Жас ұстаздар байқауы

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға»-деп Абай атамыз айтқандай, осындай ұлы қызметті жүрек қалауларымен таңдап, бала жанының бағбанына айналған жандардың қатары жыл өткен сайын жас мамандармен толығуда. Бүгінгі жас маман ертең-ақ білікті де білімді, жаңашыл да көшбасшы педагогке айналары хақ. Оларға бағыт-бағдар беру, әдістемелік көмек көрсету – тағайындалған тәлімгерлер мен жас ұстаздар жетекшісінің міндеті.

Ш.Жексенбаев атындағы орта мектеп-бөбекжайында жас мұғалімдердің жыл бойы өткізген жұмыстарын саралау, кәсіби өсуіне ықпал жасау, шығармашылық қабілеттерін шыңдау мақсатында дәстүрлі «Жылдың үздік жас ұстазы – 2017» байқауы (ұйымдастырушылар – жас ұстаздар жетекшісі Гүлжан Маратқызы мен қосымша білім беру педагогі Нұрия Амантайқызы) өткізілді. Байқау екі бөлімнен тұрды. Ашық сабақтар мен сыныптан тыс шаралар және қорытынды бөлімде өздерін таныстырып, педагогикалық жағдаяттарды шешті, өз өнерлерін ортаға  салды. Байқауға қатысқан алты үміткер де сайыстың әр кезеңінде өздерінің сегіз қырлы, бір сырлы екендіктерін байқата білді. Бірі сабақ берудегі жаңашылдығы мен кәсіби шеберлігін көрсетсе, екіншісі үздік сыныптан тыс шара өткізіп, енді бірі мың бұралған биімен, тамылжыта салған әнімен көпшілікті таңғалдырды.

Байқаудың қорытындысында «Жылдың үздік жас ұстазы – 2017» аталымы тарих пәні мұғалімі Ф.Мұқатовқа бұйырса, ағылшын тілі пәні мұғалімі Ф.Әжіханова екінші, орыс тілі пәні мұғалімі Л.Ғабдоллина үшінші орыннан көрінді. Байқау соңында сөз алған мектеп басшысы Ардақ Әлиева жігерлі жастарды жеңістерімен құттықтап, қиындығы мен қызығы мол еңбек жолдарына сәттіліктер тіледі, естелік сыйлықтар табыстады.

Г.САДЫҚОВА,

 жас ұстаздар жетекшісі.