Пасха – ұлттық мейрам

Славяндықтардың негізгі діни мейрамдарының бірі – Пасха мерекесінде ауылымыздағы осынау ұлт өкілдерін арнайы барып құттықтау дәстүрге айналғалы біраз жылдың жүзі болды. Аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов бастаған бір топ атқамінерлер биыл да бұл үрдістен жаңылмай, «Жүзі басқа, жүрегі бір, тілі басқа, тілегі бір» ауылымыздың кейбір байырғы тұрғындарының шаңырағында болып, ізгі тілектерін жеткізді.

Меймандарды мол дастархан төріне жайғастырған үй иелері бұл мереке қазақтардың Көрісу айты секілді кішінің үлкенге, үлкеннің кішіге құрмет, ізеттілігін көрсететін, қателіктерді кешіріп, мейірім шашатын күн десті. Айта кету керек, осы сапарымызда біз көршілер достастығы үлгісіне куә болғандаймыз. Анна Марченконың шаңырағы төрінен орын алған қазақтың қара домбырасын ол марқұм Сайлау (Насимоллин) көршісінің көзіндей көретінін білсек, Людмила Березинаның Бақыт Ерекешева мен Қанита Бектелеуова әжелермен жолдастығы алды жарты ғасырға, кейінгісі 35 жылға жуықтағанынан, ал, тоқсаннан асқан шағында туған жердің топырағын сонау Мәскеуден аңсап келген Александра Сусинаны кезінде көршісі бір ажалдан аман алып қалғандығынан хабардар болдық.

Иә, сұм соғысты да, оның салдарын да, басқа да талай қиындықты бастан кешірген кейуаналардың салиқалы әңгімелерінің соңы «Тек еліміз тыныш болғай, ұлтаралық татулығымызға сызат түспегей» деген баталы сөзімен тамамдалып отырды. Мұндай жылы лебіздерді «Жақсылық нұры» («Луч добра») славян этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Дмитрий Семилиди мен бірлестік мүшесі Андрей Березиннің жанұясынан да естідік.

Лайым солай болғай!

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ.