Прокуратура ұйымдастырған жарыс

Аудандық прокуратураның ұйымдастыруымен 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және ҚР Қарулы Күштерінің 25 жылдығына орай мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында волейболдан, балалар және жасөспірімдер арасында кіші футболдан жарыс оздырылды.

 

Волейбол ойынына аудан әкімдігі, аудандық сот және прокуратура, аудандық ішкі істер бөлімі, аудандық өрт сөндіру бөлімі командалары қатысты. Аталмыш шараны аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева ашып, барша ер-азаматтарды айтулы мерекемен шын жүректен құттықтады. Келесі кезекте Бөкей ордасы ауданының прокуроры Нартай Байменов қатысушы командаларға сәттілік тілесе, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Дмитрий Семилиди жарыс ережесімен таныстырды. Тартысты өткен ойында аудан әкімдігі командасы бірінші, ішкі істер бөлімі командасы екінші, сот және прокуратура командасы үшінші орындарға ие болса, шеберлігімен көзге түскен Қуандық Сұлтанияров «үздік шабуылшы», Ақжүніс Нұрланова «үздік ойыншы», Мереке Бисембаев «үздік қорғаушы», Руслан Шәкіржанов «ардагер-спортшы» атанды.

Ал, аяқдоп додасында аудан прокуроры кубогін А.Құсайынов (Мұратсай ауылы) командасы еншілесе, екінші орын М-С.Бабажанов (Сайқын ауылы) мектебі ойыншыларына бұйырды. Үшінші жүлде аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі еншісіне тиді.

Жеңімпаз командалар кубогтармен марапатталып, Мақтау қағаздары табысталды. Жарысты қорытындылаған аудан прокуроры командаларға алғысын білдіріп, жеңімпаздарды құттықтады.

Әділет ӘЗІЛХАНҰЛЫ.