25.10.2016, 12:36
Қараулар: 306
Ғасыр жетістігі кітапхана жүйесіне де енді

Ғасыр жетістігі кітапхана жүйесіне де енді

Қойнауы шежіреге тұнған қасиетті Хан ордасы ауылында заманауи үлгіде жабдықталған қос бірдей модельді кітапхананың (ауылдық және балалар)  ашылу салтанаты оздырылды.

 

Тұңғыш кеңестік-қазақ атты әскер полкінің комиссары Бисен Жәнекешев пен сексен ердің, Совет Одағының Батыры М.Мәметованың ескерткіштері мен Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан бөкейлік боздақтар монументіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталған шара одан әрі қоғамның рухани азығы  – кітапхана саласының  мән-маңызын  айшықтаған салтанатқа ұласты. Оған аудан  басшылары, Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының және Жаңақала, Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директорлары, барлық кітапханашылар, ауыл оқырмандары – мұражай кешені қызметкерлері, ұстаздар мен мектеп оқушылары қатысты.

Алдымен сөз алған аудан әкімі Н.С.Рахымжанов меймандарға білім мен ғылымның алғаш негізі қаланған, тұңғыштардың отаны саналатын қасиетті Орда топырағына қош келдіңіздер айтып, ауыл тұрғындарын осынау игілікті іспен  құттықтады. Бисен ауылдық округіне қарасты Жамбыл елді мекеніндегі кітапханашы Гүлназ Құспанғалиева «Жаңару» атты төл туындысын оқыса, орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қыздары флешмоб биледі. Жиылған жамағат өңір тарихынан сыр шертетін Орда мұражай кешенінің стендісі мен «Өткенсіз ел, тарихсыз жер болмайды» атты кітап көрмесін тамашалау үшін ішке енді. Мәдениет үйінің кең дәлізі бойына орналастырылған көрмеге аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Айнагүл Батырханова жерлес ақындардың жыр шумақтарын ұтымды қолдана отырып тартымды шолу жасаса, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Айсұлу Темірешева мен мұражай қызметкері Альбина Оразгелдиева қонақтарға орыс және ағылшын тілдерінде шебер таныстырып шықты.

Мәдениет үйінің екінші қабатындағы Орда ауылдық модельді кітапханасының есігіне керілген қызыл лентаны қию құрметі Нұрлан Сағынтайұлы мен осы кітапхананың байырғы оқырманы, зейнеткер-ұстаз Мақпал апа Ғұбашеваға бұйырды.  Одан әрі «Тәуелсізбін, егеменмін, еркінмін!» атты үш бөлімді кітап көрмесі еліміз егемендік алған жылдардан бері бағындырған белестер жайында баяндап, лебіз кезегі «дөңгелек үстелде» бас қосқан шақырулы қонақтарға берілді. Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Роза Исатаева киелі мекеннің қонақжай халқына шын пейілден ризашылығын жеткізіп, жақсы іске жанашыр боп жүрген аудан әкімі мен оның командасына алғысын білдірді. Кітап қорының молаюы оқырмандар легін арттырып, қызығушылықтарын оятары кәміл. Бұл ендігі жерде уақыт талабына сай сөрелердегі лық толы кітаптардың қатары ғасыр жетістігі – ғаламтордағы құнды әдебиеттермен, тың мәліметтерге жалғасады деген сөз. Ол шексіз ақпарат кеңістігіне жол ашады. Осы тұста, айта кету керек, интернет желісіндегі қаптаған мағлұматтардың ішінен тек пайдалысы мен сапалысын ғана сүзгіден өткізіп, оқырман қажеттілігін қамтамасыз ету әріптестерінің міндетінде екендігін баса айтқан аталмыш сала басшысы екі модельді кітапхананың сертификаттарын табыстады. «Тұғырлы бол, Тәуелсіздік!» тақырыбындағы «әдеби жәрмеңкеден» оқырман қауым керегін тапты, яғни, поэзия мен проза әлеміне терең бойлап, көркем шығармалардың авторларын шешті, қазақ хандығының құрылуы турасындағы түрлі сауалдарға жауап берді. Балаң қиялға қанат бітірген кішкентай суретшілер мен белсенділік байқатқан шәкірттер естелік сыйлықтармен марапатталды.

Түс алды әзірленген брейк-кофеден кейін Роза Жақияқызы мен аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева лентасын қиып, алқалы топ Орда ауылдық  модельді балалар кітапханасын ашты. Пәк көңіл, періште пейіл балдырғандар «Бар мейірім сіздерге» атты мерекелік концерт ұсынып, келісті би мен әсем әннен шашу шашты. Түрлі түсті шарлар, күлімдеген күн мен жайқалған гүлдер безендірген ғимарат ішіндегі кішкене ханша мен ханзада, ертегі кейіпкерлері мен жүздері бал-бұл жанған өнерлі бүлдіршіндер үлкендерге қиял-ғажайып әлеміне енгендей әсер сыйлады. Бөкей ордасы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Дәржан Сыдықова жиналғандарға рахмет айтып,  Роза Жақияқызына сый-сыралғысын тарту етуді де ұмыт қалдырмады.

Иә, көнелер көмбесіндей ескі қалашық бүгіндегі Хан ордасы ауылы бір өзіндегі бес бірдей мұражайымен танымал. Бұл қасиетті мекенге табаны тигендерді Бөкей жұртшылығы тарихи жәдігерлер сырына сусындатып, тұлғалар бейітінің басына тәу еткізбей жіберген емес. Елге алыстан  ат арытып келгендерді құдайындай қарсылап, тектілігінен танбаған ханордалықтар бұл жолы да сол салтынан жаңылмады. Мұражай кешеніне саяхаттап, қарағайлы да құмайтты өлкенің табиғаты мен тарихына тәнті болған меймандар «Қыз Жібек» мейрамханасындағы осы кешке деп арнайы тартылған қонақасыдан дәм татты.

Гүлжаз БАДЕЛОВА.