Белділер белдесуі

Ауданымыздың құрметті азаматы, КСРО спорт шебері, ауыл шаруашылығы министрлігі жоғары оқу орындары студенттері арасындағы еркін күрестен ел біріншілігінің жеңімпазы, ҚР чемпионы Нұрлыбек Бірмановтың жүлдесі үшін қазақ күресінен ауданаралық ашық турнир ұйымдастырылды.

Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов палуандар мен олардың жанкүйерлеріне жүрекжарды тілегін жеткізіп, спортшыларға сәттілік тіледі. Осынау дүбірлі додаға Орал қаласы, Бөкей ордасы, Қазталов, Жәнібек, Ақжайық аудандарынан үміткерлер қатысқанын айта кетелік.

Сонымен, алғашқы кезекте өгіз палуандар (80 келіге дейін) белдесуінде суырылып алға шыққан оралдық Саят Сейітқали мен жерлесіміз Нұрбек Ғазезовтің арасындағы тартысты бәсекеде ұпай санымен ұтылып жатқан біздің палуан соңғы сәтте қарсыласынан айласын асырып, бірден таза жеңіске жетті. Сөйтіп, Нұрбек бірінші орынға көтерілсе, Саят екінші, ал, Б.Меңдешев (Бөкей орда) пен Ж.Меңдешев (Бөкей орда) жүлделі үшінші орынды өзара бөлісті. Шебер әдіс қолданып көзге түскен Жанайдар Меңдешевке Нұрлыбек Бірманов дайындаған арнайы сыйлық табысталды.

Бұдан кейінгі түйе палуандар (80 келіден жоғарылар) сайысында Ринат Абатұлы (Ақжайық) мен Ерназар Хамзин (Орал қаласы) күш сынасып, оралдық мықтының асығы алшысынан түссе, ақжайықтық жігіт екінші орынды місе тұтты. Үштікті Жанарбек Қауысов (Бөкей орда) пен Ниязбек Оңайәлиев (Жәнібек) еншіледі.

Кеш соңында Нұрлыбек Шайдоллаұлы жарысқа қатысушыларға алғыс айтып, жүлдегерлерді өзі марапаттады.

– Бүгінгі жарыстан қандай әсер алдыңыз? -деген сұрағымызға:

– Сынға түскен жастардың белдесуін тамашалай отырып, өзімнің бозкілемде атойлаған жастық шағым көз алдыма елестеді. Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған сайыс, әсіресе, Нұрбек баламның соңғы секундтардағы қимылы бір желпінтіп тастады. «Күш атасын танымайды» деген осы-ау?! Сағынып қауышқанда көрсеткен елімнің осынау ілтипатына да мың алғыс,-деді Нұрлыбек аға ағынан жарылып.

Иә, бұл бір ел есінде қалған елеулі күн болды.

Әділет ӘЗІЛХАНҰЛЫ.