Бала тәрбиесі бейқамдықты сүймейді

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жоспарына сай 12 мамыр күні республика бойынша ата-аналар жиналысы өткені мәлім. Осындай жиын біздің аудан мектептерінде де оздырылды. М-С.Бабажанов атындағы орта мектептің акт залында өткен ата-аналардың  сондай бас қосуына аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ержан Иманбаев, Сайқын ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Аққалиев қатысты.

 

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша мектептегі қамқоршылық кеңестің жұмысы туралы мектеп  директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлімжан Махмудова, мектеп бітіру емтихандары және ҰБТ-дағы өзгерістер жөнінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Қадымова, оқушылардың таным деңгейі, әлеуметтік жағдайы жайында психолог Тоғжан Хайыровалардың баяндамалары тыңдалып, тақырыпқа қатысты бейнеролик те көрсетілді.

Лариса Тельманқызы отбасындағы тәрбие мәселесі баланың тұлға ретінде  қалыптасуының негізі екеніне тоқталып, кей ата-аналардың арақ-шарапқа үйір болып,  тәрбиеде салғырттық танытып жүргенін баса көрсетті.  Егер оқушы себепсіз үш күн сабаққа қатыспаған жағдайда, ата-ана жауапқа тартылатынын қаперге берді. Әрі көпті толғандырып отырған жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік, көкек-аналар, балалар өміріне қауіп төндіретін оқыс оқиғалар (суға кету, күйіп қалу, ит қабу, құлап мертігу) төңірегінде де әңгіме қозғалып,  бала өміріне  бей-жай қарауға болмайтындығы ескертілді. Сонымен бірге, әкімшілік жанындағы қамқоршылық кеңестің құрамына ата-аналарды да тарту жайында ұсыныс түсіріліп, оған Салтанат Молдашева енгізілді.

Сондай-ақ, жиында маусым айының он жетісі күні Астана қаласында  ашылатын  «ЭКСПО-2017»  халықаралық  көрмесіне аз қамтылған отбасыларынан 180 бала  (аудандық бюджет есебінен)  жібергелі отырғандығы сөз болды. «Қуантсаң, баланы қуант» дегендей, бұл да оқушылар үшін жасалып жатқан ізгі іс екені анық.

Басқосуда ата-аналар да белсенділік танытып, өз ойларын ортаға салды. «Жаста берген тәрбие, жас шыбықты игендей» дегендей, жасөскін тәрбиесі ешкімді бей-жай қалдырмауы тиіс. Осыны естен шығармау баршамыздың парызымыз, ағайын!

Гүлнар ТАСБОЛАТҚЫЗЫ.