Сенімді құжат – сертификат

Ауданымыздағы жалпы білім беретін 18  мектепте, 4 бөбекжай, 3 мектеп-балабақшасы,  мектеп жанындағы 4 интернат, 1 колледж және «Арай» туристік-сауықтыру лагерінде балаларға арналған асхана жұмыс істейді. Асханаларда аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен келісілген екі апталық мәзір кестесі жасалады. Бүлдіршіндерге  кеспе, жарма, сары май, ет, сүт, көкөніс түрлері ұсынылады. Әйтсе де, кей мектептер мен демалыс лагерлерінде күнделікті берілетін тағам түрлері ережеге сәйкес емес. Азық-түліктердің анықтама құжаттарының  жеткіліксіздігі, асхана қызметкерлерінің жеке бас гигиенасы  сақталмағаны, медициналық байқаудан уақтылы және сапалы  өтпегендіктері жиі байқалып жүр.  Тамақтан улану фактісі ауданымызда орын алмағанымен, «Арай» сауықтыру лагерінде жоғарыда көрсетілген ережелерге салғырттық, Қ.Сағырбаев атындағы орта мектеп-балабақшасында және М.Мәметова атындағы орта мектеп жанындағы асханада тағам сапасын растайтын сертификат жеткіліксіз болса, асхана құрал-жабдықтарының жуылу тәртібі  мен қызметкерлердің жеке бас гигиенасының төмендігіне ескерту жасалды. Жаз  мезгілінің  жақындап қалуына орай,  ішек инфекциялары және тамақтан улану жағдайлары болуы әбден мүмкін. Сондықтан тазалық сақталынуы шарт.

Улануды болдырмау үшін тағамды дұрыс сақтау, тасымалдау және даярлау барысында жеке гигиена ережелері орындалуы, тамаққа пайдаланылатын азық-түліктің сапасын анықтайтын анықтама сертификаттары болуы керек. Тоңазытқышқа азық-түлікті сақтағанда микрорганизмдердің көбеюіне жақсы ықпал ететін сүт пен кондитер өнімдеріне ерекше көңіл бөлу сұралады. Тағамды сатып алар кезде оның сақталу мерзіміне, орамының бүтіндігіне, сыртқы түріне, сақтау және сату жағдайларына көңіл аудару шарт. Тамақтану гигиенасы мен  уланудың алдын алу  бұл ауруды болдырмаудың бірден бір жолы. Осы тақырыпта М.Мәметова, М-С.Бабажанов, Қ.Сағырбаев, Жәңгір хан атындағы мектептерде және «Ер Төстік», «Ақбота» бөбекжайларында семинарлар өтіп, оған  125-ке жуық  адам қатысты.

Ғалия БЕКЕТОВА,

 аудандық қоғамдық денсаулық сақтау

басқармасының жетекші маманы.