23.05.2017, 13:10
Қараулар: 293
Кооперативтің көмегі көп оның игілігін көру өз қолыңызда

Кооперативтің көмегі көп оның игілігін көру өз қолыңызда

Бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау – Елбасымыздың биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында аграрлық секторда Үкімет пен әкімдерге жүктеген жеті тапсырманың бірі.

Қазір осы бағытта жер-жерде жұмыстар жүріп жатыр. Біздің ауданымызда да «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы (АҚ) арқылы несие беру өріс алуда. Оны алушылардың дені ауыл шаруашылық кооперативіне біріккендер. Мұндай кооперативтер саны ауданымызда әлі аз, әзірге үшеу ғана. Олардың әрқайсысында 20-21 мүше бар. Орда ауылдық округіндегі Нұртай Забесов жетекшілік ететін «Мешітқұм» кооперативінің 5 мүшесі аталмыш қордан 14 млн. 100 мың, Бисен ауылындағы Данияр Аймағаметов жетекшілік ететін «Атамекен» кооперативінің 8 мүшесі 27 млн. теңге несиеге қол жеткізіп, оған баспақтар сатып алып, әрқайсысы өз аулаларында бордақылауға қойып жатыр. Қажетті кондицияға жеткізіп, кооператив арқылы етке өткізгенде әр бас малға мемлекет 20 мың теңге үстеме ақы және төлейді.

Міне, «Береке» атты бағдарламаның өзге бағдарламалардан бір артықшылығы осы. Әркім өз ауласында, жеке шаруашылығында мал өсіріп, өзі мүше болған кооператив арқылы өнімін мемлекетке тапсырса, қосымша табысқа кенеледі. Осыны біздің тұрғындарымыз жете ұғынбай, түсіне алмай отырған сыңайлы. «Ортақ өгізден, оңаша бұзау» деп әрқайсысы жеке-дара тырбанып, ауа жайылып жүр. Сайқын ауылдық округінде құрылған «Хан» кооперативінің 2 мүшесі таяуда ғана 5,5 млн. теңге несие алды. Оларда да батылдық, іскерлік жетпей жатқандай.

Елбасымыз атап көрсеткендей, күллі әлем біздің көз алдымызда өзгеруде. Осы дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек.

Сүйінбек ХАЙРОЛЛИН,

аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.