15.03.2017, 1:43
Қараулар: 319
Қажеттілікке ақша бөлінді енді соған сай іс-қимыл керек

Қажеттілікке ақша бөлінді енді соған сай іс-қимыл керек

Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында «Аудандық мәслихаттың 2016 жылғы 23 желтоқсандағы 7-1 «2017-2019 жылдарға арналған бюджеті туралы шешіміне өзгерістер енгізу» және «Ауданның елді мекендеріне жұмыс істеуге  және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік  қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласы мамандарына көтерме жәрдемақы және тұрғын үй алу немесе салу үшін әлеуметтік қолдау көрсету туралы» экономика және қаржы бөлімінің басшысы Раушан Абдоллина хабарлама жасады. Биыл ауданымыздағы 4 елді мекенге ауыз су тартылып, 12-сіне табиғи газ жеткізіліп, Қарасу, Көктөбе ауылдық клубтары жөнделмекші екен. Аудан орталығында 1,3 км ішкі жолды асфальттау, Бисендегі апатты жағдайдағы үш үйдің иелеріне баспана салу да қарастырылған. Сондай-ақ, күрделі жөндеуді керек ететін бірқатар ғимараттар үшін жобалық-сметалық құжаттар тұрғызуға, малы бруцеллезге шыққандарға өтемақы төлеуге, тағы басқа қажеттерге ақша бөлінді.

Аудандық жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Ерлан Жоралиевтің есебі мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Жанқуат Еркеғалиевтің де хабарламалары қаперге алынды. Жанқуат Жұмарыстанұлының обыр ауруының 3-4 сатысындағы науқастарға төленіп келген біржолдық жәрдемақыны 1-2 сатыдағыларға да беру жөніндегі ұсынысы кеңес мүшелері тарапынан толық қолдау тапты. Аудандық білім беру бөлімі басшысы Ержан Иманбаевтың мектепке дейінгі тәрбие ошақтарына ата-аналардың ақы төлеу мөлшерін бекіту жөніндегі өтініші де қанағаттандырылды.

Аудандық мәслихат аппаратының басшысы Алмас Хайроллин және аудан әкімі аппаратының құқықтық мәселелер жөніндегі бас маманы Нұрфат Бисекенов оқыған «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалау әдістемесін бекіту мен кейбір нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп тану туралы қаулы жобалары да бекітілді.

Кеңес отырысына қатысып, сөз сөйлеген аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов кейбір бөлім басшыларының бюджетке өтініш жазудағы сауатсыздықтарына тоқталып, атқарылатын істер мен қажетті қаржыны жоспарлаудың маңыздылығын атап көрсетті.

Отырысты кеңес төрағасы Серік Таңатов қорытындылады.