Өрге өрлеткен фестиваль

Дәстүрге арналған «Балдәурен» балалар шығармашылығы биыл да жалғасын тапты. Аудандық мәдениет үйінде оздырылған жас бүлдіршіндер сайысы өнер сүйер қауымның көңілін бір сергітіп тастады. Талаптыны талантымен ұштастырған «Балдәурен» өнерлі балақайлардың талабын шыңдап, көкке талпынған балапан қанаттарын қатайтатыны сөзсіз. Өнерге іңкәр өреннің алғашқы сахна мектебі де – «Балдәурен».

Бұл жолғы шара бес бағытта оздырылып, мықтылар анықталды.

Эстрада-вокал жанрында жас әншілер арасында өзіне тән дауыс ырғағымен ерекшеленген Манарбек Шәріпқалиев (Саралжын ауылы) бас жүлдені қанжығасына байлап, фестивалдің облыстық кезеңіне жолдама алды. Бірінші орын Гүлнұр Халиуллинаның (Жиекқұм) еншісіне тиді. Екінші орынды өнерлері тең түскен Динара Сатқан (Мұратсай) мен Бексұлтан Қайратов (Сайқын) өзара бөлісіп, үшінші орынға Жанарбек Құспанов (Орда), Ақжол Бұқаров (Мұратсай) пен Ақсар Тілеуғали (Ұялы) шықты.

Хореография жанрында «Әсемай» (Бөрлі), «Сұлу» (Бисен) би топтары үшінші орынды місе тұтса, екінші орынға «Тұмар» (Мұратсай) би тобы жайғасты. Жүлделі үштікті бастаған «Сымбаттың» (Орда) кішкентай бишілері енді облыста аудан намысын қорғайды. Бұдан кейінгі халықтық музыка (домбыра) номинациясында қос ішектің тілін тауып, атадан қалған мұраны келісті күмбірлете білген Бақдәулет Төлеген (Саралжын) үшінші, Фариза Ғабілманапова (Сайқын) екінші, Бақытжан Әміржан (Сайқын) бірінші орынды иеленді.

Ал, сөз сөйлеу мәнері номинациясында Айзада Егінғалиева, Мирас Ерболатов (Сайқын), Диляра Есмұхан (Ұялы), Нұрасыл Мақсотов (Бисен), Альмира Хайлиева (Орда), Бекзат Әмірхан (Мұратсай) сынды талантты бүлдіршіндерге ынталандыру сыйлықтары табыс етіліп, I, II, III орындар тиісінше Ағырыс Рамазанқызына (Сайқын), Нұрзила Амангелдіге (Саралжын) және Жасмина Жанқуатқызына (Сайқын) берілді.

Қолөнер   шығармашылығы – «Қазақстан болашағы» («ЭКСПО – 2017» көрмесіне арналаған) номинацияның үшінші жүлдесін Баянсұлу Ғайнуш (Орда) қанжығасына байласа, екінші жүлдені Бекарыс Ересовтың (Саралжын), бірінші жүлде Заманбек Ерсайыновтың (Мұратсай) еншісіне тиді.

Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда. Жас жеңімпазды анықтаушы қатал да сыншыл, бірақ, әділ де мейірімді қазылар алқасы жүректері нәзік, ойлары бұлақ суындай мөлдір балалардың өнерлеріне осылайша лайықты бағаларын берді. Көпшілік көрермен де олардың өнеріне риза болып тарасты.

Әділет ӘБДІРОВ.