20.06.2017, 11:05
Қараулар: 357
Ауыл әлденіп келеді

Ауыл әлденіп келеді

Елбасының әр Жолдауы жарыққа шыққан сайын Абай атамыздың «Заман өзгерді, сен де өзгер» деген даналық өсиеті ойға оралады. Кемеңгер Абай меңзеген өзгерістер уақыт өте келе арнасы кеңейіп, күрделеніп, бүгінгі тәуелсіз заманымызда да өзінің өктем талабын алдымызға таратуда. Елбасы өзінің биылғы Жолдауында біздерді жаhандық бәсекеге қабілеттілікке шақырумен қатар, әдеттегідей оған жетудің жолы мен шарттарын да жан-жақты баяндап, көрсетіп берді.

Жаhандық бәсекеге ел экономикасының деңгейімен ғана емес, сол елдің азаматтарының білімі мен білігі арқасында, яғни, адами капитал деңгейімен түседі. «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген данышпан халқымыздың нақылы қазір әлемдік дәрежеде көрініп тұр. Бүгінгі таңда әлем елдері инновацияны, оның тәсілдерін бәсекеге қабілеттіліктің құралы санайды. Инновация – өмірге келген әрбір жаңалықтың шаруашылықта тиімді қолданылып, пайдаға асуы. Ал, оны іске асыратын адам, яғни, кез келген маманның жаңалықты игеруге құлшынысы болуы керек.

Елбасы ұсынған маңызды мәселенің бірі – заман талабына сай мемлекет құру, мемлекеттік басқаруды жетілдіріп, саяси экономикалық, әлеуметтік жүйелердің қалыпты жұмысын қамтамасыз ету. Осылайша, жедел ілгері басып, қатардан қалмау. Бұл біз өмір сүріп отырған дәуірдің өктем талабы. Осы мақсатпен Нұрсұлтан Әбішұлы биліктің үш тармағының жұмысын демократияландыру бағытында оңды ұсыныстар жасады. Президент құзырында болған кейбір мәселелерді Парламент пен Үкімет құзырына беруді қозғады. Ол соңғы екі тармақтың халық алдындағы жауапкершілігін арттырары сөзсіз.

Саралжын ауылдық округінде де шағын, орта бизнесті дамытуға барынша қолдау көрсетілуде. Биыл 7 адам мал санын өсіріп, бордақылау ісімен айналысу үшін ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік бөлімдер және кәсіпкерлер палатасы қолдауымен шағын несие алып, жұмыстарын бастауда. Кәсіпкер Есбол Хамитов 200 орындық мал бордақылау орны мен мал сою кешенін салуды, он гектар жерге көкөніс егуді жоспарлауда. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен  келісе отырып, дәнекерлеуші, слесарь, газ операторы мамандықтарына 11 адамды оқытып жатырмыз.

Айта кетелік, Саралжан – аудан, облыс орталықтарынан шалғай орналасқандықтан бір кезде болашағы жоқ ауылдар қатарына жатқызылған-ды. Тек тұрғындардың еңбекқорлығы, ынтымақ-бірлігі ол болжамның жаңсақтығын дәлелдеді. Осы ретте Ақмектептен жеткізілген ауыз су құбырының да елеулі үлес қосқанын жоққа шығаруға болмайды. Бұл күнде округте мың екі жүздей адам тұрады. Олардың дені  экономикалық белсенді жандар болса, төрт жүзден астамы мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар, 115-і зейнеткер. Есепте тұрған 41 мүгедектің 16-сы бала кезден кемтар. Сондай-ақ, жеті тыл ардагері, бір ауған соғысы ардагері, бір Семей полигонынан зардап шеккен адам бар. Аналарымыздың 15-і Алтын,15-і Күміс алқа иегерлері.

Мал басы да жыл санап өсіп келеді. Ірі қара төрт мың жарымға, қой-ешкі он мың жарымға жуықтап, жылқы екі мыңнан асты. Мал дәрігерлік жұмыстар да уақтылы жүргізілуде. Малдарды бірдейлендіру, оның электрондық базасын жасақтау жүйелі атқарылуда. Әрине, ауылдағылардың негізгі күн көрісі – мал. Дегенмен, жеке кәсібін ашып, саудамен айналысушылар да бар. Тойхана, шаштараз, фотосалон, дөңгелек жамау цехы да тұрақты жұмыс істеп тұр. Өткен жылы «Өрлеу» жобасы бойынша бір адам 184 мың теңге көлеміндегі несиеге 9 тоқты, 3 ешкі және қажетті азығын сатып алып, малын қыстан аман алып шықты. Қазіргі таңда аудандық жұмыспен қамту орталығында жұмыс іздеуші ретінде есепте тұрған 77 саралжындықтың да біртіндеп осы жолды таңдауы мүмкін. Ауылдық тұтыну кооперативтерін құру жөнінде де үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көпшілік тарапынан қолдау болса, не нәрсенің де жүзеге асары хақ.

Нүркен САБЫРОВ,

Саралжын ауылдық округі әкімі.