішкі жүйелерді құруды талап етеді. Ол нарық туралы толық ақпарат беретін маңызды құралға айналуы тиіс.

7-қадам. «Билік бизнес үшін» жобасы. Кәсіпкерлерге «Билік халық үшін» жобасының ұқсас баламасымен нақты қолдау көрсеткен жөн. «Билік бизнес үшін» жобасы кәсіпкерлер үшін жүргізілетін шаралардың ауқымын және қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Операторлық қызметті аудандық деңгейден бастап, кәсіпкерлерге қызмет көрсету бойынша жұмыс тәжірибесінде қолданылатын инфрақұрылымдарды ескере отырып, билік тарапынан үйлестіру жұмыстарын «Атамекен» палатасына бекіту ұсынылады. Билік бизнес үшін – кәсіпкерлерге кеңес беретін, бизнестің дамуы үшін ұсынылатын институттардың барлық шараларын біріктіріп, бірыңғай пішінде қызмет көрсететін жүйе. Ол жерде субсидиялаудан бастап, грант алу, сертификаттау, сауда алаңдарын белгілеу және ғылыми-зерттеу, т.б. жұмыстар жүргізіледі.

8-қадам. Еліміз бойынша бақылау-қадағалау қызметін 61 ведомство жүзеге асырып жатыр. Зерттеулер ведомстволардың әртүрлі салалар бойынша 512 бақылау қызметі бар екенін анықтады. Бақылаудың жалпы жиынтығы бойынша, бүгінде кәсіпкерлерге қатысты  18 мыңнан астам талап бар.

Мемлекеттік бақылаудың басты міндеті өнімнің (жұмысы мен қызметі) қауіпсіздігін қамтамасыз ету екендігіне ешкім шек келтірмейді. Бірақ сапа мәселесін нарықтың өзі реттеуі керек. Өйткені нарықтың басты мақсаты – іскерлік беделін сақтап қалу, тұтынушыларды тарту және тұтынушыға стратегиялық бағдар жасау. Мелекеттік органдардың бақылау-қадағалау фукцияларына ревизия жүргізу қажет. “Атамекен” ҰКП осыған орай, бірқатар ұсыныс жасады.

9-қадам. Жалған кәсіпкерлікті әшкерелеп, адал кәсіпкерлердің құқығын қорғау. Жаңа Қылмыстық кодексте экономикалық қылмыстың кейбіреуі адам өлтіру қылмысымен тең дәрежеде екен. Мысалы, салық төлеуден жалтару мақсатында жасалған жалған шот-фактура үшін кәсіпкер 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

«Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» жаңа Кодекстің қабылдануына қарамастан, шешімін таппай тұрған бірнеше мәселені кездестіруге болады. Жалпы кодексте құқықбұзушылықтың 608 құрамы бар. Оның 400-ден астамы кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне қатысты. Сол 400-дің ішінде бар-жоғы 14 бапта ғана «ескерту жасау» жазасын қарастыру көзделген.

Әкімшілік кодекс аясында бизнестің көлемі бойынша айыппұл төлеу қажеттілігі, сондай-ақ бизнестің барлық категориялары бойынша айыппұлдың жоғары шектік межесін белгілеу, ескерту институттарын кеңейту жұмыстарын жүргізу де аса маңызды.

10-қадам. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) стандарттарын енгізу. Үкіметтің қыркүйектегі кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы министрліктер мен ведомстволардың қарамағындағы ұйымдарды бәсекелестік ортаға немесе жергілікті деңгейге беру мақсатында қайта түгендеу шараларын өткізу қажеттілігін атап өтті.

Қазіргі таңда квазимемлекеттік сектордың экономикадағы рөлі өте жоғары деңгейде. Мемлекеттік ұйымдар қадағалап отырған активтердің үлесі 60%. Мемлекеттік компаниялардың  нақты саны туралы ақпарат мүлдем  кездеспейді.

Қордаланған мәселелерді, ЭЫДУ елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып шешу үшін, жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) мемлекеттік экономикаға қатысу үлесін азайту мақсатында, ҰКП 2016-2020 жылдарға есептеліп, жекешелендірудің кешенді жоспарын қатар орындауға арналған биліктің деңгейінде арнайы жұмыс тобын – Билік штабын құруды ұсынады. Ол бизнес-қауымдастықтың өкілдерімен бірге мемлекеттік органдардың еншілес және қарамағындағы ұйымдарының қызметіне толыққанды зерттеулер және ЭЫДУ стандарттары мен нарық принциптерінің бұзылуына талдаулар жүргізеді. Және де субъектілер мен ұйымдарды жекешелендіру немесе жою туралы үкім шығарады.

«Атамекен» ҰКП мемлекеттік органдармен бірге ұсыныстарды талқылау мен пысықтауға қатысуға, сондай-ақ нақты механизмдерді, қажетті есептерді, құқықтық-нормативтік актілердің өзгерісі бойынша ұсыныс жасауға дайын.

Бибігүл ЖҰМАҒҰЛОВА,

кәсіпкерлер палатасы аудандық

 филиалының директоры.