8.11.2016, 15:17
Қараулар: 288
Мерейтой иелеріне құрмет

Мерейтой иелеріне құрмет

Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында ұзақ жыл денсаулық саласында абыройлы қызмет атқарып, бүгінде асқаралы алпысты бағындырып отырған дәрігер Жексен Сертеков пен зейнет жасына жеткен аға мейірбике Роза Мұхатованы ауданның атқамінерлері қабылдап, әкімнің орынбасары Рүстем Зұлқашев аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтың Алғыс хаты мен ескерткіш сыйлығын табыстады.

Мерейтой иелерінің медицина саласына сіңірген еңбектерін сөз еткен аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева да ыстық ықыласын білдіріп, Сертековтер әулетінен сан түрлі маман, өнер иелері шыққандығын сөз етті. Осындай жиын аудандық ауруханада да болғанын баян еткен сол мекеменің басшысы Әділгерей Ғаббас әріптестерін тағы бір мәрте құрметтеп, өз қатарларынан кетпейтініне сенім білдірді.

Өз кезегінде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Айтқалиев Жексен Орынғалиұлы мен Роза Имашқызын мерейжаспен құттықтады. Дәрігер Жексен Сертеков пен оның облыс орталығынан келген бауыры Сейсен де сөз алып, көрсетіліп жатқан ілтипат үшін алғысын жаудырды.

Р.ЖАНАТҚЫЗЫ.