14.12.2016, 15:20
Қараулар: 214
Жадымыздасыз, жақсы аға!

Жадымыздасыз, жақсы аға!

Жұмабай Қадыровтың аудандық мұрағаттағы жеке тектік қорында артық-кемі жоқ бір чемодан құжат бар. Ондағы 60-70-75 жылдық мерейтойларына қатысты жеке адамдар мен аудан, облыс басшылары, тіпті, Елбасы атынан келген Алғыс, Құттықтау хаттардың өзі бір төбе. Бұл есімі аудан жұртшылығына танымал соғыс және еңбек ардагері, марқұм ағамыздың қадірінің қаншалықты биік болғандығын білдірсе керек.

Тұрмыс ауыртпалығына байланысты ол кезеңнің балалары еңбекке ерте араласты. Орталау мектепті бітірген Ж.Қадыров 1942-1944 жылдары Шоңай ауылдық кеңесіне қарасты «Большевик» ұжымшарында есепші әрі хатшы болып жұмыс жасайды. 1944 жылы 20  қарашада әскерге шақырылып, Чкалов қаласындағы (Орынбор облысы)  365-ші запастағы 2-ші атқыштар полкі жанындағы мергендер мектебінде оқып, кейін майданға аттанады. 1945 жылдың 5 наурызында Бранденбург қаласы маңында ұрысқа кіреді. 1-ші Белорус майданы 290-шы дивизия, 878-ші Кутузов орденді атқыштар полкі құрамында Берлинді алу операциясына қатысады. 1945 жылы 30 сәуірде аяқ-қолынан бірдей жараланған Ж.Қадыров Берлиннен 11 шақырым жердегі №2529 дала госпиталінде емделеді. Жеңіс күнін Майндағы Франкфурт қаласында қарсы алады. Госпитальдан шыққасын әскери қызметін 878-ші полкте жалғастырған ол Польша, Батыс Украина жерлеріндегі бендеровшыларды жоюға қатысады. Ұлы Отан соғысынан кейін де алты жыл әскер қатарында (авиадивизияның штабында) істеген Жөкең 1951 жылғы сәуірде елге оралып, сол жылдың мамырынан 1952 жылдың тамыз айына дейін Орда аудандық партия комитетінде техникалық хатшылыққа қоса, «Жаңа жол» газетінің редакциясы жанындағы радиокомитеттің дикторы, 1952-1957 жылдары Жәнібек аудандық партия комитетінде есеп секторының меңгерушісі, МТС-та экономист, диспетчер, 1960-1972 жылдары Жәнібек аудандық, 1972-1982 жылдары Орда аудандық партия комитеттері ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, 1982-1987 жылдары зейнеткерлікке шыққанша Орда аудандық атқару комитетінде жауапты хатшы қызметтерін атқарады. Оның партиялық жұмысты тілшілікпен ұштастыра жүргізгенін екінің бірі біле бермейтін шығар. Бұл оны өзгелерден дараландыра түсетін ерекше қасиеті еді. Сондықтан да бүгін ардагердің журналистік жолын сөз етпекпіз.

1957-1960 жылдары Ж.Қадыров Жәнібек аудандық газетінде ілкіде тілші, кейін бөлім меңгерушісі болады. Тілшілік қызметтің қыр-сырын тез меңгеріп алған ол идеология майданының алдыңғы шебінен көрінеді. 1959 жылы аудандық партия комитетінің ұсынуымен сол уақыттағы республикалық бас басылым «Социалистік Қазақстан» газетінің Жәнібек ауданы бойынша штаттан тыс тілшісі болып бекітілуі соның айғағы. Сол жылы ақпанда СССР Журналистер одағының мүшелігіне қабылданып, республиканың бас газетіне, партиялық журналға мақалаларын жиі-жиі жолдапты. «Орда» кеңшары құрылғаннан кейінгі төрт жыл ішіндегі еңбек жетістіктерін жіктеп жазған «Бір шаруашылықтың кешегісі мен бүгінгісі» атты талдау мақаласы бұған айқын дәлел. Онда автор: «Бұдан төрт жыл бұрын экономикасы төмен үш колхоздың негізінде жасақталған «Орда» совхозы аудандағы, тіпті, облыстағы арзан ет өндіретін озат шаруашылықтардың бірі болып алды. Өнімнің өзіндік құнының арзандауы совхоздың рентабельді шаруашылық болуына жол ашып беріп отыр» деп, оның өзіндік себептерін шаруашылық басшысы Тауасих Мырзағалиевтің аузына салып, былайша сөйлетеді: «…Біздің еттің, әсіресе, қой етінің арзанға түсуінің түйіні – малдың жазда ғана емес, қыста да жайылып бағылатынында». Журналист Ж.Қадыров аталмыш шаруашылықтың алдыңғы мен соңғы көрсеткіштерін салыстыра келіп, оның үздіксіз өркендеп келе жатқанын дәйекті деректер, яғни, цифр тілімен сөйлетеді. Кеңшар құрылған жылы қой саны 17000 болса, төрт жыл ішінде оның саны 2,5 есе өсіп, 44000-нан асқан. Оның әр жылдардағы қолтаңбасы тек аға басылым бетінде ғана емес, облыстық «Орал өңірі», аудандық «Орда жұлдызында» да қалған. Осы тұста қаламгердің тілшілігіне қоса, адами биік қасиеті туралы арамызда жоқ ардагер журналистер Балмолда Тоқсанов пен Тұрақбай Шәкеновтің және онымен көп жыл қызметтес болған қазіргі күні қатарда жүрген Чарльз Қойшыбаевтің естеліктерін келтіре кетудің реті келіп тұрғандай. Бәкең (Б.Тоқсановты айтамыз) «Жұмабай Қадыров туралы бірер сөз» деген мақаласында: («О.Ж.» 20 ХІ.1990 ж.) «…Жөкең көптеген кадрларды өз қолынан өсірді. Ауданда қазіргі басшылық жұмыстарда жүрген, шаруашылық басқарып отырғандардың бірқатары осы Ж.Қадыров іріктеп орналастырған, тәрбиелеген кадрлар деуге әбден болады. Ол сонымен қатар қарымды қаламгер, СССР Журналистер одағының мүшесі. Мен өзім аудандық газетте істеп жүрген кезде бірнеше фельетоны, сын материалдары жарық көргенін білемін» десе, Чарльз Қойшыбаев «Жаны жайсаң азамат» атты мақаласында («О.Ж.» 25.01.2002ж.) ол туралы: «…Жөкең аупарткомның ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі ретінде кадрларды орналастырудағы құпиялықты қатаң сақтаған кісі. Ол кезде кадр қашан ресми тағайындалғанша ешкім білмейтін. Бірде аудандық партия конференциясына әзірлік қарсаңында бір аупартком хатшысы: «…Кадр жөнінде конференцияда қандай өзгерістер болатынын білу үшін Жөкеңнің ішін аппаратпен үңіліп қарар ма еді» деп әзілдегені бар»,-деген Шәкең одан әрі «Ұзақ жылдар аудан басшысы болған Рахметолла Егізбаевтің өзі 1977 жылы қызмет бабы жоғарылап, облысқа кетерінде: «Мен Жұмабайдан көп нәрсе үйрендім» дегені әлі есімде. Ал, Жөкең болса: «Құдай білсін, Рақаң менен не үйренгенін» деп өзінің қарапайымдылығына басатын» дейді.

Газет тіршілігін өз басынан өткізген Ж.Қадыров «Орда жұлдызының» жанашыры да бола білді. Аудандық басылымның басына қиындық түскен анабір жылдары ардагер журналист марқұм Тұрақбай Шәкеновпен болған екеуара әңгімесінде: «Әрине, газет редакциясының қазіргі жағдайын бір кісідей-ақ түсінемін. Қаржың жетпесе, қызметтік көлігің болмаса, не істей аласың, қол-аяғың байлаулы емес пе?! Дегенмен, газетті уақытымен шығарып тұрған осы тірліктеріңе де ризамын. Жасыратыны жоқ, күннен-күнге тынысы тарылып бара жатқан мына заманда газетіңіз жабылып қалмағай еді деп тілеймін» деп, қамқорлық танытқанын қалай ұмытайық.

Ендеше, осындай жанашырлығыңызбен, жақсы тілегіңізбен әманда біздің жадымыздасыз, жақсы аға!

Қуаныш ЕЛЕМЕСОВ,

аудандық мұрағаттың директоры.

Амантай ХАМЗИН,

газет тілшісі.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар