30.12.2016, 10:47
Қараулар: 318
С.Қапезова: Мақсат – туған топырақты түлету

С.Қапезова: Мақсат – туған топырақты түлету

Мұратсай ауданға жақын орналасқан округтердің бірі. Кеңес өкіметіне дейін Мұрат деген дәулетті адам мекен етіп, кейін бұл маң оның есімімен аталып кеткен деседі көнекөздер. Ауыл тарихын бір кісідей білетін ардагер-ұстаз Каспи Жахатұлының айтуынша, 1952 жылға дейін бұл аймақ №88 түйе зауытының иелігінде болған. Ал, 1975 жылы «Мұратсай» совхозы құрылыпты. Жәнібек ауданына қарасты Ұзынкөлдің Мұратсайы жағынан басталатын табиғи судың арнасы үлкен жыраға айналып, Тобылғы, Күрілдеуік, Қарағаш бөгеттерімен  Қопа көліне, одан Қарасу жылғасы арқылы Хаки сорына жалғасқан екен. Мұратсай көлінде сазан, шортан, көксерке, алабұға, мөңке, қара балық, жылан балықтар бар.

Округ әкімі Сымбат Қапезованың бұл орынтаққа отырғаны күні кеше ғана. Тұлабойын  жастық  жалын  кернеген ол ауылды көркейтсем деген албырт үміттен кенде емес. Нәзік жаратылысты әкімді қызмет үстінен кезіктіріп, бірер сауал қойғанды жөн көрдік.

–Сымбат Рафхатқызы, өзің туып-өскен ауылға басшылық ету бұйырған екен. «Жас келсе – іске» дегендей, алдағы  жоспарларыңмен бөлісе отырсаң…

– Округімізде күні бүгін 1036 адам тірлік кешуде. Олардың 20-сы Алтын және 15-і  Күміс алқа иегерлері. 34 отбасындағы 142 адам атаулы әлеуметтік көмек алады. Қызметімнің басты бағытына тоқталсам, мәдениет саласы да  маған жат емес. Сондықтан өнерге біртабан жақын ауылдастарымның концерттері, көше-көше болып өнер көрсету, ауыл үлкендерін ұлықтау сынды қалыпты дағдыдан басталды жұмысым. Алдымен, ауыл ішінің тазалығы назарға алынып, сенбіліктер ұйымдастырдық. Сол қызу еңбектің нәтижесінде екі қорым мен көл жағасы тазартылды. Мұратсай ішіндегі кіші және ауыл сыртындағы үлкен бөгетті жөндеу жұмыстары алдағы жылдар еншісінде. Шынын айтсам, көп нәрсені жүзеге асыру ойымда бар. Бәрі қаржыға байланысты ғой. Дегенмен, «Қалауын тапса, қар жанады» демей ме қазекең. Менің басты мақсатым – туған топырағымды көркейтіп, жаңаша түлетуге өз үлесімді қосу.

– Әрине,  бұл кіндік қаның тамған әрі  балалық бал дәуренің өткен  құт мекенің ғой. Бүйрегіңнің осы жерге бұрып тұруы да заңдылық шығар. Дейтұрғанмен,  ел басқарып отырған басшы  ретінде  болашақтағы  ауыл келбетін  қалай елестетесің?

– Аядай ауылым жанданып, кәсіпкерлікке кең жол ашылып, мал басын асылдандыру жұмыстары қолға алынса деймін. Сондай-ақ, мектеп жылыжайы қайта іске қосылса, қыс кезінде балалар ойнайтын мұз айдынын салу бағытында жұмыстануды да жоспарға енгізіп отырмын. Саябақ ашылып, бау-бақша салынып, ауыл жасыл-желекке айналса нұр үстіне нұр болар еді. Бұрын ауылда суармалы егістік болып, кәрістер қант қызылшасын да еккен деседі. Сондықтан ауыл ішіне техникалық су тартылып, әр аулада жеміс-жидек, көкөністер өссе, керемет емес пе?!

Жастардың шағын және орта бизнеспен айналысуына мұрындық болып, жергілікті  радио торабын орнату да ойымда бар.  Жас мамандарды қызметке тартудың да оң нәтиже берері анық. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы Мұратсай ауылынан тұрғын жайлар салынса,  мамандар  туған жерге орнығар еді. Бұл да шешімін күткен күрделі мәселе.

* * *

Мұратсай ауылындағы еңселі білім ұясы – А.Құсайынов атындағы орта мектепте 169 оқушы білім алуда. 49 мұғалімнің 7-еуі жоғары, 15-і І, 17-сі ІІ санаттылар. Білім ұясының директоры Асылбек Нұралиевтің мәліметінен білгеніміз, биылғы жылдан бері бастауыш білім беру деңгейіндегі ерекшелік – пәндердің  жаңартылған мазмұнда оқытылуы. Бұл жүйемен тәжірибелі мұғалім Айнұр Бектасова жұмыстануда. Оның маңыздылығы – отандық орта білім мазмұнын жаңарту барысында кең ауқымды дағдыларға көңіл бөлінеді. Ол жалпы азаматтық және этномәдени құндылықтарға негізделе отырып, шәкірттердің оқудағы, сондай-ақ, өмірдегі проблемаларды шешуіне мүмкіндік береді. А.Құсайынов атындағы орта мектеп кітапханасына «Жастар тәжірибесі» арқылы қызмет етіп жатқан Орал қаласындағы гуманитарлық колледждің кітапхана ісі бөлімін тамамдаған  Мөлдір Жауылбаева да осы ауылдың түлегі. Өз ісіне шын берілген жас маман әңгіме арасында:

– Маған балалармен жұмыс жасау өте ұнайды. Әрі кішкене кезімнен кітаппен дос болып өстім. Қазір де рухани жандүниемді ұдайы байытып отырғанды қалаймын. Жалпы, мамандығымның ерекшелігі — ол  есте сақтау қабілетін жақсартатындығы. Әрі кітаптардың қай сөреде орналасқанын жаңылыспай табуың шарт. Кітапханашы Баршагүл Сабырова апаймен бірге  әр түрлі тақырыпта тәрбие сабағын өткіздік. Тәуелсіздіктің 25 жылдығындағы Елбасымыз Н.Назарбаевтың құттықтауын теледидардан  мұғалімдер мен оқушыларды қатыстыра отырып тыңдадық,-деп ағынан жарылды.

* * *

Ауылда 4 шағын кәсіпкерлік субъектісі және 27 шаруа қожалығы бар. Оның ішінде 7 қожалық мемлекеттік бағдарлама арқылы субсидияға қол жеткізген. Күні бүгін оларда 1153 ірі қара, 3827 қой, 554 ешкі, 253 жылқы, 5 түйе, 68 құс өсірілуде.

Сондай-ақ, ауылда бір дүкен, үш дүңгіршек, бір наубайхана, тіс емханасы  халыққа қызмет етеді. Жеке емхана иесі Мейірбек Бұхаров – Ақтөбе медициналық академиясының түлегі. Бала кезінен ауылдың білікті дәрігері Амангелді Лұқпановқа  құрметпен қарап, оның қызметіне  еліктеп өскен. Алғашында әскери адам болуды қалаған ол кейін тіс дәрігері мамандығын таңдапты. Оқудан соң, біраз тәжірибе жинап, аталмыш қалада еңбек еткен. Өз ісіне шынайы берілген оған сенім артқан  достары  «Неге емхана ашпайсың?»-деген ұсыныс айтып, көмек қолдарын созғанын да жасырмады. Кейін ол сол жанашырларының қолдауымен кіндік қаны тамған Мұратсай ауылына келіп, арманын жүзеге асырды. Ауылдың батыс бетінде орналасқан тіс емханасына келушілер қатары аз емес. Бүгінде бөкейліктермен қоса,  жаңақалалық, жәнібектік ағайындар да  оған тістерін емдетіп, салдырып жатыр. Емханадағы протездеу, ортодонтия кабинеттері де емделушілерге қызмет  көрсетуде.  Мейірбек қасына тіс технигі етіп інісі Миржан Бұхаровты алған. Бұрынғыдай облыс, аудан орталығына сабылмайтын халық іскер азаматтың қызметіне ризалықтарын білдіруде. Жұбайы Сәлия және үш баласымен тірлік кешіп жатқан жас қай іске де ең бастысы ынта қажет екенін айтады. Тағы бір жеке кәсіп иесі Гүлмира Қапанова 2014 жылы «Кәсіпкерлікті қолдау – 2020» бағдарламасы арқылы 1 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, үш айлық 700 балапан сатып алады. Алғашында етті (бройллер) тауық өсіріп, оның жұмыртқаларын жәрмеңкеге  саттыққа  шығарады. Қазір шаруасы тап бір шалқып кетпегенімен, бірте-бірте дамып келеді. Болашақта үйрек, қаз алып, ісін кеңейтуді көздеп отырған оның еңбекқорлығы ауылдастарына үлгі. Ал, дөңгелек жөндеумен айналысып отырған Сержан Бұхаров та жаңа ғана тәй-тәй басқан кәсібімен танылуда.

Иә, аядай ауылдағы талпыныс сыры осы бір ауылдастар ыждағаттылығында жатқаны сөзсіз. Ең бастысы, мемлекеттік бағдарламалар аясында шаруашылықтарын дамытып, кемел келешекке ұмтылулары құптарлық.

Гүлнар ҚАДЫРОВА.

Мұратсай ауылы.