10.05.2017, 12:40
Қараулар: 281
Комиссар Ж.Алтаяқовтың өмірінен бір үзік сыр

Комиссар Ж.Алтаяқовтың өмірінен бір үзік сыр

Жиенбай Алтаяқовтың есімі Бөкей ордасы жұртшылығына жақсы таныс. Саналы өмірін әскери салаға арнаған жанның  маңдайына қайта құрылған Орда ауданының алғашқы  әскери комиссары  атанып, туған жерге  адалдықпен қызмет ету бақыты бұйырыпты. Мектеп бітіргеннен кейін  М.Мәметова атындағы кеңшарда еңбек жолын бастаған оның тағдыры осылайша  басқа арнаға  бұрыларын  кім білген?!  Қарапайым ауыл баласы әскери борышын Солтүстік теңіз флотында өтеп, кіші лейтенант шенімен елге оралғаннан соң бар ғұмыры әскери комиссариатта өтті. Алғашында Жәнібек, кейін Орда аудандарында, соңғы жылдары облыстық комиссариатта қызмет атқарды. «Жазмыштан озмыш жоқ» дегендей, сол ардақты жанның  бұл фәнимен қоштасқанына да  үш жыл…

 

Кейіпкеріміз 1940 жылы Орда ауданы, Сайқын ауылының Сартөлген ауылында  дүние есігін ашқан. Ата-анасы қарапайым ғана тұрмыс кешкен еңбекқор жандар тұғын.  Екі ұлдың кішісі болғанымен, еркелікке салынбады,  ынталы, зерек болып ер жетті. Өйткені, қатал тағдыр Алтаяқовтарды аз сынамады. Майданға аттанған әкелері шейіт болды. Тұрмыс тауқыметі өз алдына… Сол күндердің күнгей жағынан көлеңкелі жағы басым болса да, Жиенбай ағамыз жарқын болашаққа деген үмітін үзбеген еді.

1947-1954 жылдар аралығында Жиенбай Алтаяқов  Ленин атындағы жеті жылдық мектепті,  ал, 1957 жылы Жәңгір хан атындағы орта мектепті үздік бағамен аяқтайды.  Еңбек жолын 1957-1958 жылдар аралығында М.Мәметова атындағы кеңшарда қатардағы жұмысшы болып бастаған. Орал ауыл шаруашылық техникумының ветеринария факультетін бітіріп келіп,  аталмыш кеңшарда кіші мал дәрігері де болған. 1962 жылы әскерге шақырылып, Солтүстік флотта Отан алдындағы міндетін абыроймен өтеп, қысқа мерзімді  офицерлер дайындайтын курстан өтеді.  Кіші лейтанант шенімен ауылға оралады. 1966 жылдың күзінде кеңшар  бастауыш комсомол ұйымының хатшылығына сайланады. Кейін аудандық әскери комиссариатқа  шақырылып, комиссардың көмекшісі, орынбасары, 1977 жылы Орда ауданындағы  жаңадан іргесі қаланған әскери комиссариаттың алғашқы комиссарлығына тағайындалады.

Мереке қарсаңында Жиенбай Алтаяқовтың шаңырағына арнайы бас сұғып, зайыбы Сара апамыздан ағамен бірге кешкен өмірінен сыр тартқанбыз.  Ол былай деді:

– Жиенбай қызмет бабымен ұзақ жылдар туған ауылынан жырақта жүрді ғой. Өз абыройына, туған жерінің атына кір келтірмеді. Жаратқан ием мөлшерлеп ғұмыр берген болса, сол ғұмырының тең жартысын әскери салаға арнап, жанкештілікпен еңбек етті. Алайда, ауылда қарт шешесі мен ағасы бар тұғын. Анасы мен бауырына қарайласайын, елге де еңбегім сіңсін деген мақсатпен  ауылға оралады. Құдай сәтін салып, әскери қызметін Жәнібекте жалғастырды. Екеуімізде сол кезде жас маманбыз ғой. Танысып, құдды баяғыдан білетін жандар секілді тіл табысып кеткен жайымыз бар.  Екеуара да сыйластық болды, ол сезімге ұласты. 1968 жылы шаңырақ құруға бекіндік. Аллаға шүкір, елу жылдай ғұмырымызды бірге өткізген екенбіз. Кейін  қайта құрылған  Орда аудандық комиссариатына Жиенбайды  әскери комиссар етіп тағайындаған соң,  Сайқынға көшіп келдік. Тәубе, жан-жарыммен бақытты  тұрмыс кештім.  Үлкеніміз Манарбек бүгінде  аудандық білім бөлімінің білікті маманы, екі қызғалдақтың әкесі. Тұңғыш немеремізді ұзаттық. Кенжеміз Бауыржан облыстық қорғаныс істері жөніндегі  департаменттің әскерге шақыру бөлімі бастығы. Екі ұл, бір қызы бар. Келіндерім де көрегенді жердің ибалы қыздары. Жиенбай бұ дүниден кеткелі, жалғызсыраған көңілімді аулап, қабағыма қарағыштап  жүрген ниеттерінен айналдым. Қайғыдан жапа шексем де, бір жағынан жақсының  жалғасы барын сезініп, соған шүкіршілік етемін.  Бес немерем  бар… (Сара апа осы жерде көз жасына ерік берді).

– Әдетте, әскерилерді темірдей тәртіптің адамдары деген түсінік қалыптасқан ғой. Ағамыз қандай еді?

– Жиенбай – өте жұмсақ адам. Иә, шенділерге мұндай жұмсақтық жараспас дер әлдебіреулер. Бірақ, ол кісі осындай көркем мінезімен айналасына сыйлы еді. Тек отбасына ғана емес, қоластындағыларға да жанашырлық танытып жүретін. Үнемі «Жақсылық жасаудан қашпаңдар» дейтін жарықтық! Қысылғанға қол ұшын беріп, маңдайынан сипап, демейтін. Оның шарапатын көргендер  бүгінде өмірден өз орындарын тапты. Аты-жөндерін жариялап айтпай-ақ қояйын. Тіпті, қос ұлына ешқашан қол жұмсап көрген емес. Тәрбиеде өзіндік тактикасы болатын. «Жігіт уәдеге берік, жігерлі болуы тиіс» дейтін.  Әкелерінің Манарбек пен Бауыржанның әскери  салада қызмет атқарса деген ниеті болса да, күштеген емес. Өйткені, үнемі ұлдарына «Талап пен еңбектің арқасында ғана абырой-беделдің шыңынан көрініп, құрметке бөленесіңдер. Қай қызметтің тізгінін ұстасаңыз да адалдықтан таймаңдар» деп жиі айтатын. Десе де, Бауыржан мен Манарбек те кішкентайларынан әкенің  жүріс-тұрысынан  үлгі алатын. Өмір бойы әке ұстанымын, әке адалдығын бойына сіңіріп өсті. Ұлдарыма ризамын.

 

Ардақты азамат 1989 жылы зейнетерлікке шығады. Жастайынан еңбекте шыңдалған ол қол қусырып отыруды қаламай, қоғамдық жұмыстарда да белсенділік танытады. 1990 жылы Шоңай ауылдық кеңесі төрағалығына сайланса, 1994 жылы Батыс Қазақстан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментіне қызметке шақырылады. Мінсіз әскери қызметі үшін саланың 1-2-3 дәрежелі медальдарымен де марапатталған.  БҚО қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы, полковник Г.Мұқатаевпен бірге әскери патриоттық тақырыпта кітапшалар да шығарыпты.

Еңбегімен жұртшылық құрметіне бөленген ол облыс, аудан тарихында лайықты орны бар зиялы тұлға. Бізбен қоштасар сәтте Сара апамыз Орда аудандық әскери комиссариатының алғашқы комиссары саналатын  Жиенбай Алтаяқовтың есімі ескерусіз қалмаса, тым болмаса, өзі істеген мекемеде  бұрыш жасақталып, тақта қойылса деген тілек білдірді. Аманатқа қиянат қылмайық деп апайдың сөзін біз де көпшілікке жеткізуді жөн көрдік. Ірілік пен ізгілікті, кесектік пен кішілікті бір бойына сіңірген Жиенбай Омарұлының есімі жерлестерінің жадында мәңгі қалуға лайықты да.

Арайлым ЕСМАҒҰЛОВА.

Суреттерде: 1.Комиссар Ж.Алтаяқов;

2.Ардақты азамат отбасымен бірге.