24.01.2017, 22:56
Қараулар: 341
Сара жол немесе бір әулеттен 18 ұстаз

Сара жол немесе бір әулеттен 18 ұстаз

Бұл сөзімізді дәлелдеу үшін алдымен әулеттегі алғашқы педагог Хайролла Сабыров туралы сөз қозғағанымыз жөн шығар. 1947 жылдың 1 қырқүйегінде Жиекқұм ауылындағы Сабыр Елеусінов пен Құрманай Фазылованың отбасында дүниеге келген ол соғыстан кейінгі елдің ауыр тұрмысын көріп өсті. Ал, фашистер салған ылаңды майдангер әкесінің аузынан естіді. Аудан жерінің басым бөлігі әскери полигонға берілуіне байланысты Шымкентке дейін шұбырған халықпен бірге екі-үш жыл ол жақтың да дәмін татқаны бар.

 

1963 жылы Жиекқұм ауылындағы сегіз жылдық мектепті бітіріп, Ақтөбе педучилищесіне түскен Хайролла оны 1967 жылы ойдағыдай тамамдап, өзі ұшқан алтын ұяда еңбек жолын бастапты. Еңбек ете жүріп, Орал педагогикалық институтының география-биология факультетінде сырттай оқып, жоғары білім алады. Т.Масин атындағы орталау мектеп пен М.Бегалиева, Ш.Жексенбаев, Б.Жәнекешев атындағы орта мектептерде директор болды. Қайда істесе де жүктелген жауапкершілікті мінсіз атқарып, ұжымының, ауылдастарының құрметіне бөленді. Ұстаздығы өз алдына жастарды спортқа, күреске баулып, бапкер де атанды. Ол – ҚазССР халық ағарту ісінің үздігі, Елбасы Н.Назарбаевтың, Білім министрі Ж.Түймебаевтың Алғыс хаттарының, аудандық, облыстық білім басшылары мадақтамаларының иегері.

Қайрақаңның зайыбы Бақыт та ұстаз, бастауыш сынып мұғалімі. Отбасындағы 5 ұл, 3 қыздың анасы шәкірттерін де өз балаларындай көріп, мейірім шуағын төге білді. Тал бесіктен басталған тәрбиенің, көз алдындағы ата-аналарының үлгі-өнегесі шығар, ұрпақтары да түгелдей әке-шешелерінің жолын қуыпты. Келіндері де мұғалім. Олардан өрбіген немере-жиендерді есептесек, Хайроллиндер әулетінде қазірдің өзінде 18 педагог бар. 24 немере-жиен мен 2 шөбересі арасынан болашақта педагогтер қатарын толтыратындар табылуы әбден мүмкін ғой.

Тұңғыштары Жасталап Янайкин орта мектебінде директор болса, келіні Эльмира Зұлқарнаева мұғалім. Олардан өрбіген Әділхан мен Айгерім пединститутты бітірсе, Айтолқыны студент, Жанеркесі оқушы. Екінші ұлы Нүркен мен оның зайыбы Ақмарал Баймұратова – Орал пединститутының түлектері. Нүркен бұл күнде Саралжын ауылдық округінің әкімі. Олардың үлкен қызы Ақерке студент. Кіші қызы мен ұлы мектеп жасында.

Қайрақаңның қолындағы ұлы Жарқын Б.Жәнекешев атындағы орта мектепте дене шынықтыру пәнінің І санатты мұғалімі, келіні Алмагүл Құрақова тарихшы. Олардың 3 ұл, 2 қызы да үздік оқушылар сапында. Жиекқұмдағы қара шанырақты ұстап қалған Жасұланы да дене тәрбиесінің маманы. Бұл үйдегі келіні Қуаншалиева Мейрамгүл қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты, Кембридж методикасын меңгеріп жүрген мұғалім. 2 қыз, 1 ұлдары желкілдеп өсіп келеді. Қайрақаңның қыздарының үлкені Айгүл Сабырова І санатты ұстаз. Б.Жәнекешев атындағы орта мектепте бастауыш сыныптарға сабақ береді. Анасы мен апасының жолын қуған Айнұр да Т.Масин атындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі. Оның үлкен қызы, пединститутта оқитын Гүлзада Төлепованың өлеңдері жергілікті басылымдарда жариялануда. Ал, Ш.Жексенбаев атындағы орта мектепте мұғалім әрі тәлімгерлік қызмет атқаратын Шынар Сабырованың шәкірттері ұстазының есімін облысқа әйгілеуде.

Ұл-қыздары мен немере-жиендері өз істеріне үйрете білген Хайролла мен Бақыт нағыз бақытты жандар.

Ч.ҚОЙШЫБАЕВ.

Сайқын ауылы.