24.01.2017, 22:36
Қараулар: 526
Жақсының жары болу да бақыт

Жақсының жары болу да бақыт

А.Құсайынов атындағы орта мектепте ұстаздық еткен Гүлмайра апайды ұзақ жылдан бері көрмеген едім. Таяуда шаңырағына арнайы бас сұқтым. Зейнеткерлікке әлдеқашан шыққан ұстазымыз әлі сол қалыпта. Уақыт қана жанарына болмашы мұң жасырыпты. Сырт кейпінде қаталдық жатқандай көрінгенімен, жан дүниесінен тереңдік анық байқалады. Ұстаздың келбетіне зер сала отырып, «Апай түк өзгермеген екен» деп ойладым. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген осы-ау. Кезінде сабағында ұшқан шыбын ызыңы естілмейтін қатал мұғалім-тұғын. Мінезінде өрлік байқалатын. Біреуге ұнауға, жағынуға тырысатындар санатынан емес-ті. Жалпы өзі  Жамбыл, қазіргі Тараз облысының Меркі ауданында туылған. Бұл ауданның оңтүстігі таулы келеді. Гүлмайра апай кіндік қаны тамған мекеннің табиғаты өте әдемі, ауасы саф таза екенін сүйсіне әңгімелейді. Шынында да, тау шатқалында орналасқан атақты «Меркі» шипажайы да көпке танымал.

–Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев «Қазақстан» колхозында дүние есігін ашқан. 4-сыныпты  Меркі ауданында тұратын нағашыларына келіп оқыды. Кіп-кішкентай қағылез  сары бала пионер слетіне қатысып жүретін. Баян, мандолин тартып, мектеп оркестрінде  хорды да сүйемелдейтін. 8-сыныптан соң, Калинин атындағы білім ұясына ауысты. Содан қайтып Алтынбекті көрмедім,-дейді апай. Әсем әуендерімен танылған белгілі  сазгер  оқушы кезінде көп сөзге жоқ, біртоға  еді.

Бұл кісі мектепте орыс тілін жетік меңгерген екен. Ысқақова Роза Данилқызы атты мұғалімі әр сабаққа ерекше мән беріп, түсіндіруі де тамаша болыпты. Айнұр есімді тұңғышының педагогикалық институттың орыс филологиясын тамамдауына осы анасы ықпал еткені анық.

Иә, сонау  қияндағы Жамбыл облысынан біздің өңірге келін боп түскен ол қаймағы бұзылмаған қазақы ауылға судай сіңіп, тастай батты. Яғни, зейнеткерлік жасқа жеткенше шәкірт тәрбиелеп, химия, биология пәндерінен сабақ берді. Біз Гүлмайра Көпбайқызын ауызға ала отырып, өмірден ерте кеткен аяулы жары Мақсот аға Омаров жайында айта кетуді де жөн көрдік. Азаматы еңбек жолын мамандығы бойынша агрономдықтан бастап, «Бисен» совхозының бөлімшелерінде меңгеруші, Ұялыда (Искра) партия комитетінің хатшысы, Мұратсай кеңшарында директор қызметтерін абыроймен атқарған. Өкініштісі, небәрі 47 жасында ауыр науқастан қайтпас сапарға аттанады. Арамызда жүрсе, алдағы ақпан айында 70 жасын тойлар еді. Жазмыш ол күнге жеткізбеді.

Мақсот ағай негізі Шоңай елді мекенінде дүние есігін ашқан. Көзкөрген замандастары оның жайлы мінезді, ұстамды, адами қасиеті жоғары  жан  екенін айтады. Абай Ахметов, Марат Менеев үшеуі араларынан қыл өтпестей жақын дос болыпты. Гүлмайра апа сол жандардың көмектерін балалары оқыған кезде көп көріпті. Замандас ағасы Чарльз Қойшыбаев олардың есімдерін атамай, «Три танкиста – три веселых друга» деп әзілдеген екен. Тірлікте аралары ажырамаған осы азаматтардың  бәрі де өмірден ерте кетіпті.

Мақсот Зұлпыхарұлы алдап кеткісі келіп тұратын кейбір пасық ойлы адамдарды ұнатпапты, жалтақтауды білмепті. «Газет тілшілеріне көзқарасы дұрыс әрі сынды терең түсінетін еді»,- деп еске алады бүгінде әріптесіміз Каримолла аға Ғайсин. Домбыраны да шебер  тартқан. Кезінде институтта оқып жүргенде оркестр құрамында өнер көрсетіпті. Аудандық ұлт-аспаптар оркестрінің мүшесі де болған. Оның әкесі Зұлпыхар да қазақтың қара домбырасын серік қылған. Айта кетелік, Мақсот ағай мен Гүлмайра апайдың жастық шақтары Алматы шаһарында өтіп, 1972 жылы отау құрыпты. Мұратсай ауылында үш қабатты мектеп салдыруға, қонақ үй, пионер лагерінің бой көтеруіне көп еңбек сіңіргенін де естідік.

Иә, Гүлмайра апай Омаровтар шаңырағындағы бес ұлдың екіншісіне жар атанып, абысын-ажындарымен сыйласып, ене тәрбиесінен де тәлім алған. Қазақ салтында жылы ұядан кеткен қыз үйіне жиі бара бермейтін. Отағасының жұмысқа берілгендігінің әсері де болар, 1972 жылы отбасын құрғаннан кейін араға сегіз жыл салып, бал дәурені өткен еліне төркіндетіп қайтыпты. Ол заманның тәрбиесі мен салтында келін болудың өзі үлкен өнеге саналатын. Туған жер топырағында тірлік кешіп жатқан қара шаңырақтың ұйытқысы, асыл анасы әлі тың. Ол да бір бақыт емес пе?!  Мақсот аға қайтқаннан кейін інілері «көшіп кел» деп шақырғанымен, ол асыл жарының ошағын сөндіріп кетуді жөн көрмепті. Ол кезде алты баланың алды студент-тұғын. Бірте-бірте қиындықтар да артта қалды. Кішілері де ержетті. Бүгінде жоғарыда айтып өткеніміздей, тұңғышы Айнұр орыс тілі маманы. Орал қаласында тұрады.  Қолындағы Әйбегі агроном әрі заңгер. Сандуғашы Алматы қаласында. Алтынбек пен Найзабек әскери қызметте. Кенжелері Сая да мұғалім. Жақсының жары атанған Гүлмайра апайдың өзі  екі немере, бір жиенін бауырына басып, азаматынан айнымайтын ұлы Әйбекпен қара шаңырақта келісті тірлік кешуде.

Гүлнар ҚАДЫРОВА.

Мұратсай ауылы.