Келіндер байқауы

Бисен ауылдық мәдениет үйінде түрлі мәдени-спорттық шаралар жиі оздырылып тұрады. Жақында өткен «Мен қазақтың келінімін» атты сайысқа ауылдағы мекемелерде қызмет жасап жүрген, бала күтімімен үйде отырған ибалы, инабатты келіндер қатысып, бақтарын сынады. Мәдениет үйінен Сұлушаш Қалиева, «Салтанат» бөбекжайынан Бибінұр Төлегенова, ауыл әкімшілігінен Алмагүл Бижанова, орта мектептен Мөлдір Кенжебаева, жиекқұмдықтар атынан Жаннұр Қитанова мен Жаңылсын Қарағойшина сынға түсті.

Берілген шартқа сай алғаш бөлімде барлық келіндер фото слайд жасап, отбасын мақтанышпен таныстырды. «Енелер мектебі» бөлімінде енесінен алған, көрген тәлім-тәрбиелерімен бөлісті. «Білгенге маржанда» әділ қазы алқасы келіндердің қазақтың салт-дәстүр, жөн-жоралғыларын қаншалықты білетіндіктерін, танымдылығын тексерді. «Ұшқыр ой, таудай талап, қыл қалам» бөлімінде «Шаңырақтың келінімін ибалы» тақырыбына шығарма жазды. Әр келін өз шаңырағының шаттығын, ата-енесіне, жолдасына деген сүйіспеншілігін қара сөзбен де, өлең жолдарымен де жеткізіпті.

Өнерлерін көрсетуде келіндер бір-бірінен асып түсті. Мөлдір Нұрланкеліні ұлдарымен тәлімді ертегіні сахналаса, Алмагүл Саниоллакеліні қайынсіңлісімен «Ана туралы» әнді тамылжытты. Жаннұр Сәрсенбай келіні «Сәби бақыты» атты көрініс көрсетіп, Сұлушаш Маралбеккеліні 3 жасар қызы Нарғызбен қосылып ән салып, би биледі. Жаңылсын Ерболаткеліні өнерлі жары Нұрбол және қыздары Кәусармен жұптасып ән шырқап көрермен көзайымына айналды. Соңғы «Ас үйдің ханшайымы» бөлімінде келіндер қайынсіңлілеріне, қыздарына тағам жасаудың қыр-сырын үйретіп, өздері пісірген тәттілерін көрермендерге ұсынды. Наурыз көжеден бастап ұлттық тағамдардың бәрі ас мәзірінен табылды.

Әділқазылардың ұйғарымы бойынша бас жүлдеге («Өнегелі келін» аталымына) Жаңылсын, 1-орынға («Үлгілі келін» аталымына) Мөлдір ие болып, екі 2-орынға Сұлушаш («Зерделі келін») пен Алмагүл («Тәрбиелі келін»), екі 3-орынға Жаннұр («Инабатты келін») мен Бибінұр («Өнерлі  келін») лайық деп танылды. Оларға лента тағылып, дипломдар мен сыйлықтар тарту етілді. Сайыстың демеушісі жеке кәсіпкер, көп балалы ана, ауылда өтіп жатқан шаралардың  тұрақты  демеушісі Ақтарова Әспет Рамазанқызы екенін айта кеткеніміз жөн шығар.

Екатерина  МӨКЕШЕВА,

ауылдық  мәдениет  үйінің  директоры.