25.04.2017, 14:23
Қараулар: 265
Қасірет ала келген сынақ

Қасірет ала келген сынақ

Естіген адамға тек қорқыныш сезімін ұялатып қоймай, қатер төндіретін ядролық сынақ алаңдары мен атом электр станцияларындағы жарылыстар қаншама?! Күллі әлемге қасірет әкелген осы тажалдан адамзат пен табиғат орасан зор зардап шегуде. Сынақ алаңдарынан тараған химиялық элементтерден уланған жандардың тірі қалғандары әлі күнге дейін өмір үшін арпалысып келеді. Ядролық қарулардың орны толмас өкініштер әкелетіндігін оқушыларға жеткізу мақсатында жақында М-С.Бабажанов атындағы орта мектепте де мұғалімдер К.Нұрғалиева мен А.Ишанғалиеваның ұйымдастыруымен «Ғаламға қасірет әкелген ядролық сынақтар» атты конференция өтті.

Онда «Азғыр», «Капустин-Яр», «Семей» сынды қазақ жеріне орналасқан ядролық сынақ алаңдары туралы кеңінен әңгімеленіп, 1986 жылғы 26 сәуірде  Чернобыль АЭС-ында болған жарылыстың жайы да қамтылды. Шараға шақырылған қонақтардың арасында сол апатты жоюға қатысқан жерлесіміз Темірхан Әйтенов (суретте) және аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Исатай Құрмашев, «Нарын жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жалғас Әшенов, мектеп директоры Жұбан Ғұмаров, ұстаздар мен шәкірттер болды.

Оқушылар Б.Ғаділова «Ядролық физика», Д.Амантаева «Азғырдағы ядролық сынақ», А.Кереева «Нарын тағдыры», Н.Абдиашим «Семей полигонының адамзатқа тигізген зияны» баяндамаларын оқыса, Ұ.Бөкенова «Не қымбат?» атты өлең оқыды. Тарихшы К.Нұрғалиева ядролық полигондардың тарихына тоқталса, физика пәнінің мұғалімі А.Ишанғалиева 1945 жылдың тамыз айында Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларында болған ядролық жарылыстардан зардап шеккен Садако Сасаки есімді қыз баланың аянышты тағдырын сөз етті. Әңгіменің әсерлі шығуына бірден-бір көрініс оригами тәсілімен Сасаки жасаған тырналардың залдан табылуы еді.

Шара соңында «Тілек айту» тренингі ұйымдастырылды. Қатысушылар үлестірілген түрлі-түсті жіптерді жақсы тілектермен бір-бірінің қолдарына байлады.

Медет ИРАНОВ.

Сайқын ауылы.