Бейдауа дертке бой бермейік!

«Тағдыр – Алланың құпиясы» деген сөздің астары терең. Өмірден өту де бір ғана Жаратқанның құзырында. Өлшеулі тірлік көшін әркім әр қалай сүйрейтіні бесенеден белгілі. Өкінішті сәттің бәрін жазмышқа балайтынымыз да бекершілік емес. Өмір-арбасы жүрісінен жаңылып, мәңгілік мекенге аты жаман аурумен ерте аттанып жатқандардың да дені жастар. Соңғы уақытта айтуға ауыз бармайтын сол қатерлі індеттің өршіп отырғаны да  көпті алаңдатуда.

Несін жасырамыз, бұл дертке шалдығушылардың ауруды өздеріне берілген «өлім үкімі» ретінде қабылдайтыны шындық. Ақиқатында әсте олай емес, қазіргі заманның озық технологиясы арқасында сырқатты күнілгері анықтап, емделуге, тіпті, толық жазылып кетуге мүмкіндік бар.  Тек қазақы енжарлық етектен тартып, дәрігерге уақтылы қаралмайтынымыз болмаса.

 

Бұрын  осынау ауру көбіне жасы ұлғайғандар арасында кең етек жайса, бүгінде одан сәбилер де зардап шегуде. Ғасыр дертінің бірі саналатын қатерлі ісік жайында аудандық аурухананың онколог-дәрігері Лаура Шамұратова былай дейді:

–Обырдың түріне, даму сатысына және ағзаның ерекшеліктеріне байланысты емдеуге болады. Кінәрат адам бойынан қаншалықты ерте қаперге алынса, сауығу мүмкіндігі де  соншалықты  жоғары. Қатерлі ісікті  тудыратын себеп-салдар өте көп. Басталған уақытта көбіне білінбей, бірте-бірте ағзаны іштей бұзатын процесс. Ол ушығып кеткен кезде бір-ақ байқалып жатады. 2015 жылы 23 адам есепке алынса, былтыр 41 науқас тізімге енді. Негізінен өкпе, өңеш, асқазан обырлары жиі кездеседі десек те, өткен жылы бес адамнан қалқанша безі обыры байқалды. Қазірде бұл сырқат 50-ден асқандар арасында жиі ұшырасуда. 2016 жылы бейдауа дерт балалар мен жасөспірімдерде де байқалды. Ауданда омырау рагімен 12 әйел есепте тұрса, биыл тағы 4-еуі тіркелді. Солардың осы аты жаман ауруға шалдыққанына  бес жылдан аса мерзім болған. Есептегілердің жағдайлары қазір қалыпты. Сондай-ақ, жатыр мойны обырымен емделген бес әйел біздің бақылауымызда. Бәрі ерте сатыда белгілі болғандықтан, шипаға көніп, ел қатарлы еңбек етіп жүр. Науқастардың алды 1999 жылдары ауыр отадан өткен соң саулықтары түзелгендер.

Обырдың бастау сатысында қатерлі ісіктің туындағанын сипаттайтын белгілерді есте ұстап, уақыт ұттырмай дәрігерге көріну өз өміріңіз үшін аса маңызды. Науқасқа шалдыққанымен  денсаулығы үшін күресіп,  20-30 жылдан бері тірлік кешіп келе жатқандар да ортамыздан табылады. Яғни, олар қатерлі ісікті жеңгендер. Обыр белгісі сезілгеннен кейін  науқасқа ота жасалып, 6-7 айға дейін ем жүреді. Себебі, бір немесе бірнеше жылдан кейін қан және лимфа жолдары арқылы ол адамның өзге бір жерінен (метастаз)  байқалуы да әбден мүмкін.

Маммографияға түскенде омырау безі рагі ерте сатыда анықталған бір әйелдің денсаулығы жақсарды. Енді тағы бір сырқат түрі  аурудың ІІ деңгейінде есепке алынды. Оның отбасында күйеуі және балалары мүгедек. Дәрігер ескертпесіне құлақ аспаған ол жағдайының жоқтығын  алға тартып, ем алудан бас тартқан. Емделушінің омырау түйінін  алдырып, аман қалудың мүмкіндігі мол тұғын. Бірақ, денсаулығына салғырт қараудың  кесірінен денесі шіріп, ақыры  жарық дүниемен қош айтысқан. Осы жағдай өзгеге сабақ болса екен дейміз. Қандай қиын кездің өзінде де емделетініне сенім артып, ағайын-бауыр, жақын адамдарының қолдап, қамқорлауы ауадай қажет.

 

* * *

Бұрын атом бомбасы жарылған аймақта осындай ауру жиі кездессе, бүгінде жер де, жас та таңдамайтын болып барады. Жандары шырқырап, көз жұмып жатқан сәбилер қаншама?! Құдай басқа бермесін! Обыр жылдан-жылға жасарып келеді деп дабыл қағылуда. Дәрігерлердің айтуынша, бұл дерттің қорқыныштысы – әп дегеннен жанға бататындай белгінің болмайтындығында. Адам ұзақ уақыт өзінің ағзасындағы өзгерістерді сезінбей жүре береді. Бұл, әсіресе, ұйқы безінің обырына тән.  Науқасты сырттай қарағанда ақ халаттылар ешқандай нышанды анықтай алмайды екен. Денсаулығына немқұрайлы қарайтындарға бұл аса қауіпті. Ұйқы безіндегі обыр ісігі әбден үлкейген кезде адамның арқа жағы ауырады деседі.   Асқынып кеткенде не жасаса да дауа жоқ. Халық бастапқыда өз саулығына салғырт қарап, кейін кесел меңдегесін дәрігерлермен қоса, халық еміне де жүгініп жатады. Мұның көбі өкінішпен аяқталып, денсаулықтың  күрт нашарлауына әкеп соқтырады.

Ал, мида пайда болған обыр «өзі жайлы» дереу хабар береді. Егер ісік жүйке тамырларына жақын орналасса, онда адамның  басы ауырып, жайсыз сезіне бастайды. Ісік өт қабын қыса бастаса, тері сарғайып, дене қызуы көтеріледі. Осындай сәтте науқас әлсіреп, салмақ тастайды. Яғни, әбден арып, тірі аруаққа айналады.

Денсаулық сақтау ұйымы обыр дертіне шалдыққандар саны 2020 жылға қарай көбейеді деген қорқынышты  мәліметті де таратып отыр.

 

* * *

 

Обыр – ағзада қатерлі ісіктердің пайда болуымен туындаған аурулардың жалпы атауы. Оның  80-90 пайызы қоршаған ортаның әсерінен туындайтын көрінеді. Сондай-ақ, оған сапасыз тамақ (30-35%), темекі шегу (30), алкоголь (4), жұқпалы вирустар (17), қоршаған ортаның ластануы (2), тұқымқуалаушылық (2) та себепші екен. Адамдар арасында қатерлі ісік жайында теріс пікір қалыптасқан. Көпшілік мұны айықпас дерт санайды. Әйелдердің омырау безі рагі мен жатыр мойыны ісігін алдын ала анықтау үшін тегін скринингтен өткізу ауданда жүйелі жолға қойылған.

Бұрындары адамдарға ас, тіпті қара су жүрмей қалғанда «қылтамақ екен» дегенді жиі естуші едік. Олардың «Е, бұл тікелей келген ажал болды ғой» деп мойын ұсынатыны да белгілі. Бұл өмірге құлшынысты күрт төмендететін негізгі фактор. Онколог-дәрігер Лаура Шамұратованың айтуынша, ауданда қылтамақ обырынан да ота жасалып, 5 жылдан аса қалыпты өмір сүріп жүргендер бар.

Темекі шегушілер мен етікшілерде рак көбірек ерінге үйір болады деседі. Өйткені, шылым еріннің жұқа астарын күйдіріп, жазылмайтын жараға айналдырады. Етікшілердің де шегені тістегендіктен еріндері қажалып, жараланады. Жалпы, рак адамның дене мүшесінің бәріне үйір. Сондықтан скринингтік тексеру – негізгі профилактика. Иә, жап-жастай осы дерттің кесірінен мәңгілік ұйқыға кетіп жатқандар қанша?! Уақытында дұрыс ем алып, толықтай жазылғандар да жетерлік. Ең бастысы,  айығуға  деген сенім мықты болуы шарт. Сол себепті, қатерлі ісіктің  алдын алып, уақтылы тексерістен өтуге ден қою өзіңізге ғана емес, ет-жақындарыңыз үшін де маңызды. Осынау ауыр кеселмен күресіп, оны жеңгендер өмірі өзгеге сабақ болар деген оймен сайқындық Т.Сәмираның (аты-жөні өзгертілді – автор) басынан кешкендерін ақ қағаз бетіне түсіргенді жөн көрдік:

– Бірде  омырау тұсымнан тиынның көлеміндей ғана түйін байқадым. «Өсіп жатқан жоқпа екен?» деп күнде тексеріп жүрдім. Бекер секемденбеген екенмін. Кейін омырау безі рагі анықталып, қатты қапаландым. Ол кезде екі ұлымның үлкені 15-те болса, кішісі 10 жаста ғана еді. Қос балапанымның аяқтан тұруын көре алмаймын ба деген  уайым жанымды жегідей жеді. Бірақ, дер кезінде өзімді қолға алуым керектігін түсіндім. Қайратты, қайсар болудан басқа амалым жоқ-ты. Онкологиялық ауруханада ем алып жатқанда әр түрлі ауыр науқастарды көріп, шыбын жаным шырқырайтын. Осындай қиын  кезде тума-туыстарымның  демеуі, көмегі көп болды. Қайын апам зыр жүгіріп жүріп, бар жағдайымды жасады. Абысыным әр келген сайын рухтандырып,  мықты болуым керектігін қадап айтатын. Төрт мәрте химиотерапия алғанша шашым түскен жоқ. Дәрігерлер 14 күннен кейін шаштың өз-өзінен түсетінін айтқан-ды. Бұл жағдайға  олар  «организмің күшті екен» деп таңданыс білдірді. Бес мәрте химиотерапия алғаннан кейін ғана шашым уыстап түсе бастады. Сонда да көңілімді түсіріп, сары уайымға салынбадым. Мен аурудың ІІ сатысында қаралып, ем алыппын. Ауруханада бірге жатқан бір келіншектің ауруы І сатысында анықталған екен. Бір-бірімізбен хабарласып тұратынбыз. Бірде амандығын білейін деп қоңырау шалғанымда оның қайтыс болғанын естідім. Бұл жағдай менің көңілімді астан-кестен етті. Оның өмір сүруге толық мүмкіндігі бар-тұғын. Дұрыс күтіне алмауының  кесірінен мезгілсіз ажал құшқан сияқты…

Аллаға шүкір, мені ІІ топ мүгедектігінен ІІІ-ке  түсіріп, екі жылдан бері группадан да  алып тастады. Ел қатарлы еңбек етіп жүрмін. Отбасымның ортасында аман-сау тірлік кешіп жатқаныма  тәубе деймін.

* * *

– Денсаулық – басты байлық. Әр пенде бір-бір әлем. Жаның қатты жаураған сәтте Алланың құзырында екеніңді, уақыт келгенде кері қайтарылуың қажеттігін сезінесің. «Химиотерапия алып жатқанда тек Алламен оңаша қалғандай әсерді бастан кештім. Бар үнім Тәңірге арналды»,-деп еді тағы бір кейіпкерім. Осы сөз үлкен ой салды. Салмағы ауыр. Үнсіз төзімділікті қажет етеді.

Бәрі де үнсіз

Үнсіз аспан, үнсіз жер,

Үнсіз орман, үнсіз таулар, үнсіз көл.

Мен де үнсізбін, дәрменім жоқ күрсінер.

Үнсіз кеуде…

Үнсіз жүрек дүрсілдер.

Бәріде үнсіз…

Бәрінде бар бір сұрақ.

Иә, Мұқағали ақынды толғандырған бұл сұрақ баршаға ортақ. Бойларынан ауыр дерт байқалғандар да Аллаға «Неге мен?..» деген өзімшіл сауал қояды екен. Бірақ, жауабы жоқ…

«Бәлкім, әр күнімнің маңызын терең түсініп, ұсақ-түйегіне дейін бағалау үшін осы ауруды бастан өткеруім қажет болған шығар» -дейді осынау дертке шалдыққан жерлесіміз.

Ендеше, мынау жарық дүниенің қадір-қасиетін ерте түсініп, ақ халаттылар ескертпесіне уақтылы құлақ түрсек, дауасы табылмайтын сырқат болмайтын сияқты.

Гүлнар ҚАДЫРОВА,

Қазақстан Журналистер

 одағының мүшесі.