23.05.2017, 13:06
Қараулар: 352
Күн тәртібінде – МӘМС

Күн тәртібінде – МӘМС

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарын түсіндіру жөніндегі аудандық штабтың (төрағасы аудан әкімі Н.С.Рахымжанов) кезекті отырысының күн тәртібіне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) мәселесі қойылды.

Аудандық аурухана директоры Ә.Ғаббас пен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Ж.Еркеғалиев халық денсаулығын қорғаудағы, емдік қызмет көрсету саласындағы өзгерістерді егжей-тегжейлі баяндап, 1 шілдеге дейін тұрғындар тізімі нақтыланып, емдеу орындарына тіркелуі тиіс екенін жан-жақты түсіндірді. Әділгерей Уәлиұлы ауылдық округте есепте тұрғандардың қайсыбірі қалаға, не басқа өңірге қоныс аударып немесе жұмысқа кеткендерін, бес жүзге жуық студенттің әлі күнге есептен шықпағандарын, керісінше, ауданымызда тұрып жатқандардың бізге есепке отырмағандарын мәлімдесе, Жанғуат Жұмарыстанұлы әр азаматтың әлеуметтік жағдайын нақты белгілеп, сол адам үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарнаны кім аударатынын анықтаудың маңыздылығына тоқталды. Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығының аудандық бөлімшесі басшысы Берік Қойшекенов, аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева, тағы басқалар шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерліктегі жұмысшы-қызметкерлердің, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандардың, жұмыссыз жүргендердің есебін нақтылау бағытындағы өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Отырысты қорытындылаған Нұрлан Сағынтайұлы күн тәртібіндегі мәселені 1 шілдеге дейін тиянақтау үшін штаб мүшелеріне тапсырмалар жүктеді.

ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН.

Аудан әкімдігінде

Басқа да мақалалар