Жастар түсті жарысқа

Қ.Сағырбаев атындағы орта мектеп-балабақшасында дәстүрге айналған «Жас келсе, іске!» атты байқау биыл өзгеше форматта «Үздік креативті жас маман – 2017» аталымымен өз жалғасын тапты.

Байқаудың аты айтып тұрғандай, бұл сынға тек жастар түсті. «Үздік креативті сабақ» бөлімінде әр маман нақты да қолжетімді мақсат көздей отырып, әртүрлі тиімді тәсілдерді, жаңа технологияны пайдаланып, ашық сабақтарын өткізуі тиіс болатын. Бастауыш сынып мұғалімі Алиса Ғұбайдоллинаның тағылымға толы сыни ойландыратын, өмірмен байланыстырылған «Малды пайдаға жарату» сабағы, биолог Ақерке Маратова мен бейнелеу өнері пәнінің ұстазы Айжан Қарақұлованың жоғары деңгейде ұйымдастыра білген сабақтары қазылар алқасын қуантты. Сонымен қатар  шәкірттердің өз бетімен жұмыстануға әбден дағдыланғаны, пәнге деген ерекше қызығушылықтары байқалды. Ал, Айгерім Өтеғалиеваның сабағы нағыз шығармашылық алаңы болды десек артықтық етпес. Оқушылардың әрбір тапсырмаға үлестерін қосып, шығармашылық қабілеттерін танытуы педагог ойының орындалғандығын аңғартты.

Қазіргі заманда мұғалімге қойылатын талап күшеюде. Сол талаптардың ішінен мұғалімнің ойлары мен түсініктерін, идеялары мен пайымдауларын жеткізуге мүмкіндік беретін ұйымдастырушылық, көшбасшылық қабілетін байқататын аудитория және жұмыс бөлімі екені даусыз. Бұл кезеңде қатысушылар 30-40 минутта белгілі мәтінде семинар-практикум өткізулері қажет еді. «Оқытудағы интербелсенді тәсілдер. Талқылау құралдары» тақырыбындағы А.Маратованың семинар-практикумды өзгелерге ой салатындай етіп ұйымдастыруы, емін-еркін сөйлеу дағдысының қалыптасып қалғандығы, аудиторияны үйіріп әкетуі құптарлық. А.Ғұбайдоллина «Тиімді бағалау түрлері» жұмысында бағалау тәсілдерінің өзгеше түрлерін көрсетіп, өмірмен байланыстыратын жаттығуларды орындаса, А.Қарақұлованың семинарында критериалды бағалаудың тиімділігіне көз жеткіздік. Айта кетелік, осы бөлімде қай-қай  маманның да таңдаған тақырыптары өзекті болды. 

Үшінші бөлімнің тапсырмасы – оқу кабинеттерін креативті безендіру. Яғни, әр жас маман сыныпты сабақтарында қолдануға болатын көрнекіліктермен безендіріп, дидактикалық материалдармен толықтырды. Сынға түскендердің жұмысын саралай келе бастауыш сынып мұғалімі Алиса Ғұбайдоллина «Үздік креативті жас маман – 2017» атанса, І, ІІ, ІІІ орындар тиісінше Ақерке Маратова, Айжан Қарақұлова және Айгерім Өтеғалиеваға бұйырды. Ағылшын тілі пәні мұғалімі Мирхат Ахтаров «Ізденімпаз ұстаз», оқушылар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде Ақерке Маратова «Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз» номинацияларын иемденді.

Жас мамандардың көздерінен шығармашылық ұшқынды байқап, болашақ өмірлеріне қажетті бағытты сілтей білгенімізге іштей разы болып тарқастық. Себебі, қай кезде де жастардың жалындап жүргені жарасымды ғой.

Қалампыр ҚҰНАНОВА,

жас ұстаздар тобының жетекшісі.