28.06.2017, 15:18
Қараулар: 424
Төл мерекелер тойланды

Төл мерекелер тойланды

 

 

Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілер күні мен Қазақстан полициясының 25 жылдығына орай аудандық мәдениет үйінде оздырылған салтанатты жиын Мемлекеттік Әнұранмен басталды.

Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов барша әріптестерін және ширек ғасыр бойы еліміздегі қоғамдық тәртіптің күзетінде жүрген полицейлерді кәсіби мерекелерімен құттықтады. Әрі ол Мемлекет басшысының өзі еліміз үшін жасап жатқан өлшеусіз еңбегімен жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп отырғандығын тілге тиек етіп, мемлекеттік қызметшінің басты міндеті – туған жері мен Отанына адал қызмет жасап,  ел сенімінен шыға білу және одан артық мәртебе, одан асқан жетістік жоқ екенін баса айтты. Өз кезегінде аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полковник Абай Алдабергенов бұл саланың егемен еліміздегі ғана емес, өлкемізге қатысты тарихын баяндап, оны басқарған азаматтардың есімдерін атап, күнделікті қызметі қауіп-қатермен қатар жүретін полицейлердің тынымсыз еңбектеріне тоқталды.

Салтанатты шара барысында аудан әкімі Н.Рахымжанов пен ішкі істер саласының ардагері, доғарыстағы полковник И.Бекқалиев Қазақстан полициясы 25 жылдық мерейтойына арналған төсбелгіге ие болса,  аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ә.Айтқалиев пен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Е.Сержанов облыс әкімі А.Көлгіновтің, Саралжын ауылдық округінің әкімі Н.Сабыров, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Әжіғалиев, аудан әкімі аппаратының бас маманы Д.Ғабдоллина мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департамент басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Б.Ысқақовтың Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясының жас мүшелеріне партиялық билеттер табысталып, мемлекеттік және ішкі істер органдарының бірқатар қызметкерлеріне, сала ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Осы ретте мемлекеттік қызмет имиджін көтеруге бағытталған облыстық спартакиадаға қатысқан кейбір жерлестеріміздің жетістіктері де айтылды.

Мінбеге көтерілген ұйым, мекеме басшылары да мемлекеттік биліктің қалыптасуындағы ең ауқымды екі сала қызметкерлерін құттықтап, өз мамандығының нағыз майталмандары бола берулеріне тілектестік білдірді. Осылайша, салтанатты жиын төл мейрам иелері мен аудандық демалыс орталығы көркемөнерпаздарының бірлескен мерекелік концертіне ұласты.

Раушан БАҚЫТОВА.

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар