20.06.2017, 10:50
Қараулар: 463

Мәншүк әні

Алдымен, ол ән шырқады. «Ұша-а-ды қа-ра тор-ға-ай қа-нат қа-ғып»… Жабығып тұрған жасыл орманға жан кіргендей болды. Орманның бар өсімдігі елең етіп, жапырақтар жабыла алақан соғып жіберген сияқтанды. Жол жиегін жағалай өскен қызыл гүлдер жымиып, әскери киімді әнші қызға тәжім еткен тәрізденді. Орман ғана емес, өзіміздің де кезерген ернімізге күлкі жүгірді. Әлдене жүректі шымшып, қос көзге бір ыстық леп ұрғанға ұқсады. Өйткені, бізге қызғалдағы жайқалған кең дала елестеді. Қанаттары жалп-жұлп етіп, қаннен-қаперсіз қара торғайлар ұшып келе жатты. Қара торғайлардың ар жағынан туған ауылдың түтіні будақтап, бізді өзіне шақырып тұрған іспеттенді.

… Бұл 1943 жылдың 5 майы еді. Алматыда жасақталып, майданға келген жүзінші бригада Великие Луки мен Невель деген екі қаланың аралығында тұрған. Фашистермен бірнеше рет шайқаста болған бригада бұл жерге таяуда ғана келіп, тынығуға тоқтаған. 5 май – Баспасөз күні. Штаб тұрған Щадинино деревнясына әр бөлімнен әскери тілшілер мен үгітшілер жиналдық. Майдан шебінде Баспасөз күнін атап өттік. Содан соң бізге үгітшілердің жаңа жағдайға байланысты міндеттері туралы түсінік берілді.

Кешке таман топ-топ болып, өз бөлімдерімізге қарай қайттық. Біздің топта Мәншүк келе жатты. Мәншүк бұл кезде жалынды үгітші ғана емес, мерген пулеметші де боп алған. Бәріміз оны сүйсіне құрметтейтінбіз. Біз Мәншүктен өз өмірінен әңгіме айтуын өтіндік.

– Жоқ, мен алдымен, сендерге қазақша ән айтып берейін,-деді ол.

Біз оны қоршап тұра қалдық. Мәншүк арқасында келе жатқан автоматын сырғытып алдына шығарды. Домбыра тартқан сияқтанып, ствол темірін нәзік саусақтарымен басып-басып қойды. Содан соң оң қолымен автоматтың ағаш дүмін қағып-қағып жіберді. Мәншүктің атақты әншілердің әдетін еске алған бұл ерке қылығына бәріміз мәз бола күлдік. Ол өзінің нәзік, сонымен қатар асқақ әуенімен «Қара торғайды» шалқыта шырқай жөнелгенде сілтідей тынып, тұра қалдық. Бұл біздің соғысқа келгелі қазақ қызының аузынан естіген тұңғыш әніміз еді. Оның үстіне жасынан әнді сүйіп өскен Мәншүк мектепте, рабфакта оқығанда үнемі хор үйірмесін басқарыпты. Оның әншілігіне біздің қазақ әнін сағынғанымыз қосылып, орман ішінде шырқалған «Қара торғай» ұмытылмастай болып құлағымызда қалды.

Ән біткеннен кейін біразға дейін үнсіз аяңдап келе жаттық. Күн батуға винтовка бойындай ғана қалыпты. Сол жағымызда өзен күркірейді. Оң жағымыз сыңсыған орман. Анда-санда киіз үйдің орнындай болып, бомба шұңқыры кездеседі. Снаряд жамсатып, арыстай боп сұлап жатқан ағаштар көрінеді. Бір жас қайың жол үстіне көлденең құлапты. Кешкі самал сипаған жапырақтары діріл қағып тұр. Ол жау оғы жас солдаттың жан тапсырар шағын көзге елестеткендей болады. Осының бәрі айналада соғыс бар екенін еріксіз еске түсіреді.

Біреу одан: «Мәншүк, сен неге пулеметші болдың?»-деп сұрады. Соғыста мұндай сұрақ қою мүлде орынсыз еді. Ару қыз күлді де, оған орынды жауап берді.

– Мен жасымда әжемнің көп ертегісін тыңдадым,-деді ол. – Соның бірі мынадай еді.

Мәншүк қабағын шытыңқырап, сәл ойланғандай болды. Содан соң сөзін жалғады.

– Бір ауылдың адамдарын жеп құртуға келген аждаһаны жас батыр былай жеңіпті. Екі басының да сабы бар алмас қылыш соқтырыпты. Ал, қылышты алдына көлденең ұстап, ол аждаһа жатқан жерге барады. Аждаһа адамды көре сала аузын арандай ашып, лебімен ішіне тартып алады екен. Жас батырды да сөйтпек болып, дедектетіп өзіне қарай тарта кеп жөнеледі. Сөйтіп, аждаһа ұзыннан ұзақ қақ бөлініп түседі…

Мәншүк жаңағы өзіне сұрақ қойған жауынгерге күлімдей қарады.

– Сол аждаһа мына фашистер,-деді ол майдан шебін саусағымен нұсқап. Оны жеңу үшін менің жаңағы жас батырдың қылышындай өз қаруым болуы керек. Мен сол үшін пулеметші болдым…

Қып-қызыл күн дөңгелеп барып, алыстағы орманның төбесіне тірелді. Біз Мәншүк батальоны тұрған жерге жақындадық. Ол енді өзінің Алатауды, Алматыны жанындай сүйетінін айтты. Соғысқа дейінгі арманы Москваны бір көру болғанын баяндады. Алматыны, әпкетайымды, мамамды сағындым!-деп сөзін аяқтады.

Біз ажырасар алдында Мәншүктен тағы бір ән айтып беруін өтіндік.

– Айтсам айтайын,-деді ол. – Бұл жер менің пулеметімнің үнін ғана емес, айтқан әнімді де естісін.

Тағы да жүректі дір еткізген ән басталды. Оның қайырмасын бәріміз Мәншүкпен қосыла шырқадық:

Асқақтаған Алатау,

Бауырың толған бақша-бау.

Май айында майысып,

Иісің жұпар аңқиды-ау…

Мәншүкті батальонына әкеп сап, біз өз бөлімдерімізге қарай кеттік. Қараңғы түнде, қалың орманның ішінде келе жатып, мен Мәншүк шырқаған әндерді қайта-қайта ыңылдап айтумен болдым.

Бұл менің Мәншүкпен екінші рет кездесуім еді…

Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ.

22 маусым – Ұлы Отан соғысының басталған күні

Басқа да мақалалар