Түзелуге бағыт түзеңіз

Аудандық пробация қызметінің есебіне негізінен бас бостандығын айырмау жазасы қолданылған сотталушылар алынатыны белгілі. Олардың арасында бостандығы шектелгендер де бар. Тіркеуге алғаннан кейін бұл жазаның заңдылығы (мамандандырылған мемлекеттік органға хабарламай тұрғылықты мекенжайын өзгертпеу, спирттік ішімдік ішілетін жерлерге бармау, жаза өтеу шарттарын, яғни, уақтылы тіркеуге келу, қоғамдық тәртіпті бұзбау, қылмыстың қайталануына жол бермеу) жіті түсіндіріліп, оның бостандықтағы қимыл-әрекеттері, мінез-құлқы жайында жақын-жанап, көрші-көлемнен сұрастырылатыны, пробация қызметімен оның азаматтық келбетіне сипаттама жүргізілетіні айтылады әрі түсінік жұмыстары жүргізілгендігі жайында қолхат та алынады. Егер де бұл талаптарды орындаудан бас тартып немесе  бұзған жағдайда біздің қызмет бас бостандығын айырумен байланысты емес жазаны оны айырумен ауыстыру туралы мәселе көтеріп, бұл ұсынысты сотқа жолдайды. Мұндай жағдайлар сирек ұшырасады. Әйтсе де, 2015 жылдың 11 тамызында аудандық сотпен 3 жыл 6 айға бас бостандығына шектеу қойылған Х.К. сол айдың 28-інен пробация қызметі есебіне тұрған-ды.  Біздің тарапымыздан тиісті шараларды жүргізу нәтижесінде сотталушының міндеттеріне атүсті қарап, қойылған талаптарды бірнеше мәрте бұзғаны анықталды. Осылайша, жоғарыда көрсетілген жәйттердің негізінде аудандық соттан ҚР ҚАК-нің 67-бабы 2-бөлімі, ҚР ҚАК-нің 68-бабы 2-бөліміне сай және ҚР ҚК-нің 44-бабы 3-бөлімін басшылыққа алып, сотталған Х.К.-ның жазасын бас бостандығын айыру жазасына ауыстыруды сұраған болатынбыз. Бұл ұсынысымыз қанағаттандырылып, жазаның өтелмеген мерзiмi бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаға ауыстырылды.

Бес саусақ бірдей емес дегендей, қарамағымыздағылардың арасында бір рет шалыс басып, содан сабақ алып, түзелу жолына түскендер де бар. А.Р. және Қ.А. аудандық сот төрайымына өздері қолдау хаттарын жазып, ҚР ҚК-нің 72-бабының 3-бөлігі 2-тармағына сәйкес шартты түрдегі жазадан мерзімінен бұрын босатуды сұраған. ҚР ҚК-нің 72-бабының 1-бөлігі 1-тармағында сот үкімі бойынша тағайындалған жаза мерзімінің заңмен көзделген бөлігін өтеген және оны толық өтеуді қажет етпейтін сотталғандарға соттың шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдану мүмкіндігі көрсетілген. Олай болса, айналасындағылардың жағымды пікіріне ие болып, түзелуге бет алған азаматтарымыздың ісі оңынан болсын дейміз.

Мақпал БЕКҚАЛИЕВА,

аудандық пробация қызметі инспекторы,

әділет капитаны.