Тұрғындар тілегіне құлақ түрілді

 

Өткен сенбі күні аудандық демалыс орталығының фойесінде «Ашық әкімдік» атты ашық есік күні өтті. Бұл басқосуға аудан әкімдігі, құқық қорғау, құрылыс, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, білім беру, денсаулық саласы, «Қазпошта» АҚ, ветеринария, өзге де сала басшылары қатысып, ауыл тұрғындарының сауалдарына жауап берді.

Ашық есік күніне келушілердің бірі көкейіндегі ойын ортаға салса, екіншісі отбасы қиындықтарын, тұрақты жұмысқа орналаса алмай жүргенін айтып, келесісі баспана мәселесі жөнінде жәрдем сұрап, ағынан жарылды. Нақтырақ айтар болсақ, Есімова Катюша есімді келіншек тұрғын үй кезегіне тіркелгенін тілге тиек етіп, қашан үй алатынын сұраса, Дүйсенғалиева Айгүл тұрақты жұмысқа орналаса алмай жүргенін, әрі жалдамалы пәтерде тірлік кешіп жатқанынан  хабардар етіп, көмекке мұқтаждығын жеткізді. Жеке кәсіпкер Иманғалиева Айсұлу болса, өзге кәсіпкердің наубайханасын жалға алғанын, арнайы техникасы болмағандықтан астық тасымалдау қиындық тудыратынын айтып, мүмкіндік болса, облыс орталығынан ұн жеткізіп беруге көмек көрсетуді өтінді.

Өз кезегінде аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бисенбек Насимоллин және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ерлан Нүркенов, кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалы директоры Бибігүл Жұмағұловалар заң тұрғысынан нақты жауап беріп, кейбіріне кәсіпкерліктің тиімді жолдарын көрсетіп, ақыл-кеңестерін айтты.

Шарадан соң қатысушылар мәдениет үйі жанындағы күйшілер саябағына 20 түп боз арша және 20 түп шырша  көшеттерін отырғызды.

Гүлнар ТАСБОЛАТҚЫЗЫ.