Абыройлы азамат

Т.Масин атындағы орта мектепте 2001 жылы технология және бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастаған Б.Ж.Сейіткереев бұл күнде еңбекқорлығы, ізденімпаздығы, талапшылдығы және балалармен жұмыс істей білуі арқасында ұлағатты ұстаз ретінде ауылдастарына кеңінен танымал. Ол сабақтарына тиянақты әзірлікпен келіп, жаңа технологиялардың әдіс-тәсілдерін тиімді пайдаланады. Сабақтан тыс шараларын да қызықты жүргізеді. «ZIAT» ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Менің үздік презентациялық сабағым» атты мұғалімдердің республикалық сайысында І орын алып, «Тәрбиелік жұмыста презентацияның қолданылуы» номинациясы бойынша ІІ орынды иеленуі соның дәлелі. Республика мұғалімдерінің әдістемелік мақалалар жинағына «Электротехникалық арматура» тақырыбындағы сабағы енгізілді.

Биболат Жұматайұлын әріптестері өзіне де, өзгеге де қатаң талап қоя білетін шебер ұйымдастырушы, білімді, елінің жанашыры, болашақ ұрпақтың қамқоршысы, шәкірттерінің сүйікті ұстазы ретінде таниды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «Тәуелсіздік – тұғырым» атты республикалық көркемсуреттер байқауына қатысқан оқушылары  5-сыныптағы Айша Боранбайқызы бас жүлдені, ал, 3-сыныптағы Бейбарыс Оразбайұлы І орынды жеңіп алды. Шәкірттерінің осы жетістіктері үшін Биболат Сейіткереев пен мектеп директоры Айбек Дінисламов ұйымдастырушылардың Алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ, республикалық «Шебер» қолданбалы қолөнер байқауына 10-сынып оқушысы Орынбек Оңаев қатысып, І дәрежелі дипломды қанжығасына байласа, ұстазы да байқаудан дипломмен оралды. Ұстаз еңбегі аудандық білім беру бөлімінің Құрмет грамотасымен және Бисен ауылдық округі әкімінің  Мадақтамасымен аталып өтілді.

Биболат Жұматайұлына шәкірттерінің қабілеттерін жетілдіру арқылы биіктерден көрініп, абыройыңыз асқақтай берсін  деген тілек білдіреміз.

А.ҚИСМЕТОВА,

жоғары санатты мұғалім.

Жиекқұм ауылы.

Бисен ауылдық округі.