23.05.2017, 13:14
Қараулар: 349
Жүлдемен оралды

Жүлдемен оралды

Атырау қаласында өткен балалар шығармашылығы халықаралық өнер фестивалінде Ұялы ауылындағы Ш.Жексенбаев атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Гауһар Сатыбалдиева вокал жанры бойынша «Hit the rood Ghak», «Алтын бесік» және «Айттым сәлем, Қаламқас» әндерін орындап, І орынды иеленді (суретте).

Үш жүзге тарта өнерпаз бақ сынаған байқауда Көкшетау, Алматы, Қызылорданың жеткіншектері де алдыңғы топтан  көрініпті. Бұл додада кәріс, орыс, украин балғындары қазақ тілінде ән айтып, көпті сүйсіндірген. Шынайы таланттар сараланар айтулы сынға  Мәскеуден келген өнер майталмандары  төрелік етіпті.

– Бала кезінен ән мен биге құштар Гауһар мектепте озат оқушы. Дайындығымыз жақсы болғанымен, мықты қарсыластарды көргенде қатты қобалжу, толқыныс болды.  Бірақ, алдыңғы лектен көрінеміз деген мақсаттан таймадық. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» дегендей, оқушымның қатарластарынан қара үзіп, жүлделі бірінші орын алғанына қатты қуаныштымын. Осы сапарға қолдау көрсеткен  шәкіртімнің ата-анасы Есенғазы мен Орынғанымға да ризашылығым шексіз,-дейді музыка пәнінің мұғалімі әрі жетекшісі Бәтес Әкімғалиева. Ал, өнерлі балғынның өзі нағыз дарындылар дараланар осы байқауда бағының жануын ұстазының еңбегі деп біледі.

– Жүлдең құтты болсын, Гауһар!-дейміз біз де.

 

Гүлнар ТАСБОЛАТҚЫЗЫ.