Мәмбет ауылындағы марихуана…

Қазақстан Республикасының 1989 жылы шыққан заңында есірткі, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл шаралары белгіленген. Бұл заң мемлекеттік саясаттың құқықтық негіздерін реттейді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 11-тарауында халық денсаулығына және имандылыққа қарсы қылмыстық құқықбұзушылықтар, осы тараудың 296-бабында есірткі, психотроптық заттарды, сол  тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындағаны, қайта өңдегені, иемденгені, сақтағаны, тасымалдағаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделген.

Аудандық сотта 1979 жылы туылған А. есімді азаматқа қатысты есірткі заттарды (өткізу мақсатынсыз) заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық іс қаралды. Істің мән-жайы төмендегідей. Аталмыш азамат 2016 жылы Сайқын ауылдық округіне қарасты Мәмбет ауылынан тұрғын үй сатып алып, мал өсірумен айналысады. Сол жылы  мал жайып жүріп, өсіп тұрған сораны жинап алады. Мәмбет  және Сайқын ауылындағы тұратын үйінің қораларына жасырып, сақтаған. Сотпен санкцияланған тұрғынның үйін тінту барысында  сұрғылт-жасыл түсті ерекше иісі бар өсімдік тәркіленді. Сараптама  қорытындысында бұл кептірілген (жалпы салмағы 1,58 грамдай)  өсімдік марихуана болып табылған.

Сот мәжілісінде сотталушы есірткі затын заңсыз сақтаған әрекетін толық мойынына алды. Құқықтық статистика басқармасының мәліметі бойынша бұл азаматтың осыған дейін де есірткіні заңсыз сақтағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылғаны анықталды. Яғни, бұдан түйгеніміз, ол істеген қылмыстық әркетінен  ешқандай қорытынды шығармай, қайтадан құқықбұзушылыққа барған.

Сотталушы асырауында кәмелеттік жасқа толмаған төрт баласының барын  және әйелінің жұмыс істемейтінін айтып, өз әрекетіне өкініш білдірді. Жаза тағайындау кезінде қылмыстық құқықбұзушылықтың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесі, сотталушының жеке басы, сондай-ақ, тағайындалған жазаның айыпкердің түзелуіне және оның отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың тіршілік жағдайына ықпалы ескеріліп, А.-ға 180 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы тағайындалды. Бүгінде  сот үкімі заңды күшіне енді.

«Сүрінгеннің алды жар, арты соқпақ» дегендей, жасы қырыққа таялған азамат енді бармақ тістетіп, опындырар іске бармас деп сенеміз.

              Гүлжиһан САҒИТОВА,                                  

        аудандық

                                              соттың төрайымы.