Көрме көңіл көкжиегімізді кеңейтті

Мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінен  «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығын өткен жылы тамамдап, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен ауданымыздағы мектептен тыс тәрбие орталығына қосымша білім беру педагогы болып орналастым. Аз уақыт ішінде ұжымыма сіңісіп, тәжірибе жинақтай бастадым. Тәрбие орталығының ұсынысымен аудандық білім беру бөлімі мені Астана қаласындағы «WORLDDIDAC ASTANA – 2017» халықаралық көрмесіне жіберді. Көрмеге ауданнан Жасұлан Омаров (М.Мәметова атындағы орта мектеп) екеуміз қатыстық. «ЭКСПО – 2017» шарасына мемлекетіміз мықты дайындалып жатқаны байқалады. Біз барған  халықаралық көрме орталығындағы 3D принтерлер, робототехника, даму мүмкіндігі шектеулі балаларды дамытуға арналған түрлі заманауи технологияны көргенде таң-тамаша қалдық. Және олардың бәрі де қолданысқа енгізілген көрінеді.

Сәуір айының 4-6-сы аралығында мұнда «Заманауи ақпараттық білім беру ортасы: дәстүр және инновация» халықаралық конференциясы ұйымдастырылды.  Әр тақырып бойынша бөлініп өткізілген семинарларға әдеттегідей келушілерді тіркеп жатқан адамды көрмедік. Семинардан соң ғана әрқайсымызға карточка беріп, сертификаттар табыстады. Бұл жүйенің уақытты тиімді пайдалануға септігі молдығын байқадық. Әр құрылғы жанында үстелдер қойылып, «КОФЕБРЕЙК» ұйымдастырылған. Кофе ішіп отырып, құрылғылардың қалай жұмыс жасайтынын қарайсың. Біздің көз алдымызда да түрлі дүниелер жасалып жатты.

Университет қабырғасында жүргенде де біраз көрмелерді көргенмін. Осы жолы көп мәліметтерге қанығып, үлкен әсер алдым.  Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.  Ерекше архитектурасымен көздің жауын алатын «ЭКСПО – 2017» ғимараттарын да тамашаладық. Дайындық барша қонақтарымыздың көңілінен шығады деген ойдамын. Көңілімізді көтеріп, шабыт сыйлаған осындай сапарға жолдама берген басшыларымызға да алғысымыз шексіз.

Алмас НӘРЕГЕЙ,

аудандық мектептен тыс тәрбие орталығының

 қосымша білім беру педагогы.