21.02.2017, 10:46
Қараулар: 367
Ордасына оралмаған оғландар немесе мұрағат құжаттарын парақтағанда…  

Ордасына оралмаған оғландар немесе мұрағат құжаттарын парақтағанда…  

Ұлы Отан соғысы жылдары Сталинград майданының ең жақын тылы болған Қазақстанның Орда және Жәнібек аудандары тұрғындары да жау бомбасының астында қалып, талай қасіретті бастан кешірді. Оны облыстық мемлекеттік мұрағат пен Жалпақтал филиалында сақталған құжаттар растай түседі. С.П.Беланның «Казахстанцы в битве на Волге» («Ғалым» баспасы, Алматы 1990) және К.Досқалиевтің «Сражающемуся Сталинграду» (Алматы 1983) атты кітаптарында сол жағдайлар кеңінен сипатталған. Сондай-ақ, елімізге танымал журналист Жанболат Аупбаевтың «1942 жыл. Қазақ даласы, құмға құлаған «Юнкерс» («Егемен Қазақстан» 31.12.2021) және ордалық өлкетанушы, журналист Амантай Хамзин ағамыздың әр жылдары жазған тарихи мақалаларынан да мол мағлұматтар алуға болады.

 

КСРО Қорғаныс халық комиссары Иосиф Сталиннің 1941 жылғы 26 қарашадағы  КСРО еуропалық бөлімінің әскери округтер құрамының аумағы туралы № 0444 бұйрығы кімді болсын бей-жай қалдырмасы анық. Осынау құжатты түпнұсқадан оқып көрелік:

«…С 1 декабря 1941 г. территориальный состав округов европейской части Союза ССР иметь в следующем составе:

Сталинградский военный округ: Сталинградская область (исключая района Еланский, Урюпинский и Ново-Анненский), Ростовская область с границей на юге по р.Дон до границы со Сталинградской областью, Калмыцкая АССР, Астраханский округ, западная часть Западно-Казахстанской области (районы Джаныбекский, Казталовский, Урдинский, Фурмановский).

Штаб округа – Сталинград.

Командующим войсками военных Сталинградского военного округа – генерал-лейтенант Герасименко Василий Филиппович.

Командующим войсками военных округов передачу войсковых частей, учреждений и заведений, переходящих территориально в состав других  военных округов, закончить к 5 декабря 1941 г. и донести мне с приложением перечней передаваемых частей.

Приказ ввести в действие по телеграфу».( www.dean. usma. Қор №4. Тізім № 11. Іс № 66)

Тарихи деректерге көз жүгіртсек, сол бір ауыр күндерде ел қорғауға аттанған азаматтардың көбі майдан даласынан оралмады. Олар кейінгі ұрпаққа бейбіт күнді сыйлап, өздері Отан үшін қаза тапты, хабар-ошарсыз кетті, жау қолында тұтқында азапты күндерді бастан кешіп, қайтыс болды. Жеке ізденіс барысында сол соғыстан оралмаған ордалықтар туралы біраз тың деректерге тап болдық. Ендеше, майданда жау қолына тұтқынға түсіп, елге оралмаған, алайда, 1999 жылы Орал қаласынан жарық көрген  «Боздақтар» кітабының алтыншы томына түрлі себептермен енбеген 19 ордалық туралы  неміс тілінде жазылған құжаттар қолымызға тиді. Әр тұтқынға жеке іс қағазы ашып, толтырылған. Онда тұтқынның, оның ата-анасының аты-жөндері мен мекенжайлары келтірілген, сұрақтарға дұрыс жауап бермесе жазаланатыны да көрсетілген. Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатынан (мұнан әрі – РФ ҚМОМ) алынған неміс тіліндегі құжаттарды қазақ тіліне аударуға үлес қосқан Жәнібек ауданы орталығындағы Т.Жароков атындағы орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әсемгүл Жұмабайқызы Ақбаеваға алғысым шексіз.

«Боздақтар» кітабының 6-томында «Ақбашин Құспан  Орда с. 1905 ж. туған. Қазақ. Жауынгер. 1943 ж. қаңтарда Германияда тұтқында қайтыс болған» (310-бет) делінсе,  РФ ҚМОМ-нан алынған деректе Акбалин Хусаин сол Құспан емес пе екен деген ойға келдік. Өйткені, ордалық азаматтың туған жылы, жері және қайтыс болған мезгілі сайма-сай келіп тұр, айырмашылық тек аты-жөнінде ғана.

РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағаты www.obd-memorial.ru  сайтынан  алынған деректерге сүйінсек: Акбалин Хусаин, 1905 жылы Батыс Қазақстан облысы, Орда ауылында туған. 1942 жылы 7 шілдеде Донда тұтқынға түскен. Соңғы қызмет орны: 93-інші атқыштар полкі. Әскери шені: қатардағы жауынгер. 1943 жылы 19 қаңтарда тұтқында қайтыс болған. Проскуров/Раковада жерленген. Мекенжайы: Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданы, Орда (Қор 58. Тізімдеме 977521. Іс 2056. Парақ 76).

Батыров Юсупкали, 1906 жылы Батыс Қазақстан облысы, Орда ауылында туған. 1942 жылы 24 қарашада жау қолында тұтқында қайтыс болған. Әскери шені: қатардағы жауынгер. Мекенжайы: Батыс Қазақстан облысы, Орда ауылы.(Қор 58. Тізімдеме 977520. Іс 2701. Парақ 16).

Гумаров Насыр Гумарович, 1896 жылы Орал облысында туған. Лагерьдегі нөмірі: 70306. 1942 жылы 4 шілдеде Курскіде тұтқынға түскен. Лагерь: шталаг VI К (326). Соңғы қызмет орны: 416-ншы жұмысшылар батальоны. Әскери шені: қатардағы жауынгер. 1943 жылы 21 наурызда қайтыс болған. Жерленген жері: Баторн. Туысы мен мекенжайы: Норжама Гумарова, Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданы, Житвайск деревнясы (құжатта солай).(Қор  58. Тізімдеме  977521. Іс 1338. Парақ 5).

«Боздақтар» кітабының 6-томының 333-бетіндегі «Дүйсенғалиев Шәпен. Орда с. 1910 ж.туған. Қазақ. Жауынгер. 1942 ж. желтоқсанда тұтқында қаза болған» деген мәлімет туралы айтарымыз, немістер оны Шарпен, ал, туған жылын 1904 деп көрсеткен. Бірақ бір нәрсе анық. Кітапта да, құжатта да Ш.Дүйсенғалиевтің қайтыс болған жылы бірдей. Және бір айта кетерлігі, кітапта ордалық азаматтың жерленген жері жазылмағанмен, мұрағат құжаты бойынша мәңгілік мекенін Проскуров/Раковада тапқан екен. 29-ыншы атқыштар полкінде қызыл әскер болған ол 1942 жылы 9 тамызда Донда тұтқынға түсіп, сол жылы 3 желтоқсанда қайтыс болған. (Қор 58. Тізбе  977520. Іс 2614. Парақ 58).

Ахмедияр БАТЫРХАНОВ,

 Жәнібек аудандық «Шұғыла» қоғамдық-саяси

газетінің директор-редакторы.

 (Жалғасы бар).