Төрт айды түйіндесек…

Заңдылықты нығайтуға, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтауға, қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге бағытталған жұмыстар біздің ауданымызда да ойдағыдай атқарылып жатқандығы жөнінде әлеуметтік желілерде, мерзімді басылымдарда көрініс тауып жүр. Осы жайлар төңірегінде толығырақ білмек ниетпен аудан прокуроры Нартай Байменовты әңгімеге тартқан едік.

 

– Нартай Елібайұлы, үстіміздегі жылдың төрт айы артта қалды. Осы мерзім ішінде  аудандық прокуратурада қандай жұмыстар жүзеге асырылды?

 

– Биылғы төрт айды түйіндесек, аудандық прокуратурамен 2 тексеріс жүргізіліп, 77 заң бұзушылық анықталды. Соның негізінде 18 ұсыныс жолданып, заң бұзушылыққа жол берген 17 тұлға тәртіптік, 3-еуі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Біздің наразылық білдіруімізбен заңға қайшы келетін 2 акт өз күшін жойды. Сонымен қатар, ағымдағы жылы аудан прокурорының қатысымен аудандық сотта 5 қылмыстық, 3 азаматтық және 77 әкімшілік іс қаралды.

Аудандық ішкі істер бөлімінің әкімшілік істерін қарау барысында прокурор ұсынысы бойынша 5 жеке қаулы шығарылып, аудандық сотпен қабылданған жеке қаулылар негізінде аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметінің 5 учаскелік инспекторы жауапкершілікке тартылды. Қылмыстық істердің тергелу сапалылығы зерделеніп, тиісті нұсқаулар берілді. Әрі Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының «Ұрлықты тоқтат» жобасын іске асыру мақсатында да біркелкі жұмыстар атқарылды.

 

Жалпы ауданымызда заңдылықтың сақталуын прокурор көзімен қалай пайымдар едіңіз?

– Заңдылықты қадағалаушы орган болғандықтан, аудан аумағындағы барлық  мекемелермен тығыз байланыс ұстауға тырысамыз. Сондықтан қылмыстың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері бойынша құқық қорғау, жергілікті атқарушы және мүдделі органдардың қызметін үйлестіру, ведомствоаралық қатынасты жақсарту жолында көптеген шаралар атқарылуда. Мәселен, аудандық прокуратураның бастамасымен ағымдағы жылдың өткен мерзімінде қылмыс пен заң бұзушылықтың алдын алу және оның көрсеткішін төмендету мақсатында жергілікті атқарушы, ішкі істер бөлімі және уәкілетті органдар қызметкерлерінің қатысымен ведомствоаралық кеңес өткізіліп, тиісті нұсқаулар да берілді. Нәтижесінде биылғы қылмыс саны өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 10,3 пайызға төмендеді.

 

– Экономикамыздың негізгі қозғаушы күшіне айналған кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жайы нешік?

 

– Аудандық прокуратурамен сәуір айында «Кәсіпкер және шенеунік» акциясы өткізіліп, онда кәсіпкерліктің дамуына кедергі келдіріп отырған жайлар ортаға салынды. Жоғары жақтың қолдауын қажет ететін өзекті мәселелер облыстық прокуратураға хабарланды.

Реті келген соң айта кетелік, жақында аудан прокуратурасының сенім телефонына Бисен ауылының тұрғыны, азаматша Э.К. ауылдық «Қазпошта» мекемесінің қызметкері өз міндетіне салғырт қарап, тиесілі жәрдемақысын төрт ай бойы бермей жүргендігі жөнінде хабарлады. Тексеріс кезінде ол расталды. Тұрғындардың осындай өздерін мазалап жүрген сұрақтары болса, аудан прокуратурасының сенім телефондарына 8 (71140) 21-2-68, 8 (776) 906 98 76 немесе республикалық тегін 111, 115 нөмірлеріне хабарласуларына болады.

 

– Өкінішке орай, жастар арасында түрлі заң бұзушылықтар орын алып жүргені жасырын емес. Бұл жайындағы статистикалық мәліметтер қандай?

 

– Биыл кәмелет жасына толмағандардың арасында қылмыс жасап, сотталу оқиғасы орын алған жоқ. Оған, ең алдымен, біздің ұсынысымызбен оқушылардың мектепке смартфонмен кіруге болмайтыны сияқты білім беру ұйымдарының жарғыларына өзгерістер енгізілуі себеп деп ойлаймын. Осының негізінде ауданымызда ұялы телефон ұрлығының дерегі тіркелмеді.

Балалардың арасында суицид пен жыныстық қатынастың алдын алу мақсатында аудандық прокуратурамен ағымдағы жылдың ақпан айында жергілікті атқарушы органдардың, АІІБ-нің, жергілікті полиция қызметінің, мектеп директорларының қатысуымен ведомствоаралық кеңес өткізіліп, аталған салада жұмысты күшейту туралы нұсқау берілді. «Балаларды бірге қорғайық!» жобасы бойынша кәмелетке толмағандардың оқу орынына дейінгі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында аудандық прокуратура талдау жүргізіп, ауылдық округтердегі қараңғы көшелерді жарықтандыру, жаяу жүргінші белгілерін орнату жөніндегі прокурорлық ықпал ету актісі енгізілді. Оны орындауға ағымдағы жылы қаржы да бөлінбек.

Әңгімеңізге рахмет!

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ.