30.05.2017, 12:14
Қараулар: 367
«Өте құпия. Сталин жолдасқа!»

«Өте құпия. Сталин жолдасқа!»

Қуғын-сүргінді айтқанда, біз көбіне 1937-1938 жылдарды сөз етеміз. Қуғын-сүргін тек осы екі жылда ғана болды ма? Бұл жылдардағы қуғын-сүргін қазақ елінің, жалпы, КСРО-дағы саяси элитаны толықтай тазарту сүргіні болып есептеледі. Ал, нағыз қуғын-сүргін 1918 жылдан басталып, ел тәуелсіздігіне қол жеткенге дейін созылды.

1940 жылы большевиктер партиясының көсемі, Министрлер Кеңесінің төрағасы Сталин Берияны шақырып, мынадай тапсырма берген: «Өте құпия. Ешкімге тіс жарып, хабарлама бермейсің. 1919-1940 жылдар арасындағы қуғын-сүргінге қанша адам ұшырады? Олар қандай категорияға жатқызылды?» Міне, осыған Берия жауап жазып, тапсырған. Онда былай делініпті: «Өте құпия. Сталин жолдасқа! ОГПУ органдары 1919-1930 жылдар арасында 2,5 млн. «халық жауын», контрреволюционерлерді, бүлікшілерді әшкерелеп, ату жазасымен олардың көзін жойды. Ал, 1930-1940 жылдар арасында ОГПУ, НКВД органдары Ресей Федерациясы Қылмыстық істер кодексінің 58-бабына сәйкес, 1 млн. 300 мыңнан астам адамды айыптады. Соның ішінде контрреволюциялық жолға түскен бұрынғы партияның басшылары – 937 110 адам». Құжат Сталин өлгеннен кейін темір жәшігін ашқанда табылып, мұрағатқа өткізілген.

***

Сібірде айдауда болған қазақтар әңгіме арасында «гаранинщина» деген сөзді көп айтқан. Саяси қуғын-сүргін жылдары кейбір «бас ал десе, шаш алатындар» науқанды сылтау етіп, жазықсыз адамдарды негізсіз айыптаумен айналысқан, тіпті, айуандықпен азаптап өлтіру әдістері де қолданылған. Сондай негізсіз репрессиялардың бірі – «гараниншілдік». Ол – 1937-1938 жылдары Солтүстік-Шығыс еңбекпен түзеу лагеріне бастық болып келген полковник Степан Николаевич Гаранин қолданған саясат. Бұл жылдары Сібірде КСРО-ның түкпір-түкпірінен, әсіресе, Қазақстан мен Орталық Азиядан ең ауыр жаза арқалаған адамдар айдауда болды. «Гараниншілдік» деген термин Колыма түрмесіндегі озбырлық шектен шыққан кезде пайда болып, қолданысқа енді. Мұрағат деректеріне қарағанда, Гаранин сотталғандарға айуан ретінде қарап, оларды аштан қырған, аязға тоңдырған, ауруларды қиналтып өлтірген, ешқандай құжаттық негізсіз, жаппай атқан. 1938 жылдың қыркүйегінде Гараниннің қылмысы әшкереленіп, өзі «халық жауы» ретінде ұзақ жылға түрмеге қамалды, ақыры Печора абақтысында өлді.

***

Сталиндік репрессия жылдары Қазақстанға өзге ұлттардың жер аударылғаны белгілі. Елімізге сол кезеңде неміс халқының өкілдері қай жақтан келді?

Мұрағат деректеріне қарағанда, 1930-1953 жылдары КСРО-да ұлттық ерекшелік бойынша 6,4 миллионнан астам адам жер аударылған. Бұл кезеңге дейін шұрайлы жерлерінен айырылып, переселендерді қабылдаған қазақ еліне қуғын-сүргін заманында түрлі этникалық топтар тағы да тоғытылды. 1936 жылы Совнаркомның арнайы қаулысы бойынша Қазақстанға Украинаның шекаралық аймақтарынан 70 мың поляк пен неміс келді. Бұдан соң 1941 жылы соғыс басталғаннан кейін Еділ бойы немістері автономды республикасы таратылып, оның 606 мыңнан астам халқы түгелімен тағы да біздің жерімізге жіберілді. Отан соғысы кезінде КСРО-ның Еуропамен шекаралас өңірлерінен түрлі ұлттарды депортациялау одан әрі жалғасқан болатын.

***

Қытайдағы Іле-Қазақ ауданында қанша қазақ тұрады?

Іле аңғарының бойы ертеден қазақтардың қонысы болғаны белгілі. Бірақ, Цин империясы тұсында бұл аймақ Қытайға қарады. Осы жерде қалған аттөбеліндей қазаққа 1916 жылы орыс патшасының озбыр саясатынан, окоп қазуға мәжбүрлеу жұмыстарынан қашқан жүз мыңдаған қазақ барып қосылды. Ұжымдастыру мен бай-кулактарды тәркілеу кезінде Іле аңғарына тағы біршама қазақ ауылы қоныс аударған. 1930 жылдары жүз мыңдаған қазақтың ендігі бір толқыны, сондай-ақ, ұйғыр, татар, өзбек және басқа халықтар да осы жаққа қарай ауды. Олар «халық жауы» деген айып тағылғандар, дін ұстанғандар мен ашаршылықтан бас сауғалаған топ болатын. 1954 жылы қазақ халқының өңірдегі үлес салмағының артуына байланысты Қытай Халық Республикасында Іле-Қазақ автономиялық округі құрылды. Бүгінде бұл өлкеде төрт миллионға жуық халық тұрып жатыр, олардың 25,4 пайызы – қазақтар. Жалпы, Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданында 1 300 000-ға жуық қандасымыз өмір сүруде.

Ақпарат көздерінен әзірлеген Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ.