21.02.2017, 10:39
Қараулар: 288
Ауыл әл-ауқаты артпақ

Ауыл әл-ауқаты артпақ

Бүгінде тәуелсіздік алып, ес жинап, жоғын жоқтап, барын базарлаған, асылын ардақтаған елге айналдық. Бізге әрқашан үлгі болып келген Еуропа елдеріндегі қазіргі атыс-шабыс, төңкерістерге қарап, жеріміздегі тыныштық пен тұрақтылық, экономикалық даму, ұлтаралық татулыққа разы боласың. Осының бәрі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының сындарлы саясатының жемісі деп білеміз. 31 қаңтар күні Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауын баспасөз беттерінен оқыдым. Әрі Президент қойып отырған міндеттер мен мақсаттарды қуаттадым. Жолдауда ел экономикасын өркендетіп қана қоймай, білімді дамыту, руханиятымызды жаңғырту, қауіпсіздік шараларын күшейту, діни экстремизмнің алдын алу мәселелері айтылды.

Біздің  Бисен  ауылдық  округінде  3200  халық тыныс-тіршілік етуде. Ауылымызға көгілдір отын, «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша су келіп тұр. Округтегі 103 шаруа қожалықтың 2-еуі асылтұқымды мал шаруашылығы мәртебесін алды. 38 жеке кәсіпкер 23-і дүкен, 1 наубайхана, 1 тойхана, 1 дәріхана, шаштараз, фотосалон, тігін цехы иесі атанып, тұрғындарға қызмет көрсетуде. Бұған қоса 11 жерлесіміз «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша 20 миллион теңге несие алып, өз кәсіптерін ашып, нәсібін көріп отыр.

Биыл Көктерек, Жамбыл, Жиекқұм ауылдарына көгілдір отын жеткізілу жоспарланып отырса, Көктерек және Жамбыл бастауыш мектептері жөнделіп, кей елді мекендерге «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша су да жеткізілмек.

Екатерина МӨКЕШЕВА,

Бисен ауылдық мәдениет

үйінің директоры.