Жаратушының ризашылығы үшін…

Оразаның негізгі мақсаты – пенденің жүрегін тазарту, иманын кәмілдендіру. Таңнан кешке дейін аш жүрген адам пақырлардың жағдайын түсініп, олардың да қамын олайды. Міне, осындай тұрғыдан қарағанда ораза ұстау адамның бойындағы тәкаппарлық, тойымсыздық, шүкіршілік қылмау, бар нәрсеге қанағат етпеу сияқты ұнамсыз қасиеттерден айырады. Былайша айтқанда, ораза өз нәпсісін ұстай білуге тәрбиелеудің таптырмас жолы.

Саралжын ауылының тұрғыны Мұқсина Иманғалиева 1942 жылы 10 мамырда дүниеге келген. Ол 9 баланың анасы. 1999 жылдан бастап үзбей ораза ұстап келеді.

– Пенденің бес парызының бірі – ораза ұстап, нәпсіні тыю. Жаратушының ризашылығы үшін ауыз бекіттім.  Осы уақытта Рамазанның қасиетіне көз жеткізіп, бойыма тың күштің құйылғанын сезіне бастадым. Жалпы, бұл ай сабырлы мінез қалыптастырып, адамды төзімді болуға баулиды. Қоршаған ортада болып жатқан өзгерістерге жарқын көзқараспен қарап, қанағатшылдық пен тәубешілдікті негіз етеді. Сауапты істерге жол ашады. Ауыз бекітіп жүрген барша ауылдастарыма Рамазан айы мүбәрак болсын дегім келеді.

Бақытгүл Еркеналиева, Сайқын ауылының тұрғыны:

– Ораза ұстап, ауыз бекітіп жүргеніме үш жылдан аса уақыт болды. Жалпы, Рамазан – айлардың сұлтаны. Ал, оразаның түрлі аурулардың шипасы екеніне дау жоқ. Өн бойың жеңілдеп, ғажайып сезімді бастан кешесің. Осы айда тұтқан оразаларыңыз, берген пітір садақа, зекеттеріңіз қабыл болсын, ағайын!

Лиза Қабденғалиева, студент:

– Аллаһ Тағаланың разылығы үшін биыл бірінші жыл құрбым Гүлайым екеуміз ауыз бекіттік. Бұл адамзат баласына Жаратушының мейірiм-шапағаты төгілетін қасиетті ай, жасаған күнәлардан арылып, сауап жиюға берілген үлкен мүмкіндік. Ашығуға шыдауға болады екен, тек шөл қысқанда қиындау. Бірақ, ауыз бекітіп жүріп-ақ, түске дейін анама көмектесіп, ыссылық қайтқасын ауызашар уақыты болғанша көшеде серуендеп, жақсы ой жетегінде жүргендіктен болар, өзімді өте жеңіл сезінудемін.

Әділет ӘБДІРОВ.