Талпынғанға тау да аласа

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыруды көздеген азаматтарды бірыңғай қабылдау күні» республикалық акциясы аясында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков өткізген жиынға аудан әкімінің орынбасары Р.М.Зұлқашев, кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Е.С.Нүркенов, жұмыспен қамту орталығының директоры Б.М.Қарағойшин, кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалы директоры Б.М.Жұмағұлова, Сайқын ауыл округінің әкімі М.С.Аққалиев және өздерін жаңа іскерлік қырларымен танытқысы келген жерлестер қатысты. Аталмыш мемлекеттік орган өкілдері кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру барысында оқу орнын бітіріп, бос жүрген жастарды, жұмыссыздар мен аз қамтылған, өзін-өзі жұмыспен қамти алмай отырғандарды пайдалы іске тарту жөнінде түсінік берді.

Несін жасырамыз, іскерлік қырларын байқатуға мойны жар бермей жүрген немесе қаржылай қолдауды қажет ететіндерге бұл таптырмас мүмкіндік. Жаңа қадам жасауға талпынғандардың құқықтық мәселелеріне  (құжат рәсімдеу) қолдау көрсетуді көздеген бұл жиында Есқайрат Салтанатов пен Эльмира Сатқановалар мал бордақылаумен, Айжан Салауатова көрпе жасаумен шұғылдану, Нұртай Насимоллин аяқ киім жөндеу цехын ашу жайындағы ұсыныстарын ортаға салды. Оларға құзырлы орган өкілдері қолдау білдіруге уәде етті.

 Гүлнар ТАСБОЛАТҚЫЗЫ.