Зердеге ой салған жиын

«Нұр Отан» партиясының  «Сыбайлас жемқорлығы жоқ ел – өркендеуші ел» атты  жобасы аясында жас ұрпақты жең ұшынан жалғасқан сыбайластықтан сақтандыру мақсатында Бөкей ордасы  колледжі студенттерінің құқық қорғау органы өкілдерімен кездесуі ұйымдастырылды.

Айтулы басқосуды ашқан колледж директоры Б.Лұқпанов жобаның мән-маңызын түсіндіріп, студенттерді жақсы оқып, адал еңбек етуге шақырды. Жиынға қатысқан «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Арыстанбеков, аудан әкімінің орынбасары Л.Қайырғалиева, аудандық жергілікті полиция бастығы Е.Жоралиев, аудандық прокуратураның аға прокуроры Р.Шәкіржанов, әділет басқармасының басшысы А.Атаев әділеттіліктен аттап, құлқыңның құлы болу жақсылыққа апармайтынын, абыройдан айырып, елге күлкі етер жағдай екенін студенттер санасына жеткізуге тырысты.

Қазақстанда сыбайлас жемқорлықтың кең тамыр жайып кеткені, осынау індеттен бойларын аулақ салып, еңбек дәмін маңдай терлерімен өтеулері қажеттілігі түсіндірілген жиын болашақ маман иелерінің зердесіне ой салғаны анық. Біреулердің пара талап ету жағдайлары кездессе, дереу  «Сенім» телефондары  арқылы аудандық прокуратураға хабарласуға болатыны қаперге берілді. Сондай-ақ, жалпы сыбайластық төңірегінде ақпарат  мейлінше аз таратылып келе жатқаны жайында да ой-пікірлер ортаға салынды.

Гүлнар ТҰРСЫНТЕГІ.